Accessibility links

Ирак түрмесіндегі қазақстандық алты әйелдің өкініші мен үміті


Ирак түрмесіндегі қазақстандық алты әйелдің тағдыры
please wait

No media source currently available

0:00 0:14:53 0:00

Ирак түрмесіндегі қазақстандық алты әйелдің тағдыры

Ирак астанасы Бағдаттағы "Русафа" түрмесінде қазақстандық алты әйел 2017 жылдан бері қамауда отыр. Олардың сөзінше, не тергеу болмаған, не үшін сотталғандарын да білмейді. Білместікпен адасқанын айтып, өткен ісіне өкінген жас әйелдер Қазақстан билігінен көмек күтеді.

Роза Мансұрова, Эльмира Омарова, Елена Бердникович, Зарина Кариева, Наталья Кальюша мен Захра Қаһарманова бұл түрмеге 2017 жылы түкен. Азаттық олармен онлайн сөйлескен. Бір-бірімен осы түрмеде танысқанынын айтқан олар жас кезімізде білместікпен адасып келдік десті.

"РЕСЕЙГЕ ЖҰМЫСҚА БАРАМЫЗ" ДЕП КЕТКЕН

43 жастағы Роза Мансұрова – Батыс Қазақстан облысының тумасы. Күйеуі Дархан Мансұровпен сол жақта көңіл жарастырған. Кейін күйеуімен бірге Ресейге жұмысқа барамыз деп кетіп, ақырында Сириядан бір-ақ шыққан.

Қызы жайлы айтқанда көз жасын тоқтата алмаған анасы Мәрзия Медетова Розаны ашық, ақкөңіл деп сипаттайды, "көрші ауылда тұрғанда балаларын ертіп үйге жиі келетін" дейді.

– Ерте тұрмыс құрды. Сирияға кететіндерін айтқан жоқ. 2004 жылы үш ұлын алып, отбасымен "Ресейге жұмысқа барамыз" деп кеткен. Екі жұмадан соң хабарласып, Түркияда екенін айтты. Тағы бір қоңырау шалғанда Сириядамыз деген. Кейін Ирак түрмесінен хабарласты. Ары-бері сүйреп жүргенде үлкен баласы аяғы ауырып, сол жақта қайтыс болды. Төртінші баласын – қызын сол жақта дүниеге әкелді. Балалар онымен бірге екі жарым жыл түрмеде болды, – деді Мәрзия Медетова.

Розаның үш баласын Қазақстан үкіметі "Русафа" операциясымен елге әкелген, қазір оларды нағашы әжелері бағып отыр.

2019 жылғы 27 қарашада қазақстандық дипломаттар "Русафа" операциясын ұйымдастырып, соның аясында Иракта өмір бойына түрме жазасына кесілген қазақстандық әйелдердің 14 баласы елге жеткізілген. Балалар аналарының елдегі туыстарының тәрбиесіне берілген.

Қазақстан басшылығы бұдан бұрын да "Жусан" операциясын ұйымдастырып, Ирак пен Сириядағы қазақстандық әйелдер мен балаларды елге қайтарған. БҰҰ-ның мәліметі бойынша, екі гуманитарлық операция барысында ұрыс аймағынан 725 адам қайтарылған, соның ішінде 188 әйел және 522 бала бар. Балалардың көбі 12 жасқа толмаған.

Қазақстан үкіметі "Жусан" операциясы аясында Сириядан елге жеткізген әйел мен балалары. 2019 жылғы видеодан скриншот.
Қазақстан үкіметі "Жусан" операциясы аясында Сириядан елге жеткізген әйел мен балалары. 2019 жылғы видеодан скриншот.

"Қазақстан – Сирия мен Ирактан әйелдер мен балаларды қайтарған санаулы елдің бір. Репатриациядан бөлек, Қазақстан үкіметі халықаралық ұйымдармен бірлесіп, балалар мен олардың отбасыларын сауықтыру және қайта интеграциялау бойынша үлкен жұмыс жүріп жатқанына қуаныштымыз. Қазақстан тәжірибесі аймақтың басқа елдері үшін өте құнды болады деп ойлаймын", – деген ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен.

– Балалардың денсаулығы өте нашар. Үлкені 18-ге толды. Артрит, артрозбен ауырады. Түрмеде шешесімен бәрі бір матраста ұйықтаған. Кетчуп, майонез деген дәмдеуіштерді өмірі көрмеген. Балалардың әкесі ұсталып, атылғанын ҰҚК бізге видеодан көрсеткен. Бірақ балаларға жәрдемақы алуға көмек болсын деп "қайтыс болғанын растайтын" құжат сұрағанмын. Бермеді. Ол халықаралық іздеудегілер тізімінде тұр, – деді Мәрзия Медетова.

Қызы Ирак түрмесінде отырған Мәрзия Медетова (оң жақта), адвокат Жамбыл Жолгелдиев (ортада) және "Еркіндік ауасы" қоғамдық қорының жетекшісі Жанна Өмірова баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Астана, 31 қаңтар, 2025 жыл.
Қызы Ирак түрмесінде отырған Мәрзия Медетова (оң жақта), адвокат Жамбыл Жолгелдиев (ортада) және "Еркіндік ауасы" қоғамдық қорының жетекшісі Жанна Өмірова баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Астана, 31 қаңтар, 2025 жыл.

Мәрзия Медетова айтқан Розаның күйеуі Дархан Мансұровтың тұтқынға түскен сәттегі бейнесі бар YouTube-тегі видео осы материал дайындалып жатқанда ашылмай қалды. Бірақ Азаттық оның қамаудағы бір топ тұтқынмен келе жатқан сәтінен скриншот жасап үлгерді.

Роза Мансұрова күйеуімен бірге қамауға алынып, кейін одан көз жазып қалғанын айтады.

– Істе біз "шайқас алаңында ұсталды" деп жазылған. Бірақ олай емес! Ешкім бізді қолға түсірген жоқ, өзіміз ақ ту көтеріп шықтық. Сол кезде жолдың бәрі жабылып, бір дәліз жасаған еді. Бірақ ол жерден өту мүмкін емес – тікұшақ барлық жолды атқылап тұрды. Жолда мен сөмкемді жоғалтып алдым, ішінде құжаттарым бар-тұғын. Тікұшақтың бораған оғынан Алланың қалауымен аман шықтық, – деді ол.

Роза Мансұрованың айтып отырғаны 2017 жылы Қазақстанда "экстремистік" деп танылып, жұмысына тыйым салынған "Ислам мемлекеті" (ДАИШ) тобында болған содырлардың Иракқа шабуылы күшейіп тұрған тұстағы жағдай. Кейін Иракта үкімет күштерінің қолдауымен шиит қарулы жасағы экстремистерді тықсырғанда оның құрамындағы кейбіреулер өз еркімен берілмек болған.

Ирактың ДАИШ-қа қарсы үш жарым жылдық соғысы жеңіспен аяқталған соң Бағдат билігі экстремистік топтың мүшелерін аямады. Кейбірін өлім жазасына кесіп, енді бірін тұтқын лагеріне жіберіп, тағы бірін өмір бойына түрмеге қамады. Ол топқа мүше болған қанша адамның жазаланғаны беймәлім.

ТАҒДЫРЫ ТАЛҚАН БОЛДЫ

Азаттықпен кезек-кезек сөйлескен әйелдердің тағдыры ортақ, әңгімелері де ұқсас. Күйеуінің етегінен ұстап, артынан ергенде бәрі 17-19 жастағы қыздар болған. Соның бірі 34 жастағы Захра Қаһарманова. Шымкент облысының тұрғыны. Ұлты – әзербайжан. Ол тіпті күйеуінің қайда екенін де білмейді.

"Русафа" түрмесінде отырған әйелдер. Ирак, Бағдат, 2023 жылғы сәуірдегі фото.
"Русафа" түрмесінде отырған әйелдер. Ирак, Бағдат, 2023 жылғы сәуірдегі фото.

– Оның Сирияда бір ағасы тұратын. Мені Түркияға әкелген соң соған баратынымызды айтты. Бірақ кері ораламыз деген. Қолымда кішкентай қызым болды. Жағдайды көзіммен көргенде елге қайтқым келді. Бірақ қызымды алып шыға алмадым. Өйткені оны маған бермейтін еді. Ал мен қарсылық таныта алмадым, оған құқым да болмады. Мен жай ғана бала туып отырған әйел болдым. Мен ешқандай террорист емеспін. Елге қайтқым келеді, – деді ол Азаттыққа берген сұхбатында.

35 жастағы Елена Бердникович күйеуімен интернет арқылы танысқан. Бірден ғашық болып, тұрмысқа шыққан. Соның шақыруымен Түркияға барып, кейін Сириядан бір-ақ шыққан.

– Ол таңертең кетіп, кешке келетін, кейде іссапарға кететін. Не істеп жүргенін сұрауға тырыстым, бірақ ол: "Ол сенің шаруаң емес, сұрама" деп, үйден шығуға да рұқсат бермейтін, – деді Елена.

Оның 6 және 8 жастағы екі баласы бар. Әңгіме барысында қайта-қайта "қатты өкінемін, балаларым елде, бізді де алып кетеді деп қатты үміттенемін" дей берді.

Ол да елге депортация болады деп үміттеніп, құқық қорғау органдарына өзіміз берілдік дейді. Оларды әртүрлі жерлерде ұстап, соңында Бағдатқа алып келген. Ол жерде түсініксіз бір ғимаратта жатқан, өздері оны түрме деп ойламаған.

– Біз ісіміз туралы сұрадық. Бізге "бұл мәселе талқыланбайды, тек сотта ғана қаралады", – деді Елена Бердникович.

Еленаның айтуынша, өзі 20 жылға бас еркіндігінен айырылғанын қасындағылардан білген. Сот аудармашысыз өткендіктен не онда айтылғанын түсінбеген.

– Соттың бәрі арабша өтті. Не болғанын қасымыздағы отырған қыздардан сұрап білдік. Олар "сендерге "Мұаббат" берілді, яғни өмір бойына бостандықтан айырылдыңдар" деді. Ирак заңына сай "өмір бойы" сотталу – 20 жыл екен. Бұдан басқа біз ештеңе білмейміз, – деді Елена.

Кейін ол сұрастыра келе Ирак Қылмыстық кодексінің "терроризм" бабымен сотталғанын естіпті. Бірақ нақты ештеңе білмейді.

35 жастағы Зарина Кариеваның бес баласы бар. Ол бесінші қызын осы "Русафа" түрмесінде туған.

– Өмірім осылай болатынын білгенде мұндай қадамға бармас едім. Мұнда жағдайымыз өте ауыр. Бізді әкелгенде түрмеде оба тарап жатты. Көп әйел мен бала өлді. Қазір туберкулезбен ауырамын. Мұнда тамақ жетпейді, барының өзі өте нашар. Бір бөлмеде 50-56 әйелден жатамыз. Қазақстанға оралып, бәрін қайтадан бастағым келеді. Балаларымның қасында болып, денсаулығымды түзегім келеді. Террорист емес екенімізді қалай түсіндіреміз? – дейді ол.

Оның балаларын 2019 жылы елге жеткізгенде анасы баспанасы болмай, өз қолына ала алмаған. Содан соң оларды Қырғызстанға, күйеуінің туыстарына апарған.

Қызыл жарты ай ұйымының қызметкері Ирактан Қырғызстанға жеткізілген баланы көтеріп тұр.
Қызыл жарты ай ұйымының қызметкері Ирактан Қырғызстанға жеткізілген баланы көтеріп тұр.

Бағдат түрмесіндегілер Азаттық тілшісімен қорқа-қорқа сөйлесті. Қарауылдар кіріп қала ма деп жалтақтап отырды. Оның үстіне байланыс та нашар болып, айтқан сөздерінің көбі естілмеді.

35 жастағы Алматы облысының тұрғыны Эльмира Омарованың сөзінен түсінгеніміз – жағдайы өте нашар. Ол сол жақтағы күйзелістен және ұлының қазасынан кейін көп нәрсені ұмытып қалған.

– Жалғыз анам бар еді, қайтыс болды. Бір қызымды Қазақстанға әкеткен, туысым қарап отыр. Оған рақмет, жақсы қарайды. Күйеуім туралы мүлде хабарсызбын. Қызыма барғым келеді. Өте қатты өкінемін. Бізді кешіре ме? – деп сұрады ол.

Түрмедегі қазақстандық әйелдер жағдайымыз ауыр деп шағынды.

"Дәрі-дәрмек жетпейді. Дәрігер келсе, қай жеріміз ауырса да парацетамол бере береді. Қазақстан елшілігі өкілдерін 2019 жылы балаларымызды алып кетуге келгенде көрдік. Сол кезде көмек берілген. Өзімізді сотта қорғай алмағанымызды, ісімізді қайта қарауға көмектесуді сұраған өтінішімізге әлі күнге жауап жоқ", – деді олар.

2023 жылы сәуірде қазақстандық және шетелдік ақпарат құралдары "Русафа" түрмесіндегі шетелдік әйелдер антисанитарлық жағдайда қамауда отырғанына шағым айтып, еліне қайтаруды талап етіп аштық жариялағанын хабарлаған. Кей ақпарат құралдары аштық жариялағандар саны 400 адам деген дерек келтірген. Аштық жариялағандар арасында Өзбекстанның 44 азаматы бар екені, жалпы 8 елдің азаматтары наразылық білдіріп жатқаны айтылған. Арасында қазақстандықтар да болған. Бұдан Қазақстанның сыртқы істер министрлігі де хабардар.

"Біздегі бар ақпарат бойынша, Ирак билігі биыл қылмыс жасағандардың барлық категориясы бойынша амнистия жариялау туралы заң қабылдамақ <...> Наразылық білдірушілер әділетсіз үкімге, терроризммен айналысты деп негізсіз айып таққанына және түрмедегі ахуалдың нашарлығына шағынған. Иорданиядағы елшілігіміздің бастамасы бойынша, 26 сәуірде "Русафа" түрмесінің судьясымен келіссөз өтті. Азаматтардың құқықтарын сақтау бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. Біз бұл жағдайды бақылап отырмыз", – деді Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

БОСТАНДЫҚ ҮШІН КҮРЕС

Ирак түрмесіндегі әйелдер құқығын "Еркіндік ауасы" қоғамдық қорының жетекшісі Жанна Өмірова қорғап жүр. Өзі де 2017 жылы "терроризмді насихаттады", "діни алауыздық тудырды" деген айыппен бес жылға сотталып, кейін шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан Өмірова бірден түрмедегілер құқығын қорғауға бел шеше кіріскен. Ол тіпті заңгер мамандығына оқуға да түскен.

Алайда Жанна Өмірованың сөзінше, "Русафадағы" әйелдердің құқығын қорғау үшін Қазақстан билігінен дипломатиялық сенімхат алуы керек. Сондай сенімхат алып беруді сұрап Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің табалдырығын тоздырдым дейді ол.

"Еркіндік ауасы" қоғамдық қорының жетекшісі Жанна Өмірова
"Еркіндік ауасы" қоғамдық қорының жетекшісі Жанна Өмірова

– Қазір Ирак адвокаттарымен байланыстамын. Олар маған сол жаққа ресми құжаттармен баруым керегін айтады. Яғни, консул маған берген консулдық сенімхат қажет, – дейді белсенді.

Ол қазақстандық әйелдердің айтқанын растады. Өмірованың сөзінше, 8 жылдан бері түрмеде отырған әйелдердің азаматтық құқықтары сақталмаған, әділ сот жүрмеген.

– 2017 жылы оларға дұрыс сот болмады, тергеу жүргізілмеді. Тек үкімді оқып, қолына ешқандай құжат бермеген. Өмір бойы бостандығынан айыру жазасын не үшін кескенін ешкім анықтап тексерген жоқ. Бұл әйелдер ол жақта ешкіммен соғысқан жоқ. Олар да құрбан, сол жағдайдың құрбаны. Олар тек күйеуінің артынан ілесті. Еріне бағыну барлық қазақ әйелдеріне тән. Бұл тек исламда ғана емес, жалпы біздің менталитетіміз осындай. Қазір біз ештеңе істей алмай отырмыз. Осынша уақыттан бері ресми құжаттарды ресімдеуге тырысып жатырмыз, бірақ нәтиже жоқ. Ирак әділет органдарына олардың қылмыстық істерін қайта қарау туралы өтініш беру үшін ресми құжаттармен шығуымыз керек, – деді Жанна Өмірова.

"Еркіндік ауасы" қоры Ирак абақтысындағы әйелдерді ғана емес, олардың балаларын да назарда ұстайды. "Русафадан" елге әкелінген балалар үкімет қамқорлығынан да қағылды дейді Өмірова. Сирия мен Иракта өлген әкелерінің қазасы туралы құжат жоқтығынан балалар жәрдемақы да ала алмай жүрген көрінеді.

Қор Сириядан қашқандар паналаған "Әл-хол" және "Әл-рож" босқын лагерлерінде жылдап тұрып жатқан тұтқындағы балаларға да көмектеседі.

"РУСАФАДАҒЫ" ӘЙЕЛДЕРДІ ЕЛГЕ ӘКЕЛУ МҮМКІН БЕ?

Жанна Өмірованың сөзінше, "Русафадағы" әйелдерге қатысты былтыр қарашада Қазақстанның бас прокуратурасы Иракпен өзара келісім туралы келіссөз бастаған. Қазір қай деңгейде екені белгісіз. Құқық қорғаушы өзара келісім болмаса да, заңға сәйкес құзырлы орын ретінде олар бастама білдіре алады дейді. Ол Ирактағы әйелдер үніне құлақ түруін өтініп Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілге де барған. "Бірақ барлық жерде "қарастырамыз" деген бір жауап" дейді ол.

– Ирак тарапымен келісім болмаса да бізде Қылмыстық-процестік кодекс (ҚПК) жұмыс істейді емес пе? Онда орталық орган бастама көтеріп, жазбаша түрде хабарласып, өтініш білдіре алады делінген. Соны уәж етіп өтініш те жолдадық. Бұл әйелдер Ирактағы мерзімін толық өтеп шыға алмайды. Олар өлсе қанша бала жетім қалады? Онсыз да, ата-анасының қателігі оларды қаншама азапқа салды. Мемлекет тарапынан Ирак түрмесіндегі бұл әйелдерге ешқандай гуманитарлық көмек көрсетілмейді. Біздің қор көмектесіп жатыр. Бірақ бұл көмек оларға өте үлкен қиындықпен жетеді. Әр сәлемдеме олардың қолына делдалдар, шетелдік адвокаттар, түрік адвокаттары арқылы өте үлкен шығынмен тиеді. Мысалы, бір ғана 50 келілік сөмкені жеткізу үшін мен бір жарым миллион теңге төлеймін, – деді ол.

Азаттықтың қолына Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі елшісі Талғат Шалданбайдың "Еркіндік ауасы" қоғамдық ұйымына берген жауабы түсті. Онда 2023 жылы қыркүйекте Ирак Республикасының Әділет министрлігімен Қазақстан азаматтарын елге әкету туралы келісімді қарауға қол жеткізілгені айтылған. Бұл хабарламада елші түрмедегі қазақстандықтарға сәлемдеме апару консулдық функциясына кірмейді деп жазған.

Азаттық "Алты әйелдің тағдырына Қазақстан араласа ала ма, оларды елге әкелу мүмкін бе?" деп Қазақстан сыртқы істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сауал жолдаған еді. ҰҚК сыртқы істер министрлігіне сілтесе, министрлік "Иракта сотталған Қазақстан азаматтарының жағдайы тұрақты бақылауда екенін" мәлімдеді.

"Аммандағы елшілігіміздің жауапты дипломаттары Ирактың сыртқы істер министрлігімен алдын ала келісуден кейін, сотталған Қазақстан азаматтарымен кездесе алатынын атап өткен жөн деп санаймыз. Бұл ретте өңірдегі әскери-саяси және ішкі саяси жағдай ескеріле отырып, сотталған азаматтармен кездесулер жоспарланады. Жақын арада жауапты дипломаттардың Бағдатқа сапары аясында сотталған азаматтардың жағдайын білу мақсатында түзету мекемесіне кезекті іссапар жоспарланған. Соңғы кездесу 2023 жылғы қыркүйекте өтті. Қазақстанның Иорданиядағы елшілігі Иракта сотталған азаматтардан сәлем-сауқатқа және басқа мәселелерге қатысты сауалдарды Ирактың құзыретті органдарына жіберуге, Қазақстанның және жергілікті заңнамаға сәйкес, барынша көмек көрсетуге дайын", – деп жауап берді Қазақстанның сыртқы істер министрлігі.

Бұдан бөлек министрлік жауабында "Русафа" түрмесіндегі Қазақстан азаматтарын елге қайтару туралы Ирак тарапымен келіссөздер жүріп жатқаны да айтылған.

"Ирактың қылмыстық заңнамасына сәйкес, сот үкімдерінің дәрежесі сотталғандарды басқа мемлекетке экстрадициялау мүмкіндіктерін қиындататынын атап өткен жөн. Осыған байланысты "Русафа" және "Жусан" гуманитарлық операциялары шеңберінде ресми сот үкімі бар азаматтарды елге қайтару мүмкін емес", – деп жазды сыртқы істер министрлігі.

Дегемен, "Еркіндік ауасы" қорының жетекшісі үміт үзбейді. Ол Қазақстан билігі азаматтарының құқығы бұзылғанын ескеріп, оларды құтқаруға тиіс деп санайды.

ВВС медиасының мәліметінше, "Русафа" түрмесінде қазір 600-дей әйел отыр. Олардың арасында Түркия, Украина, Қырғызстан, Әзербайжан, Франция, Германия мен басқа да елдердің азаматтары бар. "Террорист" деген айыппен сотталған шешесімен бірге жүз шақты бала да осы абақтыда өсіп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG