Delta Airlines әуекомпаниясының Bombardier CRJ900LR ұшағы Канададағы Торонто халықаралық әуежайына қонатын кезде аударылып, апатқа ұшырады. Салдарынан ұшақта болған 18 адам зардап шекті. Бұл туралы BBC агенттігі хабарлады.
Ұшақта 76 жолаушы мен төрт экипаж мүшесі болған. Лайнер Миннеаполистен (Миннесота штаты, АҚШ) ұшып шыққан.
Оқиға орнында түсірілген кадрлардан ұшақтың қарлы жолақта жатқаны, маңында өрт сөндіру көліктері тұрғаны көрінеді. Оқиғадан кейін ұшақтың қозғалтқыштары орналасқан фюзеляждың арт жағында түтін көрінді деп жазды BBC агенттігі.
Апатқа не себеп болғаны әзірге белгісіз. Канаданың көлік қауіпсіздігі басқармасы тергеу бастады. Бұқаралық ақпарат құралдарында ұшақ қонатын кезде қатты соққан желдің әсерінен аударылып кетуі мүмкін деген болжам пайда болды, бірақ Канада билігі мұны растамады.
"[Қорытынды жасауға] әлі ерте. Болжам жасамауымыз керек, бұл өте маңызды. Ұшып-қону алаңындағы жолақ құрғақ, ал қапталынан жел болған жоқ деп айта аламыз", – деді әуежайдың өрт сөндіру бөлімінің басшысы Тодд Эйткен.
Өткен демалыста Канаданың шығысында қарлы боран соғуына байланысты көптеген рейс кестедегі уақытынан кешіккен я уақытша тоқтап қалған.
Жергілікті уақыт бойынша 14.15-те болған апат кезінде Торонто әуежайы аймағында ауа температурасы шамамен -10 градус болған.
ПІКІРЛЕР