Accessibility links

Панама каналы үшін күрес. Трамп ол жерден Қытай ізін тапты


Панама арнасымен өтіп жатқан сауда кемелері. 2022 жылғы желтоқсаны
Панама арнасымен өтіп жатқан сауда кемелері. 2022 жылғы желтоқсаны

Дональд Трамптың Панама каналын Вашингтонның бақылауына алсам деген ниеті жай ғана қоқан-лоқы болуы мүмкін. Бірақ АҚШ президентінің дәл осы ниеті әлемде қатты талқыланып жатыр. Панама Трамптың бұл сөзін қорқа қабылдап отыр. Олар Трамп сөзден іске көше ме деп қауіптенеді. Өйткені АҚШ 1980 жылдардың аяғында Панама каналын күшпен тартып алып, прецедент жасаған.

Президент болып қайта сайланғаннан кейін Дональд Трамп АҚШ Панама каналын өз бақылауына алғысы келеді деп бірнеше рет мәлімдегенімен, нақты нендей мақсат көздеп отырғанын ашық айтпады. АҚШ-тың жаңа тағайындалған мемлекеттік хатшысы Марко Рубио жақында Панамаға барды. Бұл – Рубионың қызметке кіріскеннен кейінгі шетелге бірінші сапары және жалпы АҚШ мемлекеттік хатшыларының Латын Америкасына кейінгі 100 жылдағы бірінші ресми сапары. Осы сапар барысында хатшы Панама президенті Хосе Рауль Мулинодан Вашингтон Тынық мұхит пен Атлант мұхитын байланыстыратын негізгі кеме жолы ретінде "Панама арнасының жұмысына дереу өзгеріс енгізуді" талап ететінін мәлімдеді. Рубио Дональд Трамп Панама арнасының қызметіне Қытайдың ықпалы қауіп төндіретініне сенімді дегенді баса ескертті.

Панама президенті Хосе Рауль Мулиноның (сол жақта) астанадағы президент сарайында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионы қабылдауы. 2 ақпан, 2025 жыл.
Панама президенті Хосе Рауль Мулиноның (сол жақта) астанадағы президент сарайында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионы қабылдауы. 2 ақпан, 2025 жыл.

ҚЫТАЙДЫҢ НЕ ҚАТЫСЫ БАР?

Панама билігі арнаны басқаруды Қытайға берген жоқпыз деп отыр. Әйтсе де, Панама каналының екі жағынан келетін екі негізгі теңіз порты шынымен де 1997 жылдан бері Hutchison Holdings бірлескен кәсіпорнының басқаруында. Консорциум Қытайдың Айрықша әкімшілік ауданы – Гонконгте тіркелген. Канал бойындағы басқа да бірнеше портқа Панама үкіметі иелік етпейді, оларды АҚШ, Сингапур және Тайвань компаниялары басқарады. Соған қарамастан, арнаның өзіне басшылық ету және ондағы су көлігі мен әскери кемелердің өтуіне Қытайдың қатысы жоқ екені анық, бұған Панама Республикасына тиесілі Панама арнасының әкімшілігі басшылық жасайды.

Сапар алдында Марко Рубио мынадай мәлімдеме жасады: "Кикілжің болған жағдайда Қытай үкіметі Гонконгтен басқарылатын компанияларға Панама каналына кіретін жолды жабу керек десе, олар мұны істеуге мәжбүр болады. Шын мәнінде олардың қандай да бір оқыс жағдай бола қалса, осылай жасаймыз деген жоспары бар екеніне еш күмәнім жоқ. Бұл – тікелей қауіп".

Қазір Қытай үшін Панаманың айрықша стратегиялық маңызы бар екені даусыз. Латын Америкасындағы ықпалын ұдайы арттырумен келе жатқан Бейжіңнің көздегені бір ғана Панама арнасымен шектелмейді. Қытай АҚШ-ты аймақтан ығыстырып шығаруға талпынып, Латын Америкасына "жанашыр әрі даму жолындағы мемлекет" деп көрсетеді. Пекин мұны "тарихи тұрғыда үстемдік етуші әрі әлсіз елдерді уысында ұстаушы АҚШ-қа" балама деп атайды.

Кейінгі жылдары Қытай "Бір белдеу – бір жол" жаһандық халықаралық серіктестік концепциясы шеңберінде Панама үкіметіне қымбатқа түсетін инфрақұрылым нысандарына жаппай инвестиция тартуға дайынбыз деп әлденеше рет уәде берді. Соның ішінде Панама арнасына салынатын үлкен көпір құрылысы да бар. Алайда Латын Америкасындағы Қытай маңызды санайтын көптеген ел мұндай аса ауқымды жобаға қатысудан бас тарта бастады. Қытайдың әлемдік саясат пен саудаға ықпалы кеңейе түсуін қолдамайтындар Пекин ұсынатын инвестиция мен келісімшарттың астарында күрделі міндеттемелер бар екенін және олар елдің егемендігіне нұқсан келтіруі мүмкін екенін жасырып қалатынын айтады.

Мирафлорес шлюзі, Панама арнасындағы негізгі жүйенің бірі.
Мирафлорес шлюзі, Панама арнасындағы негізгі жүйенің бірі.

Латын Америкасын зерттеумен айналысатын саясаттанушы, Колумбияның Кали қаласындағы ICESI университетінің профессоры Владимир Рувинский қазір Панаманың өте қиын жағдайда қалып отырғанын айтады:

"Жалпы Дональд Трамп дұрыс айтады: Панамада Қытайдың ықпалы қатты күшейді, ол елдегі негізгі инвестор болып отыр. Бейжің Латын Америкасындағы елдердің көпшілігінің айрықша маңызды серіктесі. Қазір Латын Америкасындағы саясаткерлердің барлығы, оңшыл не солшыл екеніне қарамастан, Қытай деп "үздігіп" отыр, олардың бәрі де Пекинмен әріптестік жалғасқанын қалайды. Бұл Қытайға экономикаға ғана емес, жергілікті саясатқа да араласа бастауға мүмкіндік береді. Аймақтағы елдердің көпшілігі Пекинге тәуелді болып қалғаны сондай, Қытаймен қарым-қатынасты жай ғана үзе салу мүмкін емес. Әрі Латын Америкасындағы ел басшыларының көпшілігі Қытайдың қауіпті авторитар ел екенін есепке ала бермейді. Бұл елде ресми түрде болса да, әлі де коммунистік идеология күшінде. Қытайдан алшақ орналасқандықтан және басқа да алдамшы сезімдерге орай олар Қытайда қазіргі саясат пен экономика қалай жұмыс істейтінін түсінбейді. Бұл да Бейжіңге өте тиімді болып тұр".

КАНАЛДЫҢ МАҢЫЗЫ

Тынық мұхиттағы Панама шығанағын Кариб теңізімен және Атлант мұхитымен жалғайтын Панама каналының ұзындығы – 81,6 шақырым, жалпы ені – 150 метр (әйтсе де, тарихи шлюз камераларының ені 33 метрден аспайды), тереңдігі – 12 метр. Оның құрылысы – адам қолымен жасалған ірі әрі күрделі жобаның бірі. 1920 жылы түбегейлі ашылғаннан кейін Панама арнасы жер шарының батыс бөлігі мен жалпы әлемдегі экономиканың дамуына үлкен әсерін тигізіп, геосаяси маңызы жоғарылай түсті.

Панама арнасынан өте алатын ең үлкен кеме әлемдік кеме жасау өнеркәсібіндегі ортақ стандартқа айналып, "Панамакс" деген атауға ие болды. 2016 жылы мейлінше көлемді шлюздер пайда болғаннан кейін стандарт кемеден ірірек "Жаңа Панамакс" кемелеріне арналған қосымша стандарт шықты. Ал кеменің үлкендігі бұл қалыптан асып кетсе, бір мұхиттан екіншісіне өту үшін бұрынғыдай Горн мүйісін айналуға бүкіл Оңтүстік Американы шарлау керек. Бұл жолды үш есеге дейін ұзартады.

Панама арнасының бір бөлігі саналатын Гатун жасанды су қоймасында тұрған танкер. 2018 жылдың наурыз айы.
Панама арнасының бір бөлігі саналатын Гатун жасанды су қоймасында тұрған танкер. 2018 жылдың наурыз айы.

Орта есеппен бір сауда кемесінің Панама арнасынан өтуіне 9 сағат уақыт кетеді, арна тәулігіне 48 кемеге дейін өткізе алады (кейінгі жылдары қуаңшылыққа байланысты кеме саны қатты қысқарды). Бұрын жыл сайын арнамен 15 мыңға дейін кеме өтіп, олар әлем бойынша мұхиттағы жүк тасымалының 5 пайыздан астамын жүзеге асыратын (бір ғана АҚШ-қа теңіз жолымен тасымалданатын тауардың 40 пайызын жеткізетін). Панама арнасының жүктемесі өте ауыр, оның үстіне кейінгі жылдары жаһандық климат өзгерісіне орай қуаңшылықтан зардап шегіп отыр. Сондықтан да каналдан өту кезегі аукционда сатылады. Кемелердің төлейтін ақысы жарты миллион долларға дейін жетеді.

Панама Республикасының экономикасы осы каналға қатты тәуелді. Алдыңғы онжылдықта каналдан мемлекеттік бюджетке түсетін кіріс орта есеппен 4,32 млрд доллар болатын, бұл елдегі ЖІӨ-нің 6,6 пайызына тең.

Панама каналының қызықты тарихы

Ұлы державалар Атлант және Тынық мұхиттарын жалғап, сауда және әскери байланысты қамтамасыз ететін арна салу туралы ғасырлар бұрын-ақ ойлана бастағанымен, одан нәтиже шыға қоймаған. Ең алғаш мұндай ой 16-ғасырда жүздеген жыл бойы бүтіндей дерлік Батыс жарты шарына иелік еткен Испан империясында пайда болған. Алайда Испанияның әсіредіншіл королі ІІ Филипп мұндай жобаны қарастырудың өзіне тыйым салып, "Құдай қосқанды адам ажырата алмайды" деп мәлімдеген.

Панама арнасының құрылысы. 1908 жыл.
Панама арнасының құрылысы. 1908 жыл.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Франция бастама көтере бастаған. Бұл кезде Панама әлі тәуелсіз мемлекет емес. Бірнеше жыл бұрын ғана Испаниядан тәуелсіздік алып шыққан Колумбия провинцияларының бірі болғандықтан, канал салу туралы сол елдің билігімен келісімге келуге тура келді. 1879 жылы Парижде дипломат әрі кәсіпкер Фердинанд Лессепстің төрағалық етуімен "Жалпыға ортақ мұхитаралық канал компаниясы" құрылып, 800 мыңнан астам адам оның акциясын сатып алды. Францияның бастамасы сыбайлас жемқорлыққа алып келіп, әлемдік деңгейдегі орасан зор шулы оқиғамен танылды. Ақша далаға кетті, канал салынбады. Сол кезден бастап Еуропа тілдерінде "панама" деген сөз ірі көлемде алдау дегенді білдіре бастады.

Осы кезде батыс жарты шардағы ықпалын күшейтуге тырысқан АҚШ іске кірісті. 1903 жылы Богота мен Вашингтон келісімге қол қойып, Колумбия АҚШ-қа Панама каналын салуға арналған жер үлесін 100 жылға жалға берді. Алайда кейін Колумбия келісімнен шығып, АҚШ басқа жолын қарастыра бастады. Олар тапқан жалғыз жол Панама провинциясының Колумбиядан бөлініп шығып, жеке-дара мемлекет ретінде келісімге қол қоюы болды. Панама мойнағында сепаратистік қозғалыс іске кірісіп, АҚШ теңіз флотының тікелей араласуымен 1903 жылдың 4 қарашасында бұл аумақ Колумбиядан бөлініп шықты. "Тәуелсіз Панама Республикасы" атынан көтерілісшілер жағына шыққан француз инженері Жан Филипп Бюно-Варилья АҚШ-пен тиісті келісімшартқа қол қойды.

Панама арнасынан өткен алғашқы сауда кемесінің бірі. 1914 жыл.
Панама арнасынан өткен алғашқы сауда кемесінің бірі. 1914 жыл.

Келісімшарт бойынша, АҚШ "каналды салу, күтіп ұстау, пайдалану, санитарлық тәртіп пен қорғау үшін жерді және су астындағы аймақты", сонымен бірге аумақ егемен болған жағдайдағы басқа да барлық құқықты мәңгілік иелігіне алды.

Бұған қоса, АҚШ Панама Республикасының тәуелсіздігіне кепіл болып, Вашингтонның ойынша Панама өз бетінше әрекет етуге шамасы келмеген жағдайда, "тәртіп орнату" құқығына мәңгіге ие болды. Мәселен, 1964 жылы арна аумағында елдің ұлттық туын ілгісі келген панамалық студент жастарға америкалық әскер ескертусіз оқ атып, бұл көп адамның қазасына әкеп соқты. 1977 жылға дейін осылай жалғасып келіп, Панаманың сол кездегі көшбасшысы Омар Торрихос АҚШ-тың сол уақыттағы президенті Джимми Картермен келісімге қол қойып, 2000 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнаға бақылау жасау Панама үкіметіне берілді.

ЕНДІ НЕ БОЛАДЫ?

Панама арнасының жағдайы мен болашағы туралы Дональд Трамп бірінші рет айтып отырған жоқ. Ол бірінші рет президент болып отырған кезінде, 2017 жылдың маусым айында Панаманың сол кездегі көшбасшысы Хуан Карлос Вареламен кездесіп, АҚШ-тың әскери-теңіз күштері арнадан өткені үшін жылына 1 миллион доллардан астам төлейтінін айтып шағынды. Алайда баға өзгеріссіз қалды.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың сапары алдында Панама астанасының көшелері мен Панама арнасының бұрынғы аумағында түгелдей елдің ұлттық туы ілінді (америкалықтардың бақылауында болғанда мұндайға рұқсат бермейтін).

Панама арнасына Атлант мұхиты жақтан кіретін Колон порты жанындағы Агуа-Клара шлюзінен өтіп бара жатқан теңіз тасымалы саласындағы Lars Maersk дат компаниясының контейнер тасымалдаушысы. 2024 жылдың желтоқсаны.
Панама арнасына Атлант мұхиты жақтан кіретін Колон порты жанындағы Агуа-Клара шлюзінен өтіп бара жатқан теңіз тасымалы саласындағы Lars Maersk дат компаниясының контейнер тасымалдаушысы. 2024 жылдың желтоқсаны.

Панама президенті Хосе Рауль Мулино мемхатшы Марко Рубиомен келіссөзден кейін Панаманың арнаға қатысты дербестігіне ешқандай күмән келтірмеу керегін баса айтты: "Канал бойынша келіссөз жүргізе алмаймын, оны тіпті бастаудың да қажеті жоқ. Бұл тақырып талқыланбайды. Канал Панамаға тиесілі және солай болып қалады". Әйтсе де, ол Вашингтонмен әріптесуге дайын, атап айтқанда, АҚШ-тан заңсыз мигранттарды қайтару мәселесінде байланыс орнатуға кетәрі емес. Соның ішінде Панаманың ғана емес, көршілес елдердің өкілдерін де қайтару мәселесін көтеріп отыр. Панама географиялық орналасуына орай АҚШ-қа баруға тырысатын Оңтүстік Америка елдерінен шыққан мигранттардың көпшілігіне негізгі транзит ел болып саналады.

Мулино Қытаймен ынтымақтастық туралы келісімдерді қайта қарауға да дайын екенін мәлімдеді, соның ішінде екі портты басқарып отырған Гонконг компаниясының келісімшарты да бар. Бұған қоса, Мулино Бейжіңмен "Бір белдеу – бір жол" бастамасына қатысу келісімін созбайтынын айтты. Әйтпесе, 2017 жылы Панама жобаға қатысуға келісім берген Латын Америкасындағы бірінші ел еді.

Президент Мулино Қытаймен одан әрі ынтымақтасудан бас тарту Вашингтонның Панамадағы түрлі жобадағы рөлі арта түсуіне ықпал ететініне үміт білдірді. Панама президентінің айтуынша, кейінгі жылдары АҚШ "Латын Америкасын ұмытып кетті, ал бос қалған кеңістікті басқа ойыншылар толтыруға тырысты".

Мирафлорес шлюзі, Панама аралы.
Мирафлорес шлюзі, Панама аралы.

Хосе Рауль Мулино Марко Рубиомен сөйлескеннен кейін АҚШ Панама каналды бақылауына алу үшін күш қолданатын ниеті жоқ екенін сенімді түрде қайталап айтты. Ал Дональд Трамп таяу күндері журналистермен сөйлесе отырып, бұл мәселеге қайта айналып соқты: "Біз оны қайтарып алатынымыз анық. Басқаша жағдайда өте ауыр болады".

Саясаттанушы Владимир Рувинский шын мәнінде Хосе Рауль Мулиноның ертеңгі күні күмәнді екенін айтады:

"Панамадағы жағдай дұрыс болмаса, бәріне қиын соғады. АҚШ-тың 1989 жылы бұл елге басып кіруі әлі ұмытыла қойған жоқ. Әрі Панаманың ешқандай әскері де жоқ. Панама кейінгі 20 жылда ірі компаниялардың орталығына айналып, әлемнің әр түкпіріндегі аса бай адамдар ақшасын сақтайтын орын болғанға үйреніп қалды. Атышулы "Панама қағаздары" жария болғанға дейін солай болып келді. Панама осы күнге дейін жайлы өмір сүретін, инвестиция салатын және ақшасын жасырып, орасан пайдаға кенелетін жанға жайлы мекен болып келді, солай болып қалып отыр. Ал енді бұл тұрақтылыққа қауіп төніп тұр. Бұдан келетін қауіп өте үлкен әрі жағдай Панама үшін аса жайлы болмауы мүмкін".

Бірқатар сарапшының айтуынша, Панамадағы Марко Рубионың келіссөзі туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің резюмесі айтарлықтай қатаң шықты. Онда Дональд Трамптың арнаға қазір ҚХР бақылау жасап отырғанына сенімді екені, мұны Вашингтон қолдамайтыны айтылған. "Мемлекеттік хатшы Рубио тез арада өзгеріс болмаса, қазіргі жағдайда АҚШ өз құқын қорғау үшін шұғыл шараларды қолға алуға тура келетінін анық-қанық жеткізді", – дейді құжат авторы, Мемлекеттік департаменттің жаңадан келген баспасөз хатшысы Тэмми Брюс. Ол Қытайдың Панама каналына қатысы Картер мен Торрихос арасындағы ескі келісімге қайшы келетінін көрсеткен. Келісім бойынша, арнаның бейтараптығына кепілдік болуы керек. Әйтсе де, Тэмми Брюс нақты қандай шараларды қолға алу туралы сөз болып отырғанын ашып айтпады.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Панама арнасы әкімшілігінің жетекшілерімен шлюздердің бірінде. 2 ақпан 2025 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Панама арнасы әкімшілігінің жетекшілерімен шлюздердің бірінде. 2 ақпан 2025 жыл.

Марко Рубио іссапар барысында Панама каналына да барды. Американың мұнай тиеген танкеріне көз тастаған хатшы Америка мен Панама арасындағы қиын күндерді есіне алды. Ол Панаманың тәуелсіз мемлекет ретінде "Құрама Штаттардың мүддесін жүзеге асыру нәтижесінде пайда болғанын" мойындап, екеуара қарым-қатынастың "жақсы жағы да, жаман жағы да болғанын" айтты. Бірінші кезекте АҚШ-тың 1989 жылы Панамаға басып кіруін айтып отыр. "Оңшыл іс" деп аталатын әскери операцияны Вашингтон елдің сол кездегі басшысы, есірткі саудасы және тағы басқа ауыр қылмысқа қатысы бар деп айыпталған генерал Мануэль Норьеганы тақтан тайдырып, қамауға алу мақсатымен ұйымдастырған.

Марко Рубио АҚШ-тың заңсыз көші-қонмен күресуіне қолдау білдіріп отырғаны үшін президент Хосе Рауль Мулиноға алғысын айтты, нақтырақ айтқанда Колумбия мен Панама шекарасында орналасқан, Панама каналының шығыс жағындағы Дарьен учаскесінен заңсыз жолмен өтетіндер саны қысқарғанына алғыс білдірді. "Бөтелкенің аузы" секілді бұл жерден Оңтүстік Африкадан шыққан мигранттың бәрі бірдей өте алмайды. Кісі аяғы сирек, ну орманда осы күнге дейін Панаманың полициясы мен үкімет әскері болмады деуге болады. АҚШ-қа табан тіресем дейтін мигранттардың көпшілігі дәл осы жерде адам саудасына түседі.

ӨЗІ ҮЛКЕН, ҚИЫНДЫҒЫ КӨП КАНАЛ

Кейінгі жылдары Панама каналынан өту құны айтарлықтай қымбаттады, мұны Трамп та ауық-ауық қайталап отыр. Канал әкімшілігі мұның себебін қуаңшылық салдарынан су деңгейінің төмендеуімен, қаржының аздығымен және сұраныстың үнемі артып отырғанымен түсіндіреді.

Ең соңғы нақты мәліметтерге сүйенсек (2023 жылдың қыркүйек айы), осының алдындағы 12 айда Панама шетелдік тасымалдаушылар мен кемелердің өткені және басқа да жанама қызмет үшін 4,8 млрд доллар алып отырған. Бұл бес жыл бұрынғы ақыдан 62 пайызға жоғары. Ал дәл осы 2023 жылдың қыркүйек айында канал арқылы өткен кемелер саны бар-жоғы 2 пайызға артып, 2018 жылғы 13 795 болса, бес жыл өткенде 14 080 болған.

Панама арнасында су барған сайын төмендеп барады. 2026 жыл.
Панама арнасында су барған сайын төмендеп барады. 2026 жыл.

Бүкіл әлем елдері секілді Панама да қазір "Эль-Нино әсерінен", яғни Тынық мұхиттың экваторлық бөлігіндегі судың жоғарғы қабатындағы температураның өзгермелі болуынан зардап шегіп отыр. Бұл құбылыс әлемдік климатқа ықпал етеді. Эль-Ниньо желді әлсірету немесе күшейту арқылы атмосферадағы алмасуды бұзады, ал жел Панамаға ғана емес, басқа да тропикалық елдерге көбірек жауын-шашын түсуіне көмектесер еді.

Эль-Ниньо салдарынан болған қуаңшылық Панама билігіне суды үнемдеу үшін каналдан өтетін кемелер санын азайтуға мәжбүрлейтін кездері болады. Каналдың шлюздеріне де көп көлемде су керек, бір кеменің өтуі жарты миллион панамалық бір күнде тұтынатын суды алып кетеді. Кейінгі бір-екі жылда қуаңшылық каналда үлкен кептеліс болуына алып келді, су деңгейі бұрын-соңды болмаған көрсеткішке дейін төмендеді. Жақында Панама каналының әкімшілігі канал арқылы өтуге тағы да шектеу қойып, күніне 18 кемеден артық өткізбейтін болды.

Мұндай шектеулер тауардың кешігуіне, тауар жеткізу бағасының қымбаттауына және жалпы Панама каналының әлемдік саудадағы маңызды бір нүкте ретіндегі болашағына әсер етпей қоймайды. Қазіргі сыртқы саясаттағы жағдай тұрғысынан бұл тіптен өзекті. Осыған ұқсас дағдарыс әлемдегі тағы бір маңызды теңіз жолы – Суэц каналында болып жатыр. Оған Таяу Шығыстағы соғыс әсер етуде.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG