"Тот басқан ескі құбырды жұлып тастап, пластиктен жасалған жаңасын саламын"
Михаил Беньяштың Литвада тұрып жатқанына бір жыл болды. Аптаның жұмыс күндері таңертең 6.30-да тұрып, автобуспен жұмысқа барады. Жұмыс киімін киіп алып, пневматикалық шой балғаны қолға алып іске кіріседі.
"Вильнюстегі бес қабатты үйдің жабынын тесемін. Сосын дәу кілтпен тот басқан ескі құбырды жұлып тастап, орнына пластиктен жасалған жаңасын саламын. Біз шой балғаны көлденең ұстап, пәтеріне кіріп келе жатқан кезде шоқынып қарсы алатын әжейлер, біз шығып бара жатқанда ту сыртымыздан шоқындырып, дұға қылып тұрады. Полипропилен құбырларды дәнекерлеп, бізге дейін іріп-шіріп, тат басқан нәрсенің орнына тап-таза, әдемісін салып, жаңартқан кезде қандай ләззат алатынымды білсеңіз ғой", – деп жазды Михаил Facebook-парақшасына. Оның жаңадан меңгерген кәсібі – сантехник. Ресейде адвокат әрі құқық қорғаушы болып істеген.
Литвада жаңа жұмысты еңбек биржасы арқылы үш күн ішінде тауыпты.
"Маған еңбегі ауыр, бірақ табысы жақсы жұмыс бар деді. Қазіргі істеп жүргенім – нағыз жұмыс. Өзімді және отбасымды асырап отыр. Мен өзім қалаған кезде велосипедке мініп орман аралап, интернетте әртүрлі нәрсе жазып, сот процестерін қозғауға бастама көтере аламын, және де ол жұмыс емес, хобби болады. Еркіндік дегеніміз осы", – деп ой толғайды ол.
Михаил Беньяш бұрын Ресейдің Краснодар қаласында тұрып, жұмыс істеген. Наразылық акцияларына шыққандарды, оппозиционерлерді, құқық қорғаушыларды, ал Ресей Украинаға қарсы кең көлемді соғыс бастағаннан кейін – келісімшарт бойынша әскери қызмет атқарып жүрген жерінен Украинаға аттандырмақ болғанда оған барудан бас тартқан адамдарды қорғаумен айналысқан. Ресейде биліктің қуғын-сүргінін де бастан өткерген: 2018 жылы қыркүйекте зейнет жасы туралы реформаға қарсылық акциясына шыққан Беньяшты полиция ұстап, ішкі істер бөліміне күштеп апарып, ұрып-соққан. Кейінірек оған "билік өкіліне күш көрсетті" деп айып таққан. Ол өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ, бір ай тергеу абақтысында отырды. 2019 жылы сот оған 30 мың рубль айыппұл салды.
2022 жылдың бас кезінде Краснодардағы соғысқа қарсы акцияда Беньяшты билік өкілдері ұстады, наурыз айында үйіне тінту жүргізді. "Ресей армиясы туралы жалған ақпарат таратты" және интернетте "Соғыс болмасын" деген пост жазды деп оның үстінен екі рет хаттама жазды.
2022 жылы қазан айында Ресей әділет министрлігі адвокатты "шетел агенті" тізіміне қосты. 2023 жылы ақпанда Краснодар өлкесінің адвокаттар палатасы Михаил Беньяшты үш ай мерзімге адвокат мәртебесінен айырды. Оған әлеуметтік желілерде соғысқа қарсы пост жариялағаны себеп болған. Адвокаттар қауым болып оны қолдағанымен, жағдайды өзгерте алмады.
"Сөйтіп мен Литваға кетіп қалдым. "Құқықты оңалту" деп аталатын заң жобасымен айналысуға достарым шақырған, ол жерде бір жылға жуық істедім, бірақ кейін қаржыландыру аяқталды. Сосын қолымнан келетін шаруа істеп табыс табайын деп ұйғардым. Тәжірибем бар, бұрын заң факультетінде оқып жүргенімде сантехник болып істегем", – деп әңгімеледі Беньяш.
Литвада құрылыс саласында жұмыс істеп жүрген ол айына 3-3,5 мың еуро ақша табатынын айтады. Бұл ресейлік БАҚ немесе коммерциялық ұйымдардың көбіндегі еңбекақы мөлшерінен анағұрлым көп ақша.
"Ұят саналатын кәсіп болмайды. Қолыңмен жұмыс істегеннің түк сөкеттігі жоқ, ақша сұрап алақан жаю ұят", – деді ол.
Ол жақын арада Ресейге оралып, заң саласындағы жұмыспен айналысам деген ойы жоғын айтты.
Зауыттағы жалғыз дәнекерлеуші әйел
Мәскеулік бұрынғы журналист әрі гример Юлия Далидович те кәсібін өзгерткен, қазір ол Вильнюстегі металл құрастыру зауытында дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жүр.
"Мұндай жұмыс эмиграциядағы өміріңнің әйтеуір болашағы бар деген үміт сыйлайды. Құрып кетпейміз. Егер қажет болса, осындай жұмыс істеуге де барамыз. Жұрт мені көреді де, осылай да өмір сүруге болатынын, кәсібіңді ауыстыру ақырзаман емес екенін түсінеді", – дейді ол.
Юлия таңғы 4.20-да тұрып, автобуспен жұмысқа жетеді. Таңертеңгі 7-де жұмысы басталады.
Бұрын Мәскеуде ол "Петровка, 38" газетінде журналист болып төрт жыл істеген. Айтуынша, журналистикамен қощ айтысу қиын болмаған.
"Менттер неткен керемет дегенді жазуға көп уақыт жұмсайтынбыз, – деп еске алады ол. – Әрине, қызықты оқиғалар да болды. Мысалы, өзіне өзі қол салмақ болған қызды құтқарып қалған учаскелік полиция қызметкері жайлы. Бірақ көп жағдайда "тапсырыс" бойынша жазылатын дүниелер еді. Менің продюсерлік тәжірибем де бар. Одан соң Петербургте "Лайф-78" басылымында істедім. Ал кейін грим және бутафориямен жұмыс істеуге ауыстым, өзге суретшілермен бірге авторлық жобалар жасадық".
Гриммен айналысып жүргенде Юлия алғаш рет дәнекерлеу ісімен жақынырақ танысқан: жас суретшілердің "Болашаққа кейін қайту" фильміндегі автомобильдің қаңқасын қалай дәнекерлегенін көрген.
2022 жылы Юлия серік жігітімен бірге Литваға қоныс аударған. Эмиграцияда не жұмыс істеу керек деген мәселеге кезіккен.
"Серік жігітім: "Юль, дәнекерлеумен айналысып көрсең қайтеді?" деді. Маған расында нем кетеді деген ой келді. Мектеп іздеп таптым. Олар мұның ауыр жұмыс екенін түсінесіз бе деп сұрады. Бірақ оның қаншалықты ауыр екеніне кейін көзім жетті", – деді ол.
Жазғы курсты тәмамдағаннан кейін жұмыс бірден табыла қоймаған: бір жерде себебін еш түсіндірместен жұмысқа алудан бас тартса, енді біреулері зауытта тіпті әйелдерге жұмыс киімін ауыстыратын жер де жоғын айтқан. Бірде оған дәнекерлеуші емес, тазалаушы болсаң, 700 еуро төлейміз деген ұсыныс жасапты. Әйткенмен Юлия өзін жұмысқа алуға келіскен зауытты тапқан.
Күнделікті металл заттарды тасып, дәнекерлеумен сегіз сағат жұмыс істейді. Жазда зауыттағы ангарда +34 градусқа дейін ыстық болады, ал қыста температура минусқа түсіп, суытады. Мұндай жұмыс режимі мықты денсаулықты, жақсы тамақтануды, ұйқыны қандырып, спортпен айналысуды қажет етеді дейді Юлия. Бірақ бұл жұмыстан әзірге қол үзгісі жоқ.
Зауытта ол жалғыз әйел дәнекерлеруші. Басқа әріптестері – түгелі ер адамдар, ол Юлияға қолдау көрсетеді.
"Ақша таусылды, бұрын менсінбей келген нәрсені місе тұтуға тура келді"
Андрей Скворцов (өз өтініші бойынша, аты-жөні өзгертіліп берілді) Санкт-Петербургтен Литваға 2014 жылы кетіп қалған. Ол Ресейде әлеуметтік зерттеулермен айналысқан.
Литвада ол жеке бизнесін бастауға бірнеше рет талпынған. Алғашқы алған білімі бойынша инженер-электрик Андрей электроникамен байланысты компания ашпақшы да болған. Бірақ іс алға баспаған. Сөйтіп, 2022 жылы ол өртке қарсы және күзет жүйесін орнатумен айналысатын жергілікті компанияға желі тартатын электрик болып жұмысқа тұрған, қазір сонда істеп жүр.
Андрей тағдырдың жазуымен эмиграция жүрген ресейліктерге үйге оралам дегенді тезірек ұмытып, жұмыс істеңдер деп кеңес береді.
"Елге оралам деген мәнсіз үміттпен неғұрлым тезірек арылып, жұмыс істеуге кіріссе, соғұрлым өздеріне жақсы болады, – деп ой толғайды Скворцов. – Өзім мұндай ойға бірден келген жоқпын. Бірақ ақша таусылатын болғасын, бұрын менсінбей келген нәрсені місе тұтуға тура келеді екен. Кейде тіпті таптық жеккөрушілік сезгендей болам: мен енді "жұмысшы тапқа" жатамын, ал бұлар мені өзіне тең көрмейді деген. Вильнюсте Ресей оппозицияның шараларына, Еркін Ресей Форумына және басқаларға бұрынғысынша барып жүрмін. Және кейде немен айналысып жүргенімді айтқанымда, аздап абдырап қалатынын қараған көзқарасынан аңғарамын. Бұл өзіме жағады деп айта алмаймын. Сірә, әлеуметтік статусымнан айырылған сияқтымын. Бірақ мұндай жұмыс қорғаулымын деген сезім сыйлайды. Мен тек қана өзіме тәуелдімін".
Бұрын ФБК штабында үйлестіруші болған, қазір – менеджер әрі жүргізуші
Сергей Беспалов – иркутскілік кәсіпкер, бұрын Алексей Навальный құрған Жемқорлықмен күрес қорының үйлестірушісі болған. Ресей билігі оны экстремистер мен террористер тізіміне қосқан. 2021 жылы үстінен қылмыстық іс қозғалған соң Түркияға кетуге мәжбүр болған. Қазір Литвада тұрып жатыр.
"Вильнюске келген соң бизнеспен айналыса бастадым. 2022 жылы, соғыс басталған кезде, Финляндияда ағаш кесіп жүргем, бірақ ол жерде табысымыз мардымсыз еді. Одан кейін үш ай сантехник болып жұмыс істедім, жаңадан салынып жатқан құрылыста құбыр тартып, батарея орнаттым. Маған ол онша ұнаған жоқ, сондықтан басқа бірдеңемен айналысқым келді – ресейлік стартап бастап та көрдім, бірақ ол жұмыс өнбеді. Сосын әртүрлі кезең болды – тағы да ағаш кесуге бардым, қаламақыға мәтін жазумен айналыстым", – деп тізбелеп шықты Сергей.
Қазір ол жергілікті компанияда менеджер болып істейді, ал демалыс күндері жүргізуші болып қосымша жұмыс атқарады.
"Сутегі компаниясында жоба менеджерімін – біз сутегі тепловозын құрастырамыз. Ол коммерциялық пайдалануға берілмек. Ал демалыс күндері Латвия барамын, жолаушылар алып, Ресейдің Псков облысымен шекараға жеткіземін. Жақсы төлейді, күніне 100 еуро. Біздің компаниямызды ұйымдастырған адам – "шетел агенті" тізімінде, ал мен террористер тізіміндемін. Ал Ресей шекарасына мен таситын жолаушылардың жартысы: "Айналайын Ресейімізге жеттік-ау әйтеуір, "Гейропадан" демалатын болдық" деп айтады, – деді Беспалов.
50 жастағы Сергей Беспаловтың Ресейге оралам деген ойы жоқ. Литвадағы тірлігім жаман емес деп есептейді ол.
"Жұртпен араласып жұмыс істеуге үйренгем"
Қоғамдық маңызы тұрғысынан алып қарағанда жақсы журналист әлгіндей сантехникпен салыстырғанда маңыздырақ деп есептейді ресейлік журналист Елена Романова. Ол 2022 жылы Дондағы Ростов қаласынан Германияға кеткен, қазір күйеуі мен ұлы үшеуі Лейпцигте тұрып жатыр.
"Мен өз кәсібімнің патриотымын, – дейді ол. – Ресейден тамаша материал дайындайтын жас әрі дарынды журналистердің көбі кеткені, оларға көптеген ұйымдар қолдау көрсетіп, сақтап қалуға қамқорлық жасайтыны өте жақсы".
Елена ресейлік оппозициялық басылымдарда қосымша жұмыс істеп, неміс тілін үйреніп жүр.
2020 жылы ол экстремистік телеграм-арналардың жұмысы бойынша қозғалған қылмыстық істің кейіпкері болған.
"Содан бастап, 2014 жылдан бері мен фиксер ретінде көп жұмыс істедім, шетелдік журналистерге шекара туралы материалдар жасауға көмектестім. Украинамен шекарадағы Ростов қаласында едім. Сосын арнаулы органдардың мен жайлы білетінін және атқарып жүрген қызметім шпионаж деп саралануы мүмкін екенін маған жеткізді. 2022 жылдың басында "Новая газета" басылымына бірнеше материал жазып үлгерген болатынмын. Ал содан кейін "соғыс" деген сөзге тыйым салынып, елде қалу қауіпті бола бастады. Сөйтіп 2022 жылғы 8 наурызда кіші ұлымды алып Германияға кетіп қалдым. Кейінірек күйеуім де келді", – деді Елена.
Оның жұбайы Германияда электрик біліктілігін қорғап шыққаннан кейін енді жұмысқа тұруды жоспарлап жүр. Елена болса, журналистикаға берілгендігіне қарамастан, кәсібін ауыстырсам ба деп ойланып отыр. Оның педагогикалық білімі бар. Германияда оған неміс тілін В2 деңгейіне дейін меңгеріп, тәрбиеші болып жұмысқа тұруды ұсыныпты.
"Маған мигранттарға жәрдем көрсету жүйесінде қалу перспективасы бар сияқты. Өзіме әлеуметтік сала жақын, сондықтан неге істеп көрмеске, оған дайынмын. Неміс қоғамына пайдамды тигізгім келеді", – деді Елена.
Ал Германияда қашықтан жазатын журналист болып істеуге құлқы жоқ, себебі ондай жұмыс ұнамайды.
"Мен "дала кезіп" үйренген журналиспін, бір орында шаншылып отыру маған қиын тиеді. Олай отыру еш шабыт әкелмейді. Мен кабинеттен ұзап шықпайтын журналист емеспін, жұртпен көзбе-көз кездесіп, сөйлесіп жұмыс істеуге үйренгенмін", – дейді ол.
Север.Реалии сайты материалынан ықшамдалып аударылды.