Accessibility links

Навальныйдың қазасына бір жыл. Оппозиционердің серіктері не істеп жүр?


Франкфурттегі Ресей консулдығы алдындағы уақытша мемориалда Алексей Навальныйдың портретіне қойылған гүл шоқтары. Германия, 19 ақпан 2024 жыл.
Франкфурттегі Ресей консулдығы алдындағы уақытша мемориалда Алексей Навальныйдың портретіне қойылған гүл шоқтары. Германия, 19 ақпан 2024 жыл.

Кремльдің ең танымал қарсыласы Алексей Навальный Арктика түрмесінде жұмбақ жағдайда қаза тапқанына бір жыл толды. Ресейдің Украинаға қарсы соғысы мен Владимир Путин билік сыншыларына қысымын күшейткен тұста оппозициядағы орны үшін күресіп жатыр.

Қайтыс болғаннан кейін жарияланған "Патриот" дейтін мемуарында Ресей оппозициясының лидері Алексей Навальный өлетінін білгендей әсер қалдырады.

"Ешқашан немерелерімді көрмеймін. Отбасындағы оқиғалардың кейіпкері болмаймын. Ешбір суреттен мені көрмейсіз" деп жазды ол.

Владимир Путиннің өкіметі бұл сөздерді шындыққа айналдыруға тырысып бақты: Кремль Навальныйға қатысы бардың бәрін қудалап, оппозиционердің суретін (Ресейде экстремистік символ саналады) қоғамдық орындарда пайдаланған ресейліктерді сотқа тартып жатыр.

Сарапшылар мұны мемлекеттің Навальный мен оның жақтастарын беделінен айырып, марқұмның ықпалын жою амалы деп бағалайды. Билік Навальныйдың атын атаған немесе оның суретін ұстаған азаматтарды жауапқа тартады.

Навальный Мәскеудегі Бабушкин аудандық сотында торға тоғытылып тұр. 20 ақпан 2021 жыл.
Навальный Мәскеудегі Бабушкин аудандық сотында торға тоғытылып тұр. 20 ақпан 2021 жыл.

Ондаған жыл бойы Путиннің ең танымал қарсыласы болған Навальный 2024 жылғы 16 ақпанда "Поряр қасқыры" деп аталатын түрмеде көз жұмды. Марқұмның жесірі Юлия Навальная мен оппозиционердің жақтастары оның өліміне Путинді кінәлайды.

Навальный 2020 жылы тамызда Сібірде жүйке жүйесін зақымдайтын затпен уланып, әзер тірі қалған. Оппозиционер қастандықты Путиннің бұйрығымен Федералды қауіпсіздік қызметінің өкілдері жасағанын айтқан.

Германияда емделіп, аяққа тұрған соң, 2021 жылы қаңтарда Ресейге оралған Навальный Мәскеу әуежайында тұтқындалған еді. Сөйтіп қайтыс болған күнге дейін изолятор мен түрмеде медициналық көмек көрмей, ауыр жағдайда ұсталды. 2021 жылы Навальныйдың саяси кеңселері мен жемқорлыққа қарсы күрес қоры "экстремистік ұйым" деп танылды. Қордың жемқорлық зерттеулері кең көлемді парақорлықты дәлелдейтін айғақтар тауып, Путинге жақын топтың қарапайым ресейліктер есебінен қалай шалқып өмір сүріп жатқанын көрсетті.

Навальныйдың қазасына дейін және одан кейін де оппозиционерді қолдаған серіктерінің көбі жауапқа тартылып, түрмеге жабылды немесе елден қуылды.

Навальный Мәскеуге жерленгенде, ондаған мың адам полицияның қатаң бақылауымен кезекке тұрып, оның зиратының жанынан өтіп, аза тұтушылардың бірі айтқандай, "еркіндік символына айналған тұлғамен" қоштасты.

Юлия Навальная күйеуінің ісін жалғастыруға уәде беріп, ресейліктерді "болашағымызды өлтіргендерге қарсы ашу-ыза мен жеккөрінішіме қосылуға шақырамын" деген үндеу тастады. Навальныйдың қазасына бір жыл толды: осы уақыт ішінде оппозиционердің жесірі мен бұрынғы серіктері шетелде жүріп, өздері тәрк етуге мәжбүр болған елдің Украинаға қарсы соғысы мен Путиннің билік сыншыларына қарсы қуғын-сүргініне ықпал етуге тырысты.

Бұл күреске бір мысал келтірейік: жемқорлыққа қарсы күрес қорының соңғы есебіне қоғам реакциясы қызық болды. Мұндай есеп басқа жағдайда немесе басқа елде жарияланса, әлдеқайда үлкен реакция болар еді. Компания жазбалары, полицияның деректер базасы, әлеуметтік желілер мен басқа да ақпарат көздері негізінде Ресейдің мемлекеттік "Роснефть" мұнай компаниясының ондаған әйелді әкімшілік қызметкер ретінде тіркеп, шын мәнінде оларды жоғары лауазымды басшыларға эскорт қызметіне пайдаланатыны анықталған.

Зерттеуде бір әйелдің 2016 жылы 21 жаста жұмысқа тұрғалы, "Роснефть" бас директоры, Путиннің жақын серігі Игорь Сечинмен бірге оның жеке ұшағында кемі 58 рет бірге жүргені жазылған. Оның жалақысы компаниядағы кей тәжірибелі қызметкерлерден әлдеқайда жоғары болған.

Юлия Навальная Берлиндегі Ресей елшілігінде орналасқан сайлау учаскесі алдында кезекте тұр. 17 наурыз 2024 жыл.
Юлия Навальная Берлиндегі Ресей елшілігінде орналасқан сайлау учаскесі алдында кезекте тұр. 17 наурыз 2024 жыл.

Сыншылар Ресейдің Украинаға қарсы соғысы кезінде мұндай мәселелерге назар аударуға күмәнмен қарайды.

"Бұл соғыстың үшінші жылы, Освенцим пештері қызу жұмыс істеп жатқанда, немістің антифашист эмигранттары келіп, Герингтің жекеменшік жезөкшелер үйін маңызды сенсация деп көрсеткеніндей болар еді", – деп жазды Германияда тұратын ресейлік әлеуметтанушы Игорь Эйдман. Басқалар бұл пікірмен келіспейді.

"[Путинге жақын адамдардың бәрі] ақша жымқыратынын білу бір бөлек, бірақ зерттеуде көрсетілген көлемдегі дәлелдерді көру бір бөлек", – деп жазды шетелде тұратын ресейлік журналист, Украинадағы соғысқа арналған Youtube арнасының авторы Майкл Наки.

Ресей бойынша сарапшы Сэм Грин "Соғыс пен Ресей саясатына байланысты туған поляризация мұндай зерттеулерді қарайтын аудиторияға зиянын тигізді. Осы сипаттағы зерттеулерге сенетін адамдар режим жайлы әлдеқайда сорақы қауесеттерге сенеді, ал сенбейтіндер ақпаратты мүлде құлағына ілмейді" дейді.

Бірақ бұл "мұндай ақпараттың мәні жоқ дегенді білдірмейді", – деп жазды Лондондағы Король колледжіне қарасты Ресей институтында профессор, Еуропа саясатын талдау орталығында демократиялық тұрақтылық бойынша директор болып істейтін Грин 2 ақпандағы блогында. – "Біріншіден, Ресей саясатында таза есепке мүмкіндік барда, мұндай зерттеулер әділдік негізін қалыптастыруға көмектеседі. Екінші жағынан, мұндай зерттеулерге аз адам назар аударса да, көлемді жемқорлық жайлы айтпау Ресейді басқаша басқару керек деп ойлайтындардың оқшаулануына алып келеді. Путин мұндай жақсылыққа лайық емес".

"Дегенмен олар жасайтын дүниенің дәстүрлі моделі тиімді дегенге күмән бар", – дейді Лондон университеті колледжі Ресей саясаты кафедрасының доценті, 2021 жылы жарық көрген "Навальный: Путиннің қас жауы ма, әлде Ресейдің болашағы ма?" кітабы авторларының бірі Бен Нобл.

Ресейдің Украинаға қарсы соғысы – Навальныйдың серіктері мен олардың қызметіне көзқарасқа әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Бірақ кейінгі бірнеше жанжал Навальный командасы мен қазір Халықаралық жемқорлыққа қарсы қор деп аталатын ұйымның беделіне нұқсан келтірді.

Навальныйдың үлкен серіктесі Леонид Волков бірнеше ресейлік олигархтың Еуропа одағының санкцияларын алып тастауды сұраған хатына қол қойғаны үшін 2023 жылы қор төрағалығынан кетті. Бірақ ол әлі де қор қызметіне белсенді араласады.

Навальный қайтыс болғаннан кейін бірнеше аптадан соң, Волковқа Литвадағы үйінің жанында әлдекім балғамен шабуыл жасап, қолын сындырып, аяғын жаралаған. Қор шабуылды магнат, Кремльдің сыншысы Леонид Невзлин ұйымдастырды деп санайды. Ол бұл айыпты жоққа шығарған. Қор мәлімдемесінен кейін, тараптар арасында текетірес күшейген.

Былтырғы жылдың соңына қарай шетелдегі жікке бөлінген ресейлік оппозицияның арасына сызат түсті. Бұған оппозицияның бұрынғы одақтасы қорды қаржылай және әкімшілік қолдау көрсеткені үшін қос банкирдің имиджін тазартуға тырысты деп айыптауы себеп болған. Қор мұны мойындаған жоқ.

"Серіктестері үшін ең қиыны – Навальныйдың ортада болмауы", – дейді Нобл. "Навальный шешендігімен, харизмасымен, табандылығымен және батылдығымен бірден көзге түсетін".

Навальный жақтастары Мәскеудегі митингіде. 2017 жылғы қазан айы.
Навальный жақтастары Мәскеудегі митингіде. 2017 жылғы қазан айы.

"Юлия Навальная күйеуінің ісін жалғастыруға уәде бергенімен, оның немесе басқа бір адамның жетекші тұлғаға айналғанын көрмедік", – дейді ол. "Бұл оқиғаның өзегі, сол баяғы жалғыз тұлғаның ортада жоғын көрсетеді".

Дегенмен сарапшы "Навальныйдың командасын есептен шығаруға әлі ерте" дейді.

Нобл Навальныйдың мұрасын "біржақты емес, поляризацияланған" деп сипаттайды.

Ноблдың пікірінше, Батыс елдерінің көбі Совет Одағының соңғы басшысы Михаил Горбачев сияқты Навальныйды да "еркіндік жолындағы күрескер, Путиннің айқын қарсыласы" деп жоғары бағалайды.

"Ресейдің ішіндегі жағдай бөлек. Мемлекеттік ақпарат құралдарының қанша жылдан бері Навальныйды Батысқа арқа сүйеген, Орталық барлау басқармасының қуыршағы етіп көрсетіп келгенін ескерсек, бұған таңғалуға болмайды. Путин билікте отырғанда, бұл өзгере қоймас. Өзгерсе де, тек жаман жаққа қарай өзгереді", – дейді ол. – "Ресей халқы Навальныйдың кім болғанын, немен айналысқанын ұмыта бастайды… Сондықтан біз екі түрлі мұра арасында поляризация күшейгенін көре аламыз".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG