"Кепілсіз қолма-қол ақша", "Кез келген мақсатқа арналған несие", "Онлайн өтініш беріп, бір минутта шешімін тап". Қырғызстан мен Қазақстанның банктері қомақты ақшаны тез арада рәсімдеуге уәде беруден аянбайды. Екі елде де оқуға, той жасауға, демалысқа баруға, соңғы үлгідегі гаджет пен тұрмысқа қажет техника алуға деп тұтыну несиесін рәсімдеу бірнеше жылдан бері тыйылмай тұр.
Қазақстанда тұтыну несиесі кейінгі бір жылда 33,5 пайызға артып, 2025 жылдың басында 13,8 трлн теңгеге (27 млрд долларға жуық) жетті. Соңғы рет экономикадағы несие көлемі туралы кеңейтілген ақпарат былтыр желтоқсанда жарияланды, сол кездегі көрсеткіш 40,9 трлн теңге (89,5 млрд доллар) еді. Мұндай жағдайда тұтыну несиесінің жалпы портфельдегі үлесі 33 пайызға дейін жетеді.
Қырғызстанда былтыр банктен тұтыну несиесін алу көлемі 78 пайызға артқан. Қырғызстан Ұлттық банкінің дерегі 2024 жылдың соңындағы жағдай бойынша, банктер 99,2 млрд сом (1,13 млрд доллар) тұтыну несиесін бергенін көрсетеді. Елдің жалпы несие портфелі 340,7 млрд сом (3,9 млрд доллар) болса, тұтыну несиесі соның шамамен үштен біріне тең.
Қырғызстан Ұлттық банкі тұтыну несиесі саласында жағымды өзгеріс бар деп мәлімдеді. Қаржы институты банктер қарызды белгілі бір қаржылық талаптарға сай келетін азаматтарға ғана беретінін алға тартып, мұны "экономиканың және халықтың шынайы табысының өсуі" деп бағалап отыр.
Қазақстанның Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов бұл мәселеде аса оптимист емес. Төраға Ұлттық банк мұндай несие беру тәртібін қатаңдату арқылы өсімді төмендетеміз деп үміттенгенімен, айтарлықтай нәтиже болмағанын мойындады.
"Қарыз жүктемесіне коэффициент енгізіп, бұрын кешіктіріп төлегендерге жаңадан несие беруді аздап қиындатып, әйелі немесе күйеуі келісім беруін енгіздік, тағысын тағы. <…> Өз басым осыдан кейін тұтыну несиесін алу екі есеге дейін қысқаратын шығар деп күткен едім. 15-17 пайыз көлемінде болады деп ойлағам. Өкінішке қарай, 30 пайыздан жоғары болып тұр", – деп мәлімдеді Сүлейменов.
Ұлттық банк төрағасы "Несие беру кезіндегі тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқығын қорғау туралы" заңды айтып отыр.
ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ
Заң 2024 жылдың жазында қабылданды. Қазақстан былтыр тұтыну несиесінің көлемін азайту бағытында басқа да шараларды қолға алған.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттінің (ҚНРДА) төрағасы Мәдина Әбілқасымова ақпан айының басында 614 мың азаматтың проблемасы бар қарызы қайта қаралды, ішінара немесе толықтай кешірілді, оның жалпы сомасы 210 млрд теңге (411,4 млн доллар) деп хабарлады. Оның айтуынша, бұл шара "президенттің халықтың несиесін азайту мақсатындағы тапсырмасына сай" қолға алынды.
Қаржы мәселесіне қатысты Қазақстан билігінің алаңдауын қырғызстандық экономист Буажар Абдықадырова да қолдайды.
"Қарыз алмай экономиканы дамыту мүмкін емес, алайда тұтыну несиесін көбірек ақша табу үшін емес, шығынды жабу үшін алады", – деді экономист.
"Бизнесті жүргізуге алатын несие дәл осындай көлемде және қарқынды өсіп отырған жоқ, қауіп осында. Жаңа нәрсе жасауға үлгермей жатырмыз. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда өсім жоқтың қасы, жаңадан пайда болып жатқан өндіріс жоқ. Болашақта бұл халықтың тұрақты табысы болмауына, алған несиесін жаба алмауына әкеп соғуы мүмкін", – деді Қырғызстан Жогорку Кеңешінің депутаты, бұрынғы экономика министрі Елдар Абакиров.
Сарапшылардың айтуынша, қаржы жүйесінде тұтыну несиесі табыс әкеледі деген қарыздан, яғни бизнесті дамытуға алатын қарыздан асып түссе (Қырғызстанда қазірдің өзінде осылай болып отыр), теңсіздіктің бұзылуы айтарлықтай әлеуметтік қиындыққа әкелуі мүмкін.
"Қарыз алған адамның табысының көп бөлігі несиені жабуға кетсе немесе мүлдем төлей алмай қалса, халықтың үстемелеп несие алуы басталады. Мұны төмендету үшін қаржылық сауатты үйрету керек, адам өз мүмкіндігін есепке алуы керек. Банктер мен микроқаржы компаниялары да тұтыну несиесі жалпы несие портфелінде ақылға қонымды шектен асып кетпеуін қадағалап отыруы керек", – деді Абдықадырова.
Қаржылық сауат жөнінде, нақтырақ айтқанда оның жоқтығы туралы тұтыну несиесі туралы сөз болғанда міндетті түрде айтылады.
Әбілқасымованың айтуынша, Қазақстан да белгілі бір шараларды қолға алмақ. Басқа да шектеулермен бірге, "осал топқа жататын азаматтарға" автоматты түрде тұтыну несиесін рәсімдеуге рұқсат бермеу қарастырылып жатыр. Төраға бұл топқа егде жастағы азаматтар, бұрын қарыз туралы келісімі болмағандар және 21 жасқа дейінгі жастар жататынын айтты.
Жастар арасында несиені төлей алмау мәселесі бар екенін жанама түрде қызметкерлерді іріктеуге арналған қазақстандық EasyTap стартабын жасаған Мағзұм Төлеш жүргізген сынақ нәтижесі де растап отыр. Ол өзі жасаған платформаны пайдаланушылар базасын берешегі бар азаматтардың ашық базасымен салыстыра отырып талдау жасаған (бизнесмен қанша адам туралы әңгіме болып отырғанын нақтыламады).
"22 жастағы азаматтар арасында (негізінен 4-курс студенттері) 12 пайызының, яғни әр сегізінші адамның шоты бұғатталған. Орта есеппен бір адамның мойнында үш атқару ісі бар (демек, 3 қарызы бар)", – деді ол.
Мағзұм Төлеш қарыздың жалпы сомасы орта есеппен 700 мың теңге (1300 доллардан астам) екенін айтты. Шоттың бұғатта болуы көптеген қиындыққа алып келеді, мәселен, ресми жұмысқа орналасу қиынға соғады.
АЛАЯҚТЫҚ
Қазақстандық бизнесмен қаржылық сауаттың төмен болуы мен жылдам баюға шақыратын "оңай олжаға" құмарлықтан бөлек, тұтыну несиесін алудың тым оңай болуы да жағдайды қиындатып отыр деп есептейді.
Қарызды рәсімдеу өте қарапайым екенін қаржы саласындағы реттеушілер де мойындайды, бұл алаяқтықтың көбеюіне жол ашып отыр.
Қырғызстан "жалған" несие алғандардың статистикасын жүргізбейді. Ал Қазақстанда, қаржы нарығын реттеу агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова 2024 жылдың қараша айында келтірген дерек бойынша, 7,4 мың адам өзге біреудің атынан несие рәсімдеген, ондай қарыздың жалпы сомасы – 18 млрд теңге (35,3 млн доллар).
37 жастағы Бішкек тұрғыны Валерия (аты өзгертілді) алаяқтарға алданып қалған. Белгісіз біреу телефон соғып, өзін жергілікті банктің қауіпсіздік қызметкерімін деп таныстырған. Валерияның сеніміне кіріп, 200 мың сом (2200 доллардан астам) және 66 мың сом (750 долларға жуық) көлемінде екі несие рәсімдеген.
Валерия адвокат жалдап, милиция іс қозғаған. Мектепте мұғалім болып істейтін келіншек бір тиын алмаса да, қарызды төлеуіне тура келді.
"Банктер мұның алаяқтық екенін мойындады, бірақ ештеңе істей алмаймыз деді. Үстемесін "кешіріп", негізгі соманы төлеуге міндеттеді. Бірінші банк бір жыл уақыт берді, осы уақыт ішінде 200 мың сомды төлеуім керек. Ал екіншісіне төрт айдан бері жалақымнан 3000 сомдай аударып отырмын", – деді Валерия.
Айтуына қарағанда, ішкі істер бөліміне бара жүріп, өзі сияқты алданғандар толып жүргенін көріпті.
"Маған [милиция] қызметкерінің бірі күніне осындай шағыммен 3-4 адам келетінін айтты. Бұл банктерге де тиімді сияқты, себебі олар қалай болғанда да берген ақшасын қайтарып алады", – деді Валерия.
2024 жылы Қырғызстан Ұлттық банкінің тұтынушы құқын қорғау бөліміне зардап шеккен азаматтардан 140 арыз-өтініш түскен. Реттеуші мекеме банк жүйесінің алаяқтармен күреске қатысты талапты күшейтіп жатқанын мәлімдеді.
Былтырғы жылдың соңында онлайн несиелерге "суыту" яки күту кезеңі енгізілді. 15 мыңнан 50 мың сомға дейінгі қарыз үш сағаттан кейін берілетін болса, 50 мыңнан 100 мың сомға дейін қарыз сұрағандар алты сағат күтуіне тура келеді. 100 мың сомнан көп несие сұратқандар үшін "күту кезеңі" 24 сағат, осы уақыт ішінде банк қарыз сұраған адамға қоңырау шалып, өтінішті кім бергенін нақтылауы керек.
Әбілқасымова Қазақстанда да осыған ұқсас тәртіп енгізілетінін хабарлады.
"Өтініш бірден мақұлданбайды, тексеру болады және несие сомасына қарай күту мерзімі де бірнеше сағаттан бір күнге дейін созылады", – деп түсіндірді төраға.
Қазақстанда қарыз алуды рәсімдеуге тыйым салатын "Стоп-кредит" қызметі де енгізілген. 2024 жылдың аяғында премьер-министр Олжас Бектенов мұндай қызметті 1400 қазақстандық пайдаланғанын мәлімдеген.
Қырғызстанда ондай қызмет жоқ, сарапшылар азаматтарға несие тарихын өз бетімен тексеріп отыруға, соның ішінде "Ишеним" несие-ақпарат бюросынан тексеруге кеңес береді.
Қырғызстан ІІМ қылмыстық іздеу бас басқармасындағы жоғары технологиялармен байланысты қылмыстарды ашу бөлімінің бастығы Руслан Шәршембиев бұл шараның бәрі жеткіліксіз деп есептейді.
"Бұл шаралар барынша тиімді болуы үшін қарыз сұраушының жеке басын тексеруді күшейту, клиенттерді оқыту, екі факторлы аутентификацияны енгізу сияқты кешенді шаралар қолға алынуы керек. Алаяқтармен күресу үшін заң, технология және халықаралық шаралар бір нүктеде тоғысуы керек", – деп түсіндірді ол.
ҚАРЫЗ ҚАМЫТЫ
Қырғызстанда жыл басында уақытында төленбеген несие мөлшері 6,4 млрд сом (73 млн долларға жуық) немесе банктердің несие портфелінің 1,9 пайызына тең болды.
2024 жылдың сәуір айындағы дерек бойынша, Қазақстанда уақытында төленбеген тұтыну несиесі жалпы несие портфелінің 12 пайызына тең болған. Кемінде 1,5 млн адамның мойнында уақытында төленбеген бір несиесі болған.
Астана тұрғыны Мәдина Ғазиз (аты-жөні өзгертілді) – солардың бірі. Кезінде қарызын коллекторларға өтіп кеткен жерінен жапқан.
Мәдина бірінші рет 2022 жылы отбасы жағдайына байланысты микроқаржы ұйымынан (МҚҰ) қарыз алған. Нәтижесінде қарыз қақпанына түсіп қалғанын айтады. Бірінші несиесін жаба алмай отырып, оның пайызын жабу үшін екіншісін алған.
"Ол кезде айлығым 200 мың теңге еді, соның 100-150 мыңы пәтерге кететін де, 50 мың теңге, тіпті одан да көп ақша несиені жабуға жұмсалатын. МҚҰ-дан [несие] алған кезде қарыз алған секілді ай сайын қайтара алмайсың. Тұтас соманы бірден қайтаруың керек. Қарызды қайтару үшін тағы бір несие алдым. Осылайша, МҚҰ-да екі несием болды. Оны жабу үшін тағы алуға тура келді", – деді Мәдина.
Ол ұзақ уақыт бойы қарызын төлеп жүрген де, берешегі 4 млн теңгеге (7 мың доллардан астам) жеткен кезде қарыздарын ретімен жабу үшін берешегін кейінге қалдыруды ұйғарған.
Осыдан кейін оған толассыз қоңырау шалу басталған, кей кездері күніне 10 реттен телефон соғыпты.
"Қоқан-лоқы жасады, жұмысыма хабарласып, қарызды қайтармай жүргенімді айтамыз деп қорқытты. Өте ауыр моральдық қысым болды. Мен қарызды төлеуден қашқан жоқпын, жағдайды реттеп алайын дедім. Өкінішке қарай, микроқаржы ұйымдары мені түсінгісі келмеді. Үш айдан кейін ісімді коллекторларға өткізді, бұдан біраз жеңілдеп қалдым десем болады. Жеке сот орындаушы күн сайын телефон соғып мазамды алған жоқ. Бір рет жазып, жағдайды түсіндірді, мен уақыт беруін сұрадым. Екі айдың ішінде несиемді жауып, қарыздан құтылдым", – деді Мәдина.
Қазақстан мен Қырғызстан жұртқа несие қамытынан құтылуға көмектесетін әртүрлі тетік ойластырып жатыр.
2024 жылдың желтоқсан айында Қазақстанда микроқаржы омбудсмені институты пайда болды, ол несиесі бар азаматтарға уақытында төленбеген қарызы жөнінде және коллекторлармен қиындық болған жағдайда тегін көмектеседі.
Сонымен бірге өзін банкрот деп жариялауға болады, 2023 жылы мұны заңнамаға енгізді. 2025 жылдың 30 қаңтарындағы жағдай бойынша, Қазақстанда 176 мыңнан астам адам банкрот деп жариялау жөнінде өтініш беріп, 6 мыңнан астам адам сотқа арызданған.
Ranking.kz есептеуінше, 2024 жылдың қазан айындағы жағдай бойынша, 266 млрд теңге сомасындағы 124 мыңнан астам өтініш қанағаттандырылмаған. Бұл шамамен 514,7 млн доллар немесе жалпы өтініштің 75 пайызы.
Қырғызстанда тек жеке кәсіпкер мен заңды тұлға ғана банкротпын деп жариялай алады.
Қазақстандық экономист Марат Қайырленов кедейлік деңгейі арта берсе, техникалық тәсілмен мәселені шешуге тырысудан түк шықпайтынын, несие алу тыйылмайтынын айтады.
"Дүниежүзілік банк жалақы қорының елдегі несие көлеміне қатынасы деген көрсеткішті пайдаланады. Қазақстанда бұл көрсеткіш кейінгі 10-15 жылда жоғары деңгейде сақталып отыр. Кейінгі 5 жылда 2 есе артқан. Бұл, өкінішке қарай, азаматтардың табысы төмендеп жатқанын, соның орнын толтыру үшін үнемі қайтадан несие алатынын көрсетеді", – деді Қайырленов.
Экономист үкіметтің қазіргі әрекеті халықтың тұрмыс деңгейін одан бетер нашарлатса, жағдай қиындай түсетінін айтады. Соның ішінде сарапшы қосылған құн салығын күрт көтерудің салдары ауыр болатынын айтып отыр.
"Қазақстандықтардың тұтыну шығыны жылына шамамен 24 трлн теңге (47 млрд доллар). Енді осының шамамен үштен бірін [ҚҚС көтеруден кейін салық ретінде] жинап алмақшы. Халықтың тұрмыс деңгейі де осынша төмендейді", – деді Қайырленов.
Экономист мұндай жағдайда ешқандай тәсіл көмектеспейді деп есептейді. "Халық негізгі қажетін өтеу үшін несие алуды жалғастыра береді", – деді маман.
ПІКІРЛЕР