Accessibility links

274-бап бойынша іс. Полиция журналист Лұқпан Ахмедияровты неге ұстады?


Журналист Лұқпан Ахмедияров полиция департаментінің алдында. Астана, 10 сәуір, 2025 жыл.
Журналист Лұқпан Ахмедияров полиция департаментінің алдында. Астана, 10 сәуір, 2025 жыл.

10 сәуірде журналист Лұқпан Ахмедияровты Астанада полиция көшеден күштеп көлікке салып, алып кетті. Бірнеше сағат тергеушінің алдында болып шыққан журналист "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен қозғалған істе қорғану құқығы бар куә екенін, тергеудің мән-жайын жария ете алмайтынын айтты. Ұсталғанға дейін журналист Ресейге жұмысқа кеткен бір топ қазақстандықты Украинадағы соғысқа мәжбүрлеп салу қаупі барын хабарлаған.

САЯБАҚТАН ҰСТАП ӘКЕТТІ

Бейсенбі, 10 сәуір күні түстен кейін Астанадағы Триатлон саябағы аумағында әріптестерімен бірге жүрген журналист Лұқпан Ахмедияровты полиция көлікке мәжбүрлеп отырғызып, алып кеткен.

Журналистің сөзінше, полиция оған әлдебір қылмыстық іс барын айтқан, Ахмедияровтың "олай болса, тиісті шақырту қағазын жіберіңіздер" деп уәжіне құлақ аспаған. Лұқпан аяқ астынан болған оқиға жайлы көлікте отырған кезде Instagram желісіндегі парақшасынан хабарлап үлгерген.

"Біз видео түсіріп жүргенбіз, қасымда Рауль, Еркебұлан бірге болған. Қазір полицейлер мені көлікке күштеп отырғызды, шақырту қағазын, ештеңе берген жоқ", – деді Ахмедияров.

Журналист Рауль Упоров саябақ алдында Лұқпан екеуіне жай киім киген бірнеше адам келіп, өздерін полицияданбыз деп таныстырғанын, алайда ешқандай құжат көрсетпегенін, журналистің телефонын тартып алуға талпынғанын Facebook-парағына жазды

Лұқпан Ахмедияров өзін полиция Ресейге жұмысқа кетіп, қиындыққа тап болған қазақстандықтар туралы әлеуметтік желісіндегі жазбасына байланысты ұстаған болуы мүмкін деп ойлайтынын айтты. Журналист Астанада ұсталардан бір күн бұрын интернетте жариялаған видеода Батыс Қазақстан, Ақтөбе мен Атырау облыстарынан көрші Ресейге жұмыс істеуге кеткен 20 шақты қазақстандықтың сол елде төлқұжатсыз қиын жағдайда қалғанын хабарлаған еді. Туыстарының өтініші бойынша, Ресей құрамындағы Мордовия республикасынан бір-ақ шыққан қазақстандықтардың тағдырына жұрт назарын аударған Ахмедияров Ресей билігі әлгі адамдарды әскери келісімшартқа мәжбүрлеп қол қойғызып, Украинадағы соғысқа аттандырып жіберуі мүмкін деген қауіп барын айтқан.

"ЖАЛҒАН ХАБАР ТАРАТУ" ІСІ, ҚОРҒАНУ ҚҰҚЫҒЫ БАР КУӘ

Бейсенбіде Астана қалалық полиция департаменті журналистің полиция мекемесіне жеткізілгенін растады.

"Астана полиция департаменті Орал қаласы тұрғынының шағымы бойынша, Қазақстан қылмыстық кодексінің 274-бабымен көрінеу жалған ақпарат тарату фактісін сотқа дейінгі тергеу ісін тіркеді. Қылмыстық іс аясында тергеу амалдарын жүргізу үшін азамат А. полицияға жеткізілді", – деп хабарлады Астана ПД баспасөз қызметі Азаттық Азияға.

Лұқпан Ахмедияровты Астана қалалық полиция департаментіне жеткізгеннен кейін бірнеше сағат ұстаған. Журналистің тағдырына алаңдаған әріптестері мен азаматтық белсенділер полициядан қандай да бір түсініктеме ала алмаған соң, Ахмедияровты босатуды талап еткен.

Бейсенбінің кешінде Respublika.kz.media басылымы әлеуметтік желіде жариялаған, Астананың полиция департаменті алдынан түсірілген видеода әлдебір полиция офицері қазақ және орыс тілдерінде "Лұқпанды босат!" деген жазу ұстаған бірнеше жас азаматты нұсқап, "Әкетіңдер мыналарды!" деп әлдекімдерге өктем дауыспен бұйыра сөйлегені естіледі.

Журналист Лұқпан Ахмедияров полиция департаментінен бірнеше сағаттан соң шықты. Сыртта өзін күтіп тұрған адамдарға Қылмыстық кодекстің "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша қозғалған істегі қорғану құқығы бар статусы бар куә екенін, тергеудің мән-жайын жария ете алмайтынын айтты.

"Өкінішке қарай, сотқа дейінгі тергеудің жай-жапсары туралы айтуға хақым жоқ. Мені мұнда 274-бап бойынша, анық қай бөлігі екені қазір есімде жоқ, қозғалған істегі қорғану құқығы бар куә ретінде мәжбүрлеп жеткізді. Әрине, наразылығымды білдірім... Ертеңге дейін босатты", – деді ол.

"Тергеуші маған және адвокатыма адуын мінез танытып, маған құдды бір бас араздығы бар адамдай өзін дөрекі ұстады", – деді Ахмедияров.

Қазақстанда қылмыстық іс бойынша қорғану құқығы бар куә статусы берілген адамның кейін ресми түрде айыпкерге айналатыны сирек кездесетін жайт емес. Осы орайда ондай қауіп бар деп ойламайсыз ба деген әріптестерінің сұрағына Лұқпан Ахмедияров қазір соты өтіп жатқан "Темірлан Еңсебектің және өзге де адамдардың үстінен "бүйректен сирақ" шығарып қозғалған" істерді мысалға келтіріп, өзі де ертеңгі күні "тергеушінің кабинетінен бостандыққа шықпай қалуы да мүмкін екенін жоққа шығармайтынын" айтты.

"Біз қандай елде, қандай саяси режимде өмір сүріп жатқанымызды түсінген жөн... өзімді қауіпсіз жағдайдамын деп айта алмаймын", – деді Лұқпан Ахмедияров.

УКРАИНАДА РЕСЕЙ ЖАҒЫНДА СОҒЫСҚАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР

Ресей қарулы күштері қатарында қазір Украинада Қазақстан азаматтары да соғысып жүр деген ақпараттар шыққан, бірақ олардың нақты саны белгісіз. Азаттық бұған дейін Донбаста Ресей жағында, соның ішінде атышулы "Вагнер" жалдамалы әскер тобы құрамында соғысқа қатысып, қаза тапқан қазақстандықтар туралы жазған.

Жақында украиналық блогер Владимир Золкиннің Украинадағы соғыс барысында тұтқындалған, өздерін "қазақпыз" деп атаған үш жас жігітпен сұхбатының видеосын жариялаған. Олардың екеуі өздерін Қазақстан азаматымыз деп, ал үшіншісі Ресейде туып-өскен қазақпын деп таныстырған.

Осы сұхбаттан кейін Қазақстанның ішкі істер министрлігі шетелде соғыс қимылдарына қатысқан ел азаматтары заң алдында жауапқа тартылатынын ескертті. ІІМ елдің Қылмыстық кодексінде "Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу" (172-бап) және "Жалдамалылық" (170-бап) деген екі бап барын еске салған. Бірінші бап бойынша тоғыз жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру жазасы, екіншісі бойынша өмір бойына түрме жазасы қарастырылған.

"Ішкі істер министрлігі азаматтарға Қазақстан Республикасының заңдарын сақтауға және құқықтық салдары ауыр болуы мүмкін іс-әрекетке қатысудан аулақ болуға кеңес береді", — деп жазылған министрлік хабарламасында.

Оған дейін украиналық "Өмір сүргім келеді" ("Хочу жить") жобасы Украинада Ресей жағында соғысқан немесе шайқасып жатқан Қазақстан азаматтарының тізімін жариялаған еді. Тізімде 661 адамның аты-жөні аталған. Жоба деректері бойынша, 2024 жылдың аяғындағы мәлімет бойынша, ол тізімдегі 78 адам қаза тапқан деп есептеледі.

Көпвекторлы сыртқы саясат ұстанатын Астана 2022 жылы Ресейдің Украинаға жасаған басқыншылығын ашық түрде айыптаған жоқ, ресми қолдау да танытқан емес. Қазақстан жеті мыңға жуық шақырымға созылған ортақ шекарасы бар көрші елмен бірге бірнеше одаққа мүше. Батыс нарығына сататын мұнайын да Ресей аумағы арқылы жөнелтеді. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, Ресей Қазақстан экономикасына құйған инвестиция көлемі жағынан Қытай мен Еуропа елдерін басып озған.

ҚУДАЛАУ КӨРГЕН ЖУРНАЛИСТ

Көп уақыт Батыс Қазақстан облысында тұрып, тілші, "Уральская неделя" тәуелсіз газетінің бас редакторы болып істеген Лұқпан Ахмедияров Қазақстандағы тәуелсіз журналистердің бірі ретінде танымал. Кәсіби қызметі үшін бірнеше сыйлықтың, соның ішінде халықаралық жүлденің де иегері атанған. Ахмедияровты биліктің кемшіліктер мен олқылықтарын сынап, жемқорлық пен жең ұшынан жалғасуды әшкерелейтін материалдары үшін бірнеше рет шенеуніктер сотқа да берген, сондай-ақ билік оны қоғамдық-саяси белсенділігі үшін де бірнеше рет жауапқа тартқан.

Кейінгі үш жарым жылдан бері журналист Лұқпан Ахмедияров әріптесі Рауль Упоровпен бірге "Просто журналистика" YouTube-арнасын жүргізеді.

Ресей Украинаға қарсы басқыншылық соғыс ашқаннан кейін Лұқпан Ахмедияров пен Рауль Упоров Украинаға барып, соғыс қасіретін тартып жатқан халықтың азаттық пен тәуелсіздік жолындағы күресін, бір сәтте бейбіт өмірі тас-талқан болған қарапайым адамдардың өмір тынысы жайлы тізбекті хабарлар дайындап, қазақстандық көрерменге жеткізген.

Сонымен бірге олар Қанды Қаңтар туралы екі бөлімнен тұратын деректі фильм шығарған. Ахмедияровтың айтуынша, фильм жеке адамдардың қаржысына екі жыл бойы Қазақстанның 12 қаласында түсірілген.

Деректі фильмінің бірінші бөлімінде халық наразылығынан кейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның төңірегіндегі адамдар биліктен қалай шеттетілгені баяндалады. Екінші бөлімінде Қаңтар оқиғасынан зардап шеккен халық және "жаңа президенттің билікке түбегейлі түрде жайғасуының" салдары жөнінде айтылады.

2012 жылы Лұқпан Ахмедияровқа қастандық жасалды. Қылмыскерлер оны травматикалық қарудан екі рет атып, кеуде тұсынан 8 рет пышақ салған. Подъезге жасырынып үлгерген журналист жылдам көмекке келген адамдардың арқасында аман қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG