ЖАҢАЛЫҚТАР
Google Maps Мексика шығанағының атауын Америка шығанағы деп өзгертті

Google Maps карталарында Мексика шығанағы АҚШ-тың қолданушыларына ресми түрде Америка шығанағы болып өзгерді. АҚШ-тан тыс жерде шығанақтың екі атауы да көрсетіледі, жаңасы жақша ішінде болады.
25 қаңтарда АҚШ ішкі істер министрлігі президент Дональд Трамптың осы мәселе бойынша жарлығына сәйкес, Мексика шығанағы Америка шығанағы болып өзгерді деп хабарлаған.
Google бірнеше күннен кейін АҚШ-тағы жер атаулары бойынша ақпараттық жүйесі жаңарған соң Америка шығанағы атауы Google Maps карталарында пайда болады деп мәлімдеді.
IT-компания сол кезде бұрыннан келе жатқан тәжірибеге сәйкес, АҚШ-тағы карта қолданушылар ресми жергілікті атауды, ал қалғандары екеуін де көреді деп мәлімдеген.
Дональд Трамптың жарлығына сай, 25 қаңтардан бастап Мексика шығанағының атауы Америка шығанағы деп, ал Аляскадағы Денали тауы Мак-Кинли деп өзгерді. 1975 жылға дейін тау осылай аталған.
Трамп шығанақ атауын өзгерту сауда, энергия өндірісі және теңіз өнеркәсібіндегі "америка ұлты үшін шешуші мәні бар" шешім деді.
АҚШ сияқты шығанақпен шектесетін Мексика халықаралық деңгейде танылған атау жүздеген жыл бойы теңіз навигациясында қолданылып келеді деп мәлімдеді.
Мексика президенті Клаудия Шейнбаум 31 қаңтарда Google корпорациясын карталарындағы шығанақтың атауын өзгертпеуге үндеген. Шейнбаум халықаралық құқық ел аумағындағы сулардың 12 теңіз милясынан астам кеңеюіне жол бермейді деді. Осыған байланысты америкалық атау Мексика мен Куба үшін заңды бола алмайды деді ол.
Басқа да жаңалықтар
Times Келлог Украинаны "Берлин сияқты" бөлуді ұсынғанын жазды. Келлог сөзі бұрмаланғанын айтты

Британдық Times басылымы 11 сәуірде АҚШ президентінің Украина және Ресей бойынша арнайы уәкілі Кит Келлогпен сұхбат жариялады. Онда ол соғыс біткеннен кейін Украинаны уақытша үш жауапкершілік аймағына бөлуді ұсынған.
"Бұл Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Берлин сияқты көрінуі мүмкін, ол кезде ресейлік, француз, британ және америкалық аймақ болған" деп басылым Келлогтың сөзінен үзінді келтіреді.
Жоспарға сәйкес, Ресей қазір оккупациялап отырған аймақты бақылауда ұстамақ. Франция мен Ұлыбритания (және өзге де "еріктілер коалициясы") өзінің контингентін Днепрдің оң жағалауымен шекарадағы Украина аумағына орналастырады. Ал Украинаның қалған аймақтарында мысалы, Сумы мен Харьков облыстарында тек Украина күштері ғана болмақ.
Осы үш аумақ сызығында шамамен 30 шақырымға созылатын демилитаризацияланған аймақ құрылады.
Британдық газеттің жазуынша, Келлогтың жоспарына сәйкес, АҚШ "қазір Ресей бақылап отырған украин жеріне іс жүзінде бақылау жасағанды" мойындамаған болып шығады.
Трамптың арнайы уәкілінің пікірінше, Ресей президенті Владимир Путин "бақылау аймағы" туралы ұсынысты қабылдамауы мүмкін.
Times мақаласынан кейін Кит Келлог X желісінде өзінің сөзін бұрмалағанын айтты.
"Мен атысты тоқтатқаннан кейін Украинаның егемендігін қолдауға бағытталған тұрақтылықты қамтамасыз ететін күштер туралы айттым. Бөліну деген кезде одақтас күштердің (америкалық әскерді қоспағанда) жауапкершілік аймақтарын айттым. Украинаны бөлу туралы айтқан жоқпын" деді ол.
Қазақстан Голан жотасындағы әскеріне ротация жүргізді. Контингент БҰҰ миссиясына қатысып жатыр

Қазақстан қорғаныс министрлігі Голан жотасындағы Фауар базасына шоғырланған күштеріне ротация жүргізді. Бұл жөнінде ведомство 12 сәуірде хабарлады.
Ротация рәсіміне Қазақстан қорғаныс вице-министрі Шайх-Хасан Жазықбаев қатысты. Бітімгер күштерінің командирлері Жігер Аипов пен Жәнібек Нұрланов басшылыққа әскери контингентті алмастыру жөнінде баяндады деді қорғаныс министрлігі өкілдері.
Министрліктің хабарлауынша, миссиясын аяқтаған әскери қызметкерлер Қазақстанға оралады. Олар Таяу Шығыс елдерінде бір жылдан астам уақыт болды.
139 адамнан құралған алғашқы әскери контингент Фауар базасына 2024 жылы наурызда барған.
"Бітімгерлер бақылау бекеттерінде қауіпсіздікті қамтамасыз етті, аумақты күзетті, гуманитарлық көмекті алып жүрді, эвакуация жүргізіп, жарылғыш заттарды жойды. Олардың жұмысын БҰҰ миссиясының қолбасшылығы жоғары бағалады" деп жазылған Қазақстан қорғаныс министрлігінің хабарамасында.
2015 жылы қабылданған "Бітімгерлік қызмет туралы" заңға сәйкес, әскери қызметкердің бітімгерлік операцияға қатысуы туралы шешім президенттен ұсыныс түскен соң парламент палаталарының бірлескен отырысында талқыланып, қабылданады. Бітімгерлік миссияға әскер жіберу туралы ұсынысты президент айтады. Үкімет әскердің құрамын, саны мен қызмет атқару мерзімін анықтайды. Былтыр Қазақстан парламенті Қазақстанның бітімгер әскерін Таяу Шығыс және Африкаға жіберуді мақұлдаған.
Голан жотасы - Израиль мен Сирия арасында жатқан жер. Ол жер 1967 жылы алты күндік соғыстан кейін Израиль бақылауына өткен. Даулы жердің басым көпшілігін Израиль ұстап отыр. Әлемнің көптеген елдері Израильдің Голан жотасын меншіктегенін мойындамайды. 2019 жылы АҚШ мойындаған.
Кейінгі 16 жылда Қазақстанның 600-ден астам жауынгері БҰҰ-ның Азия, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі жеті бітімгерлік миссиясына қатысқан. Былтыр Қазақстанның 19 жауынгері БҰҰ-ның Ливан республикасындағы, Батыс Сахарадағы, Конго демократиялық республикасындағы және Орталық Африка республикасындағы бітімгерлік миссияларының құрамында қызмет етіп жүргені хабарланған еді.
Тәжік оппозициясы президент Рахмон мен айналасындағыларға қарсы Гаага сотына шағым түсірді

Тәжікстанда Эмомали Рахмон билігі тарапынан қыспаққа ұшыраған тәжік оппозициялық саясаткерлері Тәжікстан президенті мен ел билігі үстінен Гаагадағы халықаралық қылмыстық сотқа шағым түсірді. Оларға шетелде жүрген құқық қорғаушылар да қосылды: олар республика билігін адамзатқа қарсы қылмыс жасады деп айыптады.
Шағым түсіргенін Х желісіндегі парақшасында елде қызметіне тыйым салынған Тәжікстан ислам жаңғыру партиясының жетекшісі Мухиддин Кабири мәлімдеді.
"Ендігі шаруа халықаралық қылмыстық соттың қолында. Ол (Рахмон) тәжік халқына қарсы жасаған қылмысы үшін жақын арада жауап береді деп үміттенемін" деді саясаткер.
Шағым түсірілгенін әлеуметтік желіде заңгер Николя Линьёль (Nicolas Ligneul) де растады. Оның сөзінше, үш ұйым: халықаралық еріктілер украиналық қоры (FUVI), Freedom For Eurasia және Тәжікстан ислам жаңғыру партиясы халықаралық қылмыстық сотқа жүгініп, тәжік билігінің қудалауын әшкерелегісі келеді. Онда осы анықтамаға сәйкес келетін 60-тан астам оқиға құжатқа түсірілген: арасында азаптау, зорлау, сотсыз дарға асу, елден күштен кетіру сияқты жайттар бар. Құқық қорғаушылар тергеу бастап, кінәлілерді тұтқындауға ордер беруді талап етті.
Мухиддин Кабири "Настоящее время" арнасына берген комментарийінде халықаралық қылмыстық сот шағымды қарап, қылмыстық істі ашу процедурасын бастайды деп үміттенетінін жеткізді. Бұған қоса, кінәлілерді тұтқындауға бұйрық беретін болар деді.
"Бастапқыда төрт жыл бұрын біз халықаралық заңгерлермен бірлесе отырып, аз айтып, бірақ тыңғылықты түре іс тындыру тактикасын таңдағанбыз. Қазір шағымымыз шамамен 250 парақ болды. Тағы бірнеше мың парақ бар – бұлар фактілер, видеоматериалдар, аудиоматериалдар, куәгерлердің жеке куәліктері және тағы басқа" деді ол.
Тәжікстан билігі әзірге халықаралық қылмыстық сотқа шағымға қатысты реакция білдірмеді.
Украина Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қойған 360 қырғыз азаматының тізімін жариялады

Украиналық "Хочу жить" мемлекеттік жобасы Украинадағы соғысқа қатысу үшін Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қойған 360 қырғыз азаматының аты-жөнін жариялады. Жоба өкілдері тізім толық емес екенін, шын мәнінде жалдамалылар саны бұдан да көп болуы ықтимал екенін ескертеді.
Тізімдегілердің ең жасы - 18-де. Ол кәмелетке толғаннан кейін бірден келісімшартқа қол қойған. Ең егдесі – 63-те.
Тізімдегі кемінде 38 адам опат болған. Жоба өкілдерінде олардың өлген уақыты мен жерленген жері туралы ақпарат бар. Соғысқа аттанған қырғыз азаматтарының бірі келісімшартқа қол қойған уақыттан кейін 12 күннен соң қаза болған.
Азаттықтың Қырғыз қызметі Донецк облысы Покровск ауданы Авдеевка қаласы түбінде қаза болған 57 жастағы азаматты да тізімнен тапты. Ол келісімшартқа қол қойған мерзімнен кейін бір айдан соң мерт болған. Туысының сөзінше, оның соғысқа аттануына не нәрсе түрткі болғаны белгісіз. Оны соғысқа қатысып, ақша алған таныстары үгіттеуі мүмкін деді ол. Туысының сөзінше, қазір оның бауырының отбасы Ресей уәде еткен ақшаны алуға тырысып жатыр. Әзірге, жартысы ғана қолдарына тиген.
Журналистер қаза болғандардың тізімінен Ресей түрмесінде отырып, соғысқа тартылған 35 жастағы қырғыз азаматын да тапты. Ол ұзақ уақыт Екатеринбургте тұрған, ал 2022 жылы адам өлтіру бабы бойынша айыпталып, 9 жылға түрмеге кесілген. Сол жылы 5 мамырда соғысқа барып, 20 мамырда опат болған.
Қырғызстан билігі әзірге "Хочу жить" жобасы жариялаған ақпаратқа түсініктеме бермеді.
Бұған дейін "Хочу жить" жобасы Ресей әскері қатарында Украинада соғысқан қазақстандықтар туралы мәліметті де жариялаған. Тізімде 600-ден астам адамның аты-жөні бар. Қазақстан билігі журналистерге "әуелі ол мәліметтің рас-өтірігіне көз жеткізу керек" деп айтқан еді. Азаттық бұған дейін Ресей әскерінде соғысып жүрген қазақстандықтар туралы жазған. Тізімде олардың аты-жөндері де бар және ондағы деректер бір-бірімен сәйкес келеді.
"Хочу жить" жобасы Украина аумағында Ресей әскері қатарында соғысып жатқан ресейліктерге, шетел азаматтарына қауіпсіз түрде өз еркімен тұтқынға берілуге көмектеседі.
Демограф Ракша: Ресейде туу көрсеткіші 18 ғасырдың соңынан бергі ең төменгі деңгейге түсіп кетті

2025 жылдың алғашқы тоқсанында Ресейде 293-294 мың нәресте дүниеге келген, бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,4 пайызға аз деп жазды демограф Алексей Ракшаға сүйенген "Агентство" басылымы.
"2025 жылдың бірінші тоқсаны 18 ғасырдың соңы мен 19 ғасырдың басынан бері [алғаш рет] антирекорд орнатқан тәрізді" (Ресейде ол кезде басқа шекара болған - ред.) деді сарапшы. Бірақ ол аталған кезеңдердегі туу көрсеткішін есептеуде қандай әдіс қолданғанын айтқан жоқ.
Дегенмен Ресейде бір әйелге шаққанда бала саны іс жүзінде өзгермеген: ол 1,432-ден 1,431-ге қысқарған.
Ракшаның түсіндіруінше, туу көрсеткішінің азаюы 1990 жылдардағы "демографиялық ордың" жаңғырығымен байланысты. Елде бала тууға қабілетті әйелдер саны қысқарған. Демограф бала тууды арттыруға бағытталған мемлекет саясатының ешқандай ықпалы жоқ деп санайды.
Ресейде бала туу көрсеткіші 2014 жылдан бері азайып келеді. 2023 жылы көрсеткіш – Ресейдің қазіргі заманғы тарихында бала туу көрсеткіші ең төмен тіркелген кезең 1999 жылғы деңгейге түскен.
Ресей билігі демография ахуалын жиі талқылайды. Олар "демографияны көтеру үшін" түсік жасату мен контрацепцияға шектеу қойып, ресейліктерді бала тууға шақырып келеді.
Петербургте Путин мен Трамптың арнайы уәкілі Уиткофф кездесті

Санкт-Петербургте Борис Ельцин атындағы президент кітапханасында Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стивен Уиткофф кездесті. Кездесу шамамен 4,5 сағатқа созылды.
Хаттамалық түсірілімнен кейін Путин мен Уиткофф жабық форматтағы келіссөзге кетті. Кремльдің өкілі Дмитрий Песков келіссөздің тақырыбы Украина болуы мүмкін екенін жеткізген. Песковтің сөзінше, кездесуден кейін Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп телефон арқылы сөйлесуі мүмкін. Телефон әңгіменің болғаны-болмағаны әзірге белгісіз.
Ақ үйдің өкілі Каролин Ливитт брифинг кезінде Уиткоффтың Ресейге сапарын – бейбітшілік жолындағы тағы бір қадамдардың бірі деп атады.
Трамп АҚШ президенті қызметіне отырғалы бері Путин мен Уиткофф осымен үшінші рет кездесіп отыр.
Путинмен кездесу алдында Уиткофф Ресей президентінің шет мемлекеттермен әріптестік жөніндегі өкілі Кирилл Дмитриевпен келіссөз өткізген. АҚШ пен Ресей президенттерінің өкілдері кейінгі бірнеше күнде осымен екінші рет кездесіп отыр. Алғашқы кездесу Вашингтонда өткен.
Дмитриевпен бірінші кездесуден соң Reuters дереккөздерінің айтуынша, Уиткофф Трампқа бейбітшілікке жылдам жетудің жолы – Ресейге Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарын бақылауды беруді қарастыратын стратегияны қолдау деп айтқан.
Ал Трамптың Украинадағы арнайы өкілі Кит Келлог Уиткоффты қолдамаған деп айтылады. Келлогг Трампқа «Украина бұл аумақтарға қатысты кейбір шарттар бойынша келіссөзге дайын болғанымен, бұл аймақтарды толық бақылауды Ресейге біржақты түрде беруге ешқашан келіспейтінін» айтқан.
Агенттіктің жазуынша, Трамп әкімшілігінің өкілдері әлі де бейбітшілік келісімнің шарттары бойынша ортақ мәмілеге келе алмай отыр.
Темірлан Еңсебекке 5 жыл бас бостандығын шектеу жазасы кесілді

Алматының Наурызбай аудандық соты Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті "араздық қоздыру" бабы бойынша кінәлі деп тауып, оған бес жыл бас бостандығын шектеу жазасын кесті.
ЖУРНАЛИСТИКАМЕН АЙНАЛЫСУҒА ТЫЙЫМ
Бір күн ішінде куәлер сөйлеп, жарыссөз өтті, содан соң үкім де шығарылды. Сот Еңсебектің қоғамдық жұмыспен, соның ішінде журналистикамен айналысуына, митингіге қатысып, сұхбат беруіне тыйым салды. Бұған қоса сот Темірлан Еңсебектің телефоны мен ноутбугын тәркілеп, одан сот шығындарын қайтаруға үкім етті. Одан бөлек Еңсебек 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (70 мың теңгедей) айыппұл төлеуі тиіс.
Прокурор сотталушының айыбы толық дәлелденді деді. Айыптау актісі бойынша Темірлан Еңсебек "адамзаттың бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін ауыр қылмысты қасақана жасаған".
"Ашық процесс" болады деп жұртқа хабарланған сот процесінде Темірлан Еңсебектің ісін судья Бейнегүл Қайсина қарады.
Қылмыстық кодекстің "Араздық қоздыру" бабы бойынша айып тағылған Темірлан Еңсебек сот процесіне Алматының тергеу абақтысынан видеобайланыс арқылы қосылды.
Процесс басталған күні сотталушы өзін сот залына алып келуді сұраған. Бұған қоса адвокаты Жанар Балғабаева судьядан процеске сыртта кіре алмай қалған адамдарды да қатыстыруды өтінген. Бірақ судья екі өтінішті де қанағаттандырмады. Еңсебек үкімді онлайн режимде тыңдады.
БЕЙӘДЕП СӨЗДЕРДЕН ҚҰРАЛҒАН ӘН
Прокурор Дидар Қабаев оқыған айыптау актісінде Темірлан Еңсебек Qaznews24 паблигінің әкімшісі бола отырып, 2024 жылғы 21 қаңтарда өзі жүргізетін пабликте "орыс азаматтарының ар-намысын қорлайтын" трек жариялаған. Еңсебек "Йоу, орыстар" деген бейәдеп сөздерден тұратын әнді ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы постына қосқан. Былтыр жазда Алматыдағы рэп-фристайлда "Йоу, орыстар" әнін айтқан видео желіде тарап кеткеннен кейін Алматының әкімшілік соты әнді айтқан белсенді Мария Кочневаны 10 күнге қамаған еді.
Qaznews24 сатиралық паблигінің Instagram-да 70 мыңдай фоллоуері бар. Бұл парақша көбіне саяси тақырыпта шындыққа жанаспайтын әзіл пост шығарумен танылған.
Алматы қаласының полиция департаменті 21 қаңтарда оның үстінен іс қозғауға сатиралық жазбалары емес, автордың "бүтін бір этнос өкілін қорлайтын, ұлтаралық алауыздық қоздыратын белгілері бар материал жариялағаны" себеп болды деп мәлімдеді.
"Қазақстан – көпұлтты ел, сондықтан мұндайға жол берілмейді, Конституцияға сәйкес, ешкімді шығу тегі, ұлты, тілі, дінге көзқарасы я кез келген басқа жағдай бойынша кемсітуге болмайды. Мұндай іс-әрекеттер Қазақстанның негізгі қағидаттарының бірі саналатын этносаралық келісім мен халық бірлігіне нұқсан келтіреді". Полиция баспасөз қызметі осылай деген.
Еңсебек сотта өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын айтқан. "Айыптау актісінде адамзатқа қарсы қылмыс жасағаным туралы жазылған. Мен Қазақстан билігі үшін ресейлік пропагандистер тұтас әлем және адамзат екенін білген жоқпын. Не істеп қойдым?", – деді Еңсебек сотта.
"САЯСИ АСТАРМЕН ҚУДАЛАУ"
Темірлан Енсебектің ісі бойынша сот процесі бірнеше рет кейінге шегерілді. Алғашында 14 ақпанға белгіленген еді, кейін 21 ақпанға ауыстырылды. Бірақ тағы да ысырылып, ақырында 27 ақпанда Алматының Алмалы аудандық сотында негізгі сот процесі басталған-ды. Прокурор айыпталушы Темірлан Енсебек Наурызбай ауданындағы үйінде "қылмыс жасалғандықтан" бұл істі Наурызбай аудандық сотына беру қажет деген уәж айтты. Судья прокурордың өтінішін қанағаттандырды.
Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті полиция 17 қаңтарда Алматыда ұстады. 18 қаңтарда тергеу соты оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Еңсебекке "ұлтаралық алауыздық қоздырды" деген айып тағылды.
Еңсебек қамауға алынғаннан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында белсенділер мен журналистер оны қолдап жалғыз адам пикетін өткізді, көбін полиция ұстап әкетіп, айыппұл салды я әкімшілік қамауға алды. Еңсебекті қолдаушылар пикетке "Сатира қылмыс емес" деген жазу ұстап шыққан еді.
International Partnership for Human Rights, Human Rights Watch, Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен "Журналистерді қорғау комитеті", Article 19 ұйымы Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекті босатуға үндеген. Сатиралық паблик авторының үстінен іс қозғалғанын тәуелсіз сарапшылар да сынға алған. Белсендінің жақтастары Темірлан саяси астармен қудалауға түсіп жатыр деп біледі.
Тоқаев "сауда соғысы" ушықса, Ұлттық қордың мүмкіндігін пайдаланатынын айтты

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі "сауда соғысы" ушығып, ахуал нашарласа, Ұлттық қордан қаржы алу мүмкіндігін қарастыратынын мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамптың әлем елдерінен келетін тауарларға тарифтерді 90 күнге шегеру туралы ұйғарымын құптаған ол "сауда соғысы" салдарынан "әлем экономикасы құлдырап", "қарулы қақтығысқа" ұласуы мүмкін деп ескертті. Бұл жөнінде Ақорданың телеграм-арнасы хабарлады.
– Біз президент Трамптың аталған қақтығысқа қатысы бар елдердің ұстанымдарын нақтылап, мүмкіндігінше келіссөз бастау үшін 90 күн мораторий жариялау туралы байыпты шешімін құптаймыз, – деді Тоқаев.
Бұған қоса Тоқаев әлемде болып жатқан тарифке қатысты талас-тартысты "сауда соғысы" деп бағалап, оны "күрделі ахуал" деп сипаттады және мұның соңы "қарулы қақтығысқа дейін ұласуы мүмкін" деп ескертті.
– Сарапшылар елдердің бір-біріне қарсы тарифтер енгізуі әлем экономикасының құлдырауына түрткі болып, халықаралық сауда-саттықтың бүкіл ережесін тас-талқан етуі, тіпті, оның соңы қарулы қақтығыстарға дейін ұласуы мүмкін деп ескертеді, – деді Қазақстан президенті.
Тоқаевтың айтуынша, "тарифтік қақтығыстар саясаты" кесірінен қор биржалары мен шикізат нарығы "бұрын-соңды болмаған мазасыз күйге түскен". Трамптың тариф енгізуді кейінге қалдыру шешімінен соң жағдай "біршама тұрақталған".
– Әңгіме кезекті рецессия жайында ғана емес, жаһандық экономиканың іргесін шайқап, халықаралық қатынастар жүйесіне ауыр зардабын тигізетін дағдарысқа бет алғанымызда болып отыр, – деді Қазақстан президенті.
Оның айтуынша, бұл қиындықтарға қарамастан "Қазақста жан-жақты жаңғыру жолынан ауытқымайды".
– Біз инфрақұрылым, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және басқа да бағыттар бойынша ірі жобаларымызды жүзеге асыра береміз. Жұмыс тоқтамайды. Сондай-ақ, әрине, мемлекетіміз әлеуметтік міндеттемелерін орындайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Дегенмен ол "әлемдік дағдарыс күшейіп кеткен жағдайда" Қазақстан "Ұлттық қорының резерві мен алтын валюта қорының мүмкіндіктерін" қолдануы мүмкін екенін ескертті.
- Қазақстан қаржы министрлігінің биыл қаңтардағы мәліметі бойынша, Ұлттық қордың қазір 57 миллиард доллар валюталық активі бар. Былтыр қордан үкімет 5,6 триллион теңге (10 миллиард доллардай) алған. 2024 жылы қазанда парламент алдағы жылдары да Ұлттық қордан трансферттер жасауды көздейтін заң жобасын мақұлдаған. Ол қаржы бюджет дефицитінің орнын толтыруға жұмсалады. Жыл басындағы мәлімет бойынша Қазақстанның 44,2 миллиард доллар алтын-валюта резерві бар.
- 2 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп әлемнің 185 елінен келетін импорттық тауарларға, арасында Қазақстан да бар, баж салығын енгізетінін мәлімдеген. Көбінің мөлшері 10 пайыздан көп. Қазақстаннан АҚШ-қа баратын тауарларға 27% баж салығы енгізу қарастырылған. Қазақстан үкіметі жаңа тариф АҚШ-қа экспортталатын тауарлардың едәуір бөлігіне әсер етпейді деп мәлімдеген. 10 сәуірде Трамп АҚШ-тың көп сауда әріптесіне енгізген импорттық баж салығын 90 күнге тоқтататынын хабарлады.
Алматыда Ресей сыртқы істер министрі орденмен марапатталды. Ол Мәскеу әскери парадта "өз достарын күтеді" деді

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстанға жұмыс сапары барысында орденмен марапатталды. 10 сәуірде Алматыдағы Вознесенский соборына барған кезде Лавров Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың қолынан православие шіркеуінің «Бейбітшілік және келісім» орденін алды. Бұл жөнінде Ресей сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Лавров Қазақстанға ТМД сыртқы істер министрлерінің отырысына қатысу үшін келген. Ол 11 сәуірде өтті.
Ресми жиын алдында Лавровпен Қазақстан сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу келіссөз өткізген. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, министрлер кездесу барысында "екіжақты стратегиялық серіктестік пен одақтастықты жан-жақты дамытуға өзара бейілділікті" атап өткен.
Одан кейін Алматыдағы Панфилов саябындағы Даңқ мемориалына барып, мәңгілік алауға гүл қойған.
"Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шараларға барлығы да ерекше мән бергенін ерекше атап өткім келеді. 9 мамырда біз Достастық мемлекеттерінен келген достарымызды Мәскеуде бауырлас халықтарымыз бен бүкіл адамзат үшін ең маңызды есте қалатын күнге арналған іс-шараларда көруге қуаныштымыз. Ресей президенті Владимир Путин ТМД елдерінің барлық басшыларын Мәскеудегі парадқа және басқа да шараларға қатысуға шақырды. Барлығы Қызыл алаңда бізбен бірге болады деп үміттенеміз" деді Лавров.
Украинаға Ресей басқыншылығы жалғасып жатқан шақта Кремль Жеңіс күнін тойлауға ерекше мән беріп отыр. Биыл Ресей Жеңістің 80 жылдығын тойлауды ауқымды түрде атап өтуді жоспарлап отыр. Ресей билігі бұл күнді өзінің саяси мақсаттарын ілгерілету үшін пайдаланады, мысалы Украинаға қарсы басқыншылығын ақтау үшін де қолданады. Мәскеу "нацистерге қарсы тұрып" жатқанын мәлімдеген.
2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Мәскеудегі парадқа бірде-бір шетел басшысы келген жоқ. Ал 2023-2024 жылдары постсоветтік республика басшылары, арасында Орталық Азия басшылары да бар, 9 мамырға Ресейге барған. Бұған дейін Қазақстан президентінің әкімшілігі Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Мәскеудегі парадқа баратынын айтқан.
2019 жылдан бері Жеңіс шеруін өткізбеген Қазақстан — пандемия кезінде карантиндік шектеулерді алға тартса, кейін ақша үнемдеу қажеттігін айтқан.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін саяси тұтқындарды босатуға шақырды

Швецияда орналасқан Civil Rights Defenders ұйымы, Адам құқықтары жөніндегі халықаралық әріптестік (IPHR), Араминта, Freedom Now, норвегиялық Хельсинки комитеті, People in Need, Адам құқықтарының халықаралық федерациясы (FIDH) және Дүниежүзілік азаптауға қарсы комитет (OMCT) 10 сәуірде мәлімдеме жариялап, Орталық Азия елдерінің басшыларын 4 сәуірде Самарқандағы саммитте адам құқығын қорғау бойынша берген уәделерін орындауға шақырды. Орталық Азия елдерінің басшылары қол қойған ортақ мәлімдемеде өзге жайттардан бөлек, олардың сөз бостандығын қорғау, азаматтық қоғам мен тәуелсіз БАҚ-қа жағдай жасау, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау міндетін алатыны жазылған.
Құқық қорғау ұйымдары бейсенбі күнгі мәлімдемесінде Орталық Азия басшыларын, оның ішінде Қазақстан билігін де негізсіз сотталған барлық журналист мен блогерді, адвокат мен құқық қорғаушыларды, азаматтық белсенділер мен сыншыларды түрмеден босатуға шықырып, адам құқығы бойынша алған міндеттемелерге қайшы келетін заңнама баптарын алып тастауға үндеді.
Мәлімдеме авторлары президент Қасым-Жомарт Тоқаевты атап айтқанда "саяси тұтқындар" белсенді, журналист Әйгерім Тілеужанова, оппозиция жетекшісі Марат Жыланбаев, блоггер-сатирик Темірлан Еңсебек, еңбек құқығын қорғаушы белсенді Ержан Елшібаевты босатуға үндеген және саяси себеппен қамауда отырған өзге азаматтарды да қамаудан шығаруға шақырған.
"Бұл тұлғалар өздерінің азаматтық және саяси құқықтарын жүзеге асырғаны үшін қудаланды деп санаймыз және билік оларға тағылған айыптарды растайтын сенімді дәлелдер келтірген жоқ деп есептейміз. Қазақстан билігі "экстремистік әрекетке қатысу", "алауыздықты тудыру" және "жалған ақпарат тарату" үшін жазалауды қарастыратын Қылмыстық кодекстің бұлыңғыр жазылған нормаларын қайта қарауы керек. Бұл баптар билік сыншыларын қудалау үшін жиі пайдаланылады және олардың арасында жоғарыда аталған тұлғалар да бар.
Мәлімдеме авторлары сонымен бірге Қазақстан билігін "шетел агенті туралы" заң жобасын қабылдамауға, ЛГБТ өкілдеріне жария түрде тиісе бермеуге үндеді. Шетелден грант алып істеп жатқан үкіметтік емес ұйымдарды да қудалауды доғаруға шақырды.
Құқық қорғау ұйымдарының мәлімдемесінде 4 сәуірде Самарқанда қабылданған құжаттың 16-тармағынан да үзінді келтіріледі.
"ЕО және Орталық Азия басшылары заң үстемдігін, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды ілгерілету және қорғау ортақ құндылық болып табылатынын растады. Пікір айту мен бірігу еркіндігін қамтамасыз ету, азаматтық қоғам мен тәуелсіз БАҚ үшін қолайлы орта жасау, құқық қорғаушыларды қорғау, сонымен бірге әйел мен бала құқығын, еңбек құқығын сақтау ЕО және Орталық Азия қарым-қатынасының негізі болып қалады" деп жазылған құжатта.
Қазақстан елдегі адам құқығы ахуалына қатысты жиі сыналады. Биыл қаңтарда Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары кеңесінде Қазақстандағы адам құқықтарының ахуалы талқыға түскен еді. БҰҰ-ға мүше елдер Қазақстанды сөз бостандығын қолдап, БАҚ, блогер, журналистердің құқығын қорғауға кепілдік беруге шақырған. Бұған қоса, Қазақстанды Қаңтар оқиғасы кезіндегі азаптау, өзге де дөрекі қарым-қатынас түрлерін зерттеуге және кінәлілерді жауапқа тартуға үндеген. Ал әмбебап периодикалық шолу кезінде кезек-кезек сөйлеген әр ел өкілдері Қазақстанда өлім жазасы жойылғанын, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жаза қатайтылғанын, Конституциялық сот құрылғанын оң бағалаған. Ал елдегі Қаңтар оқиғасын тергеу, қамауға алынғандарды азаптау, азаматтардың саяси көзқарасын еркін білдіру мәселелеріне қатысты ішінара сын айтқан.
Қазақстан билігі елде саяси қудалау барын мойындамайды және саяси тұтқын жоғын да айтады.
3-4 сәуірде Самарқанда өткен ЕО-Орталық Азия саммитіне Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен мен Еуропа кеңесінің басшысы Антониу Кошта, Орталық Азия басшылары: Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов қатысқан.
Бұл – "Еуропа+Орталық Азия" форматында өткен алғашқы саммит. Бұған дейін мұндай форматтағы саммит АҚШ, Қытай, Ресеймен болған.
Әділет министрлігі: "Шетел агенті туралы" заң жобасын әзірлеу ұсынысы түскен жоқ

Кейінгі екі айда Қазақстанда "шетел агенті" туралы заң қабылдау мәселесі жиі айтыла бастады. Ақпанда мәжіліс депутаты Ирина Смирнова мұндай заң "сыртқы ықпалды шектеуге қажет" деген.
Дегенмен әділет министрлігі Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында парламент тарапынан мұндай заң жобасын әзірлеу ұсынысы түспегенін жазған.
“Әділет министрлігіне парламент тарапынан “Шетел агенті” туралы заң жобасын әзірлеу туралы ұсыныс түспегенін және үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2025 жылға арналған жоспарында да ондай заң әзірлеу көзделмегенін атап өтеміз” деп жазылған жауапта.
Ведомство жауапта десе де, заң шығару бастама құқығы президент, парламент депутаттары, үкімет пен мәжілісте бар екенін атап өткен.
Бұған дейін сарапшылар Қазақстан Ресейдегідей заң қабылдаса, үкіметтік емес ұйымдардың жұмыс аясы тарылуы мүмкін деген қауіп айтқан.
Ресейлік "шетел агенті туралы" заңға ұқсас құжатты былтыр Қырғызстан мен Грузия да қабылдаған. Осымен аттас заңдарды кейінгі жылдары Еуропа елдері де қабылдауды қолға алған.
Ал АҚШ-та мұндай заң 1938 жылдан бері бар. Атауы мен мақсаты ұқсас болғанымен, әр елдегі саяси ахуалға қарай заңның қолданылу механизмі әртүрлі. Сөз еркіндігін шектеп, азаматтық қоғамды қуғындауға ілік болған Ресейдегі "шетел агенті" туралы заңның сынға алынатыны да сондықтан.
Наурыз айының басында Vласть интернет журналы Ақордадағы дереккөзіне сүйеніп, президенттің мұндай заң жобасын ұсынуға ықыласы жоқ деп жазды . Смирнованың бастамасы парламент мәжілісінде де қызу қолдау таба қойған жоқ. Әділет министрлігі де Vласть сауалына 2025 жылдың жоспарында ондай заң жобасы қарастырылмаған деп жауап қатқан.
Қазақстанның қаржы министрлігі 2023 жылдан бері шетелден қаржы алғандарды арнайы реестрге енгізіп келеді. Биыл 18 наурызда жаңарған тізімге "Internews Network", "PaperLab", Қазақстандағы адам құқықтары және заңдылық сақтау жөніндегі бюро, "MediaNet" халықаралық журналистика орталығы, "Әділ сөз" сөз еркіндігін қорғау қоры және Reuters агенттігінің Қазақстандағы өкілдігі кірді. Бірақ тізімде Азаттық радиосы жоқ. Қазір ол реестрде 379 жеке және заңды тұлға бар.
Атбасар түрмесіндегі азаптау ісі: ақтау үкімі жойылып, іс бірінші инстанцияға қайтарылды

Ақмола облыстық соты Атбасар түрмесінде ондаған тұтқынды ұрып-соғып, азаптады деп айыпталған 12 қызметкерді ақтау туралы үкімнің күшін жойды. Бұл жөнінде құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина хабарлады.
"Азаптау бойынша ақтау үкімінің күші жойылды. Бірінші инстанцияға қайта жіберді. Тимур және өзге жәбірленушілерге жаңа сот талқылауында күш пен төзім тілейміз. Бұл психологиялық жағынан өте ауыр” деп жазды ол.
Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі Атбасар ауданы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің 12 қызметкеріне қатысты сот үкімі жойылғанын растады.
Сот өкілдерінің айтуынша, қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері тұтқындарды азаптады деп айыпталған, алайда сот алқасы "қылмыс құрамы болмағандықтан" оларды ақтаған.
"Сот алқасы қатысқан отырыста талқыланбауы тиіс болған сұрақтар қаралды. Бұл олардың жәбірленушілер туралы қате байлам жасауына әсет етуі мүмкін. Оның үстіне бірқатар жәбірленушілерге сотта сөз сөйлеуге мүмкіндік жасалмады" деді облыстық сот өкілдері.
12 қызметкерге "Азаптау" бабы бойынша айып тағылған. Биыл ақпанда бірінші инстанциядағы сот түрме қызметкерлерін ақтаған. Құқық қорғаушылар мен белсенділер бұған наразы болған.
Жәбірленушілердің арасында "ұлтаралық араздық қоздырған" деген айыппен үш жылға сотталған азаматтық белсенді Тимур Дәнебаев та бар. Былтыр күзде Дәнебаев сотта куәлік беріп, түрме қызметкерлері оны қатты ұрып-соққаны соншалық, есінен танып қалғанын айтқан. Дәнебаевтың сөзінше, оны әжетханадағы еденді жууға мәжбүрлеген, бас тартқаннан кейін қатты соққыға жыққан. Оның айтуынша, оны әжетхананы жууға мәжбүрлеп, басын унитазға тыққан.
- 2023 жылғы қыркүйекте әлеуметтік желіде Атбасар қаласындағы колонияда отырған Тимур Дәнебаев пен басқа да сотталған адамдардың соққыға жығылғаны көрінетін видео тараған. Бұл оқиғаға байланысты түрменің 12 қызметкеріне айып тағылып, сот процесі 2024 жылғы шілдеде басталған.
- Айыпталушылар түрменің ішкі ережесіне сай, тәртіп сақтап, қарсылық көрсеткендерге арнайы құралдар қолдануға мәжбүр болғанын, заң бұзбағанын айтып, өздерін ақтауды сұраған.
- Тимур Дәнебаев әлеуметтік желіде 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) әскерін Қазақстанға шақырғаны үшін билікті сынаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты "Алматыға 20 мың бандит шабуылдады" деген сөзі үшін сотқа бермек болған. Кейін оған әлеуметтік желіде "ұлт араздығын қоздырды" деген айып тағылды. Бұған Өскемен қаласы тұрғынының арызы себеп болған. Сот Дәнебаев Ресейдің Украинамен соғысы тақырыбын сөз еткенде ұлт араздығын қоздыратын сөз айтқан деген ұйғарым жасады. 2023 жылы сот оны үш жылға соттаған. Құқық қорғау ұйымдары саяси сипаты болғандықтан, Қылмыстық кодекстен 174-бапты ("Ұлт араздығын қоздыру") алып тастауды талап етіп келеді. Халықаралық Open Dialog қорының мәлімдеуінше, "көп фактіге сәйкес, қылмыстық істі тергеу мен сот біржақты және айыптау сарынында өткен". Дәнебаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, апелляциялық шағым түсіргенімен, үкім күшінде қалған.
Нью-Йоркте тікұшақ Гудзон өзеніне құлап, алты адам қаза болды

Нью-Йоркте тікұшақ Гудзон өзеніне құлап, алты адам қаза болды деп хабарлады қала билігі. Апат себебі әзірге белгісіз. Associated Press-тің жазуынша, тікұшақ бас жағымен құлаған.
Қаза болғандардың үшеуі – бала. Тікұшақ бортында ұшқыштан бөлек, Испаниядан барған туристер отбасы болған.
Қалалық өрт қызметінің айтуынша, тікұшақ апаты жөнінде мәлімет күндізгі сағат 4-те түскен. Куәгерлердің бірінің сөзінше, тікұшақ әуеде тұрып теңселе бастаған.
Азаматтық авиация федералдық басқармасы Bell 206 тікұшағы құлағанын айтты. Бұл коммерциялық авиацияда жиі қолданылатын модель деп айтылады.
"Freedom Finance-тан зардап шектік" деген азаматтар биліктен көмек сұрады

10 сәуірде Астанада Freedom Finance-тың "арам пиғылды қызметкерлерінен зардап шектік" деген азаматтар баспасөз жиынын өткізіп, жылдар бойы жинаған қаржыларын компанияның брокерлеріне сеніп тапсырып, ақырында алданып қалғандарын мәлімдеді.
Сондай азаматтардың бірі Жанна Қапарованың сөзінше, анасы Қарлығаш Қапарова 2019 жылдан бері 50 жыл бойы ауыр еңбекпен тапқан қаражатын компанияның қызметкеріне сеніп тапсырған, ақыр соңында қызметкер өзін тақыр жерге отырғызып кеткенін білген.
"Менің анам 50 жыл бойы патологоанатом-дәрігер болып жүріп, ауыр еңбекпен тауып, жинаған барлық ақшасын инвестицияға салған. Біз қызметкерге сенген жоқпыз, бірінші кезекте компанияға, Тимур Турловқа сенген едік. Біз қызметкердің үйіне барып, ақшаны берген жоқпыз. Біз ақшаны компанияның өзіне жібердік. Кейінірек анам ақшасын ала алмай қалған кезде, біз сияқты зардап шегушілер бар екенін білдік" деді Жанна Қапарова.
Баспасөз жиынында осындай алаяқтық әрекеттердің салдарынан шамамен 30 адам кемінде 2,5 млрд теңге шығынға батқаны айтылды.
Өзін компаниядан зардап шеккен азаматтардың бірі ретінде таныстырған Петропавл тұрғыны 84 жастағы зейнеткер Аида Лукиянова өмір бойы жиған-тергенінен айырылып, қазір еден жуып жүргенін айтты.
"Брокер Световойды (қазір тергеу жүріп жатыр - ред.) 15 жылдан бері БТА банкте істеп жүрген кезінен білемін. Ол менің менеджерім болды. Кейін ол Петропавлдағы Freedom Broker Service директоры болды. Бізде шынымен де сенім болды және бір-бірімізге жақын да тұрдық. Оның сөзінше, алты жыл бойы ол маған ақша тауып беріп жүрген екен. Мен оның кеңсесіне бардым, ол маған монитордан кірісімді көрсетті, акцияларым өсіп жатқанын айтты. 6 жыл бойы бірде-бір рет процентін болмаса негізгі соманы алып көрмеппін. Менде екі дәптер бар. Біріне долларлық акцияларды, екіншісіне теңгелік акцияларды жазып отырамын. Бірақ мен уәде етілген процентті де, ақшаны да көрген жоқпын. Бұған қоса, Световой мені және ұлымды оған ажырасқаннан кейінгі ауыр қаржылық жағдайына байланысты көмектесуге көндірді. Біз 6,5 млн теңге несиені рәсімдеп, оған бердік. Сол ақшаны да көрген жоқпыз. Қазір жинақсыз қалғанымызды айтпағанда сол несиені өтеуге мәжбүр болып отырмыз" деді жиын кезінде кемсеңдеп, көзіне жас алған Аида Лукьянова.
Жиын кезінде тағы бірнеше адам өздерінің бастан кешкендерін баяндады. Олар бұған дейін "жекелеген қызметкерлердің жағдайынан хабардар болмағанын" айтқан Freedom Finance иесі Freedom Holding корпорациясының басшысы Тимур Турловтың сөзіне күмәнмен қарайтынын жеткізді.
Олар құзырлы органдарды осы мәселелерге назар аударып, ақшаларын қайтарып беруге көмектесулерін сұрады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, қазір істі болып жатқан Freedom Finance-тің бұрынғы қызметкерлерінің ісін бақылауға алуды өтінді.
Бұған дейін ақпарат құралдарында "Freedom Finance қызметкерлерінің алаяқтық әрекеттері туралы" ақпарат шыққан. 3 сәуірде ҚазТАГ агенттігі жәбірленушілердің өкілінің мәлімдемесін жариялаған еді. Екі күннен кейін Freedom Finance мәлімдеме жасап, ақпарат құралдарында жарияланған мәлімет манипуляция екенін және шындыққа жанаспайтынын айтқан. Олар ресми хабарламада мұндай хабарламаларды "ұйымдастырылған ақпараттық шабуыл" деп бағалаған еді.
"Бірқатар интернет-басылымдардың материалдарында жалған және расталмаған ақпарат; эмоционалдық айыптаулар; бұрмаланған фактілер, олардың байланысы мен реттілігі; шын мәнінде зардап шекпеген адамдардың сөздері бар. Негізінде мұндай науқан – компанияның заңсыз «соттан тыс келісімге» қатысудан бас тартуына жауап ретінде жасалған PR-шабуыл. Компания басылымдардың біріне мақалаларды алып тастауды, теріске шығаруды және жалған ақпарат таратуды тоқтатуды талап етіп, сотқа дейінгі талап-арыз жолдады" деп жазылған компания хабарламасында.
Forbes тізіміндегі ең жас қазақстандық (37 жаста) Турлов Freedom Holding компаниясын басқарады. Мәскеуде туып-өскен және Қазақстанда тұратын Турлов 2022 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Freedom Holding компаниясының негізін салушы әрі мажоритар акционері. 2022 жылы Ресей әскері Украинаға басып кіргеннен кейін Турлов өз компаниясы Ресей нарығынан кететінін мәлімдеген. Оның холдингі Қазақстанда "Фридом Банк" пен сақтандыру компанияларын бақылайтын "Фридом Финанс" акционерлік қоғамы арқылы жұмыс істейді.
Астанада полиция журналист Лұқпан Ахмедияровты ұстады

Астанада полиция журналист Лұқпан Ахмедияровты ұстады. Ол бұл жөнінде Instagram-дағы парақшасында хабарлады. Ол өзін "қазақстандықтардың соғысқа қатысып жатқаны туралы" жазбасына байланысты ұстаған болуы мүмкін деп болжайды.
"Біз түсірілімде болғанбыз, қазір мені ұстады. Полицейлер келіп, көлікке күштеп отырғызды, шақыру, ештеңе берген жоқ" деді Ахмедияров.
Оның сөзінше, полиция оған қандай да бір қылмыстық іс барын айтқан.
Астана полициясы әзірге журналистің ұсталуына қатысты түсініктеме бермеді.
Журналист Динара Егеубаеваның айтуынша, Лұқпан Ахмедияровқа "көрінеу жалған ақпарат тарату" (274-бап, 3-бөлік) бабы бойынша айып тағылған. Журналист қорғануға құқығы бар куәгер статусына ие болған. Егеубаева іске журналистің Ресейге нәпақа табуға кетіп, төлқұжатсыз қалған 20 қазақстандық жөнінде жазбасы түрткі болғанға ұқсайды деп болжайды.
"Лұқпанға шыққан сол азаматтардың туыстары бұл ақпараттың шын екенін растаса дұрыс болар еді. Бірақ оларды "өңдеген" сияқты" деп жазды журналист.
ПІКІРЛЕР