Accessibility links

Прокуратура: АЗТМ зауытының 94 ғимараты мен 37 гектар жері қайтарылды


Болат Назарбаев.
Болат Назарбаев.

18 ақпанда Алматы қаласының прокуратурасы Алматы ауыр машина жасау зауытына (АЗТМ) жылжымайтын мүлік қайтарылды деп хабарлады. Зауытқа 37 гектардан астам жер учаскесі мен жалпы ауданы 79 966 шаршы метр болатын адам тұрмайтын 94 ғимарат қайтарылған. Прокуратураның мәлімдеуінше, зауыт мүлкі бұрын заңсыз сатылған.

"Қала прокуратурасының қадағалау актісін орындау аясында мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті сотқа мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап-арызбен жүгінді. Сот талапкердің талаптарын қанағаттандырды, апелляциялық саты шешімді күшінде қалдырды", – деп мәлімдеді Алматы прокуратурасы.

Ресми орган хабарламасында мүліктің кімнен қайтарылғаны туралы нақты айтылмаған. Дегенмен осыдан екі жылдай уақыт бұрын, 2023 жылы наурызда, Жоғарғы соттың азаматтық істер бойынша сот алқасы Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі – Болат Назарбаев пен РLS-ТМ компаниясы арасындағы зауыттың 31,9 пайыз акциясын алып-сату туралы келісімшарттың күшін жою туралы шешім шығарған.

Бұл жөнінде шағымды қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті берген. Комитет соттан "Алматы ауыр машина жасау зауытының" құнды қағаздарын алып-сату бойынша жасалған келісімнің бір бөлігін жарамсыз деп тануды сұраған. Оған себеп – Болат Назарбаев "зауыттың қызметін сақтап қалу, өндіріс көлемін арттыру, қауіпсіздік стандартын орындау сияқты міндеттерін" орындамастан, зауыттың өзіне тиесілі акцияларын РLS-ТМ компаниясына сатып жіберген.

Болат Назарбаев 2023 жылы қарашада 70 жасында Алматының орталық ауруханасында "ұзаққа созылған аурудан" қайтыс болған.

Ағасы отыз жылға жуық Қазақстанды басқарған кезде өзге де туыстары секілді Болат Назарбаев та Қазақстандағы бай адамдардың қатарына қосылған. Оның мұндай байлыққа қалай жеткені туралы қоғамда түрлі пікір айтылады.

Кейбір басылымдар Болат Назарбав "өзгенің мүлкін өте арзанға сатып алып" рейдерлікпен айналысты деп те жазған. Ондай мазмұндағы ақпарат домен атауы kz кеңістігінен тыс аймақта тіркелген өзге де онлайн басылымдарда шықты. Сол кезде де, одан кейін де мұндай хабарды теріске шығарған немесе сотқа шағымданған ешкім болмады.

Алматы ауыр машина жасау зауыты (АЗТМ) - Қазақстан машина жасау өндірісіндегі ірі кәсіпорындардың бірі. Ол эвакуацияланған Луганск паровоз жасау зауыты цехтарының негізінде 1941 жылы құрылған. Совет одағы кезінде ірі өндіріс ошағына айналып, көлікке және құрал-жабдықтарға арналған түрлі бөлшектер шығарған. Ресми сайтындағы дерекке сәйкес, ол қазір түрлі жабдықтарды жобалап, әзірлеуден бастап техникалық қызмет көрсетуге дейінгі барлық процестерді жүзеге асырады.

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең көп адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаев жоғарғы билікке ықпалынан айырылған соң Болат Назарбаев пен оның активтеріне байланысты дау шығып, кейбір іс сотқа да жеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG