Accessibility links

Еуроодақ Украинаға 6 миллиард еуроның әскери көмегін дайындап жатыр


Еуропа Одағының туы
Еуропа Одағының туы

Еуропа Одағы елдері Украинаға кемі 6 миллиард еуро болатын әскери көмек пакетін дайындап жатыр. Politico басылымы жаңа көмек пакеті АҚШ-тың араағайындығымен Ресеймен келіссөздер басталар алдында Киевтің стратегиялық позициясын нығайтуы керек деп жазды.

Украинаға бір жарым миллион артиллерия снарядынан бастап әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне дейін беру көзделіп отыр. Бұл – 2022 жылғы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргелі бері Еуроодақ беретін ең ірі әскери көмек пакеттерінің бірі болмақ. Басылымның жазуынша, көмек пакеті 24 ақпанға дейін, Еурокомиссияның жоғары лауазымды өкілдері Киевке барғанға дейін ұсынылуы мүмкін.

Politico дипломатиялық ортадағы екі дереккөздің сөзіне сүйеніп, 6 миллиард еуро бастапқы шама, ол уақыт өте келе "10 миллиард еуроға дейін немесе одан да көп" өсуі мүмкін, өйткені елдер өз қорларына жан-жақты тексеру жүргізіп, Украинаға қандай өнім жібере алатынын анықтайды деп жазды басылым.

Әскери көмек пакеті Еуроодақтың Украинаны қолдауға деген шешімінің айқын көрінісі болар еді, себебі 17 ақпанда Парижде Еуропа лидерлерінің шұғыл кездесуінде нақты шешімдер қабылданбады. Еуропа Одағы АҚШ пен Ресей арасындағы соғысты тоқтату туралы келіссөзге қатыспады, бұл Еуроодақ елдерінде де, Киевте де алаң тудырды деп хабарлады Politico.

Әскери қолдау артса, бұл Украинаға қарулы күштерін толықтыруға, Ресейдің майдан шебіндегі шабуылдарының алдын алуға және Киев бейбіт келіссөздерге дайындалып жатқан шақта өз қалаларын әуе шабуылынан қорғай алуға көмектеседі. Бұл Еуроодақ делегациясын алда келіссөздерге қосу туралы аргументін күшейте алады. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров 18 ақпанда Эр-Риядта АҚШ пен Ресей арасында екіжақты келіссөз жүргізген.

Еуроодақтың барлық елі Украинаға көмек пакетін жеткізу туралы келісімді мақұлдай ма, әлде оны қабылдағысы келетін елдердің коалициясы ғана қолдай ма, әзірге белгісіз. Дипломаттардың бірі Венгрияның қарсылығын ескере отырып, бірауыздан мақұлдау екіталай екенін айтты.

АҚШ пен Ресей келіссөз өткізді. Еуропа алаңдаулы. Зеленский Түркияда
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:43 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG