Accessibility links

Нобель сыйлығы иегерлері Трамптан Беларусьтегі саяси тұтқындарды босатып алуға жәрдем сұрады


Беларусь түрмесіндегі саяси тұтқындарды қолдау акциясы. Светлана Тихановская (оң жақта) жұбайы Сергей Тихановскийдің портретін ұстап тұр.
Беларусь түрмесіндегі саяси тұтқындарды қолдау акциясы. Светлана Тихановская (оң жақта) жұбайы Сергей Тихановскийдің портретін ұстап тұр.

Нобель сыйлығы иегерлерінің бір тобы АҚШ президенті Дональд Трампқа және басқа да әлемдік лидерлерге Беларусьтегі барлық саяси тұтқынды түрмеден дереу босатуға жәрдем сұрап, үндеу жасады.

Үндеуде қазіргі уақытта Беларусь түрмесінде 1400-ден астам саяси тұтқын отырғаны, арасында президенттікке кандидаттар, мұғалімдер, дәрігерлер, жұмысшылар, сонымен бірге бейбітшілік саласында Нобель сыйлығын алған Алесь Беляцкий бар екені айтылған. Тұтқындардың кейбірі ауыр науқас және қарт адамдар, олар адам төзгісіз жағдайда қамауда отыр деген үндеу авторлары. Бірнеше саяси тұтқын түрмеде қаза болған.

Тұтқындарды босатуды және қуғын-сүргінді тоқтатуды талап еткен үндеу Беларусь билігіне жолданған. Трамп пен Еуропа Одағы лидерлеріне Беларусь түрмесіндегі тұтқындарды босатып алу үшін жедел әрі тиімді шаралар қабылдауды сұраған, ал қоғам қайраткерлері мен барлық "ар-ождан иелеріне" осы науқанды қолдауды өтінген үндеу жіберілген.

Үндеуге бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының иегерлері Александра Матвийчук пен Дмитрий Муратов, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының иегерлері Светлана Алексиевич пен Герта Мюллер, физика, химия, медицина және экономика салалары бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары – барлығы 30 адам қол қойған.

Бұл – Батыс елдерінің және халықаралық қауымдастықтың жетекшілеріне жасалған алғашқы үндеу емес. Алайда, биыл бұл үндеу Трамп әкімшілігі Беларусь билігімен саяси тұтқындарды босату мәселесі бойынша келіссөз жүргізіп жатыр деген хабар тарап жатқан шақта жарияланды. The New York Times басылымы Вашингтонмен келіссөздер нәтижесінде, Минск өзіне салынған санкциялар режимін жеңілдету шартымен түрмедегі барлық саяси тұтқынды босатуға келісуі мүмкін деп жазған. Бұған дейін Беларуське көптен бері алғаш рет АҚШ мемлекеттік департаментінің жоғары лауазымды өкілі барған деген хабар болған. Жақында Беларусь билігі үш саяси тұтқынды (арасында Азаттықтың Беларусь қызметінің журналисті Андрей Кузнечик те бар) түрмеден босатқан.

Беларусь түрмесінде отырған саяси тұтқындар арасында Азаттықтың Беларусь қызметінің бұрынғы журналисі Игорь Карней де бар. Ол түрмеге түскеннен бері 15 келі арықтаған деп жазды сейсенбі күні "Настоящее Время" басылымы. Азаттықтың Беларусь қызметінің тағы бір журналисі Игорь Лосик те түрмеде отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG