"ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ БҰЗАТЫН ҚҰРАЛ"
Наурыз мейрамы қарсаңында мәжіліс депутаты Ирина Смирнова ақпарат нарығын қорғайтын заң жобасын қолға алатынын мәлімдеді. Ол нақты заң туралы көп ештеңе айтқан жоқ. Бірақ шетелден грант түрінде қаржы алатын ұйымдарға тоқталды.
"Дезинформация тұрақтылықты бұзатын құралға айналуы мүмкін. Мұндайға жол бермеуіміз керек. Осыған байланысты көрінеу жалған ақпарат таратумен күресетін заң әзірлеу бастамасы қабылданды", – деді депутат Ирина Смирнова 19 наурызда өткен жиында.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин де 25 наурызда желіде жарияланған сұхбатында шетел ақшасына жұмыс істейтін ұйымдарға сын айтты. Қарин үкіметтік емес ұйымдар "елдегі оң өзгеріске мүдделі емес" деп, аргументін былай түсіндірді:
"Себебі оң өзгерістер болса, біздегі сөз еркіндігі, адам құқықтары мен демократия жөніндегі рейтингілер жақсарады. Ал рейтинг жақсарса, оларды қаржыландыру тоқтауы мүмкін".
Бұл пікірлер Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл наурызда Бурабайда өткен ұлттық құрылтайда айтқан сөзімен үндеседі. Президент шетелден грант алып демократияны насихаттайтындар ел ісіне орынсыз араласып келді деді. Оның нақты қандай ұйымдарды айтқаны белгісіз. Бірақ өзі меңзеген ұйымдарды басқаратындардың жеке байлығы жалақысына сай емес деп атап айтқан.
"Демократиялық моральдық делініп жүрген құндылықтар, оның ішінде ЛГБТ көптеген елге ондаған жыл бойы таңылып келді. Осындай желеумен халықаралық үкіметтік емес қорлар мен ұйымдар көптеген елдің ішкі ісіне негізсіз араласты. Оның түпкі мақсаты – бар болғаны ұрлық, яғни сан миллиардтық бюджетті қалтаға басу екен", – деді Тоқаев өзі президент болғалы осымен төртінші рет өткен ұлттық құрылтайда.
Президент мәлімдемесінен соң жаңа серпін алған "шетел агенті туралы" заң қабылдау мәселесі Қазақстанда бұрын да көтерілген. Үкіметке жақын саясаттанушылар ондай заң қажет десе, қарсы пікір иелері елдегі онсыз да түрлі шектеуден көз ашпаған азаматтық еркіндіктер одан сайын басып-жаншылады деген уәж айтады.
"ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БЕДЕЛІН ТҮСІРЕТІН ЗАҢ"
Медиа заңгер Гүлмира Біржанова мұндай заң қабылданатын болса Қазақстанның халықаралық беделіне нұқсан келтіреді деп есептейді. Оның сөзінше, үкіметтік емес ұйымдар қазірдің өзінде салық кодексі арқылы реттеліп отыр.
"Заңгер ретінде айтайын, үкіметтік емес ұйымдарға қатысты ашықтық пен есеп беру тетіктері Қазақстанның салық кодексінде түгелдей анық жазылған. 2017 жылы терроризммен күрес аясында заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, үкіметтік емес ұйымдар қаржы көзі мен мақсатын көрсетуге міндетті", – деді заңгер.
Біржанованың өзі жұмыс істейтін "Құқықтық медиа орталық" шетелден грант алады. Елде сөз еркіндігі мен медиадағы бостандықты дамытуға үлес қосып келеді. Кейінгі жылдары "Масс-медиа туралы" заң жобасын жетілдіруге атсалысты. Ұйым заңгері Қазақстан Ресейдегідей заң қабылдаса, үкіметтік емес ұйымдардың жұмыс аясы мүлде тарылады дейді.
"Біздің үкіметтік емес ұйым заңнамамен ұзақ уақыттан бері айналысып келеді. Парламенттегі жұмыс топтарына қатысып, "Масс-медиа туралы" заң жобасын [жетілдіруге атсалыстық]. Біз ақпаратқа қол жеткізу жөніндегі комиссиялардың, түрлі қоғамдық кеңестердің құрамында бармыз, министрлік өкілдері іс-шараларымызға қатысады. Егер Ресейдегідей заң қабылданса, мемлекетімізбен ашық диалог құруымыз мүмкін болмай қалады", – деді заңгер.
Халық партиясынан мәжіліске сайланған депутат Ирина Смирнова ақпан айында жолдаған депутаттық сауалында "әр материалда шетелден ақша алғанын көрсетуді міндеттеу керек" деп, Қазақстанға "шетел агенті туралы" заң қажет екенін айтқан. Заңгер Біржанова мұндай талап салық кодексінің 29-бабында баяғыдан бар дейді.
Смирнова бастама көтергенде Азаттық радиосын да сынға алды. Бұл радио үнемі жағымсыз ақпарат таратады деп мін таққан депутат мәжіліс отырысынан кейін журналистерге "кез келген гранттың күн тәртібі болады, Азаттық онда алған гранттары мен берілген тапсырмасын айтсын" деп мәлімдеген.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының басқа редакциялары сияқты Қазақ қызметі де АҚШ Конгресі бөлген грант қаржысын пайдаланып жұмыс істейді. Бұл – ашық дерек. Оған кез келген адам ресми сайттан оқып, көз жеткізе алады. Медиакорпорация өз миссиясын "еркін баспасөз бостандығына қауіп төнген, жалған ақпарат кең тараған елдерде дәл әрі цензурасыз жаңалық таратып, ашық пікірталас ұйымдастыру арқылы демократиялық құндылықтарды ілгерілету" деп түсіндіреді.
"РЕСЕЙ ЗАҢЫНАН КӨШІРУ МЕ?"
Гүлмира Біржанованың сөзінше, Совет одағы тұсында "шетелге қызмет етті" деген айыппен көп азаматы саяси қуғын көрген постсоветтік елдерде "шетел агенті" деген сөз аса жағымсыз ұғым. Сондықтан мемлекет оны өз азаматтарына қатысты қолданбауы керек дейді заңгер.
"Ресейдегідей белгі қою тәртібі Қазақстанда жоқ. Ол жақта ұйым не жеке тұлға "шетел агенті" деп танылса, әр жазбасының басына арнайы белгі қосып отыруға міндетті. Соның салдарынан көптеген құқық қорғаушы мен кәсіби маман елден кетуге мәжбүр болды. Біздің мемлекет не көздеп отыр? Үкіметтік емес ұйымдар мемлекетке кедергі болып отыр ма? Керісінше, олар көмектесіп жатыр", – деді Біржанова.
Ресейлік "шетел агенті туралы" заңға ұқсас құжатты былтыр Қырғызстан мен Грузия да қабылдаған. Осымен аттас заңдарды кейінгі жылдары Еуропа елдері де қабылдауды қолға алған.
Ал АҚШ-та мұндай заң 1938 жылдан бері бар. Атауы мен мақсаты ұқсас болғанымен, әр елдегі саяси ахуалға қарай заңның қолданылу механизмі әртүрлі. Сөз еркіндігін шектеп, азаматтық қоғамды қуғындауға ілік болған Ресейдегі "шетел агенті" туралы заңның сынға алынатыны да сондықтан.
Наурыз айының басында Vласть интернет журналы Ақордадағы дереккөзіне сүйеніп, президенттің мұндай заң жобасын ұсынуға ықыласы жоқ деп жазды . Смирнованың бастамасы парламент мәжілісінде де қызу қолдау таба қойған жоқ. Әділет министрлігі де Vласть сауалына 2025 жылдың жоспарында ондай заң жобасы қарастырылмаған деп жауап қатқан.
Қазақстанның қаржы министрлігі 2023 жылдан бері шетелден қаржы алғандарды арнайы реестрге енгізіп келеді. Биыл 18 наурызда жаңарған тізімге "Internews Network", "PaperLab", Қазақстандағы адам құқықтары және заңдылық сақтау жөніндегі бюро, "MediaNet" халықаралық журналистика орталығы, "Әділ сөз" сөз еркіндігін қорғау қоры және Reuters агенттігінің Қазақстандағы өкілдігі кірді. Бірақ тізімде Азаттық радиосы жоқ. Қазір ол реестрде 379 жеке және заңды тұлға бар.
ПІКІРЛЕР