Accessibility links

Тоғыз айыпталушы. Талдықорғанда Шерзат Полаттың қазасы бойынша алдын ала сот өтті


Кісі қолынан мерт болған жасөспірім Шерзаттың суреті қойылған жерге жұрт гүл әкеліп, плакатқа марқұмға арнау сөздер жазған. Алматы облысы Талғар қаласы, 14 қазан, 2024 жыл.
Кісі қолынан мерт болған жасөспірім Шерзаттың суреті қойылған жерге жұрт гүл әкеліп, плакатқа марқұмға арнау сөздер жазған. Алматы облысы Талғар қаласы, 14 қазан, 2024 жыл.

Талдықорғанда жасөспірім Шерзат Полаттың қазасына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша алдын ала сот отырысы өтіп, судья негізгі сот процесін 17 сәуірге сағат 10-ға белгіледі. Бұл іс бойынша түрлі айып тағылған 9 адамның арасында кәмелетке толмаған жасөспірім де бар.

Бейсенбі, 10 сәуір күні Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Алматы облысы Талғар ауданында кісі қолынан қаза тапқан 16 жасар Шерзат Полаттың өліміне байланысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдауға жәбірленуші және айыпталушы тараптар, журналистер, блогерлер мен бақылаушылар қатысты.

Алдын ала сот тыңдауына төрағалық еткен судья Ержан Жанұзақов процесс өтетін залда орын шектеулі болғандықтан БАҚ өкілдері сот барысын монитормен жабдықталған жеке бөлмеден бақылай алатынын, ал сот залынан тікелей трансляция жүргізуге, сондай-ақ сотталушыларды фото мен видеоға түсіруге және жариялауға тыйым салынатынын хабарлап, оны бұзған жағдайда жауапкершілік жүктелетінін ескертті.

Судья бүгінгі отырыс Жоғарғы соттың YouTube-арнасында тікелей эфирде көрсетіліп жатқанынан хабардар етті.

Бұған дейін Шерзат Полаттың өлімі бойынша сот процесі қазақ тілінде ашық өтеді деп хабарланған. Судья орысша сөйлейтін адамдарға қазақ тілінен аудармашы қызметі ұсынылатынын айтты.

Осыдан кейін мемлекеттік айыптаушы сөз алып, қылмысты сотқа дейінгі тергеу материалдары бойынша дайындалған айыптау актісін оқыды. Онда былтыр 4 қазанда Алматы облысы Талғар ауданында пышақталып қаза тапқан жасөспірім Шерзат Полаттың өліміне байланысты 9 адамға түрлі бап бойынша айып тағылғаны жазылған. Сотқа дейін бұл қылмыстық іс бойынша 11 күдікті бар деп айтылған-ды.

Бүгін Талдықорғандағы сот залына 9 сотталушы әкелінді. Прокурор оларға қандай айып тағылғанын жария етті.

  • Абзал Шынасыл – "Адам өлтіру" (99-баптың 2-бөлігі), "Адам өлтіруге оқталу" (24-баптың 3-бөлігі), "Бұзақылық" (293-баптың 3-бөлігі);
  • Равиль Сакиев – "Адам өлтіруге оқталу" (24-баптың 3-бөлігі), "Адам өлтіру" (99-баптың 2-бөлігі), "Бұзақылық" (293-баптың 3-бөлігі);
  • Азамат Тоқтаубаев – "Бұзақылық" (293-баптың 3-бөлігі), "Ұрлық" (188-баптың 1-бөлігі);
  • Шыңғыс Белғожаев – "Бұзақылық" (293-баптың 3-бөлігі);
  • Дархан Әскентаев – "Бұзақылық" (293-баптың 3-бөлігі);
  • Нұрқияс Ілиясов – "Бұзақылық" (293-баптың 3-бөлігі);
  • Дидар Қалиахмет – "Бұзақылық" (293-баптың 3-бөлігі);
  • Нұрбол Тоқтаубаев – "Бұзақылық" (293-баптың 3-бөлігі) бойынша

және кәмелетке толмаған бір жасөспірімге "қылмыс туралы хабарламаған" (434-бап) деген айып тағылған.

Шерзат Полаттың қазасына байланысты қозғалған қылмыстық іс бас-аяғы 62 томнан тұрады.

Айыпталушылардың бірінің адвокаты сот процесін қылмыс жасалған Талғар қаласына жақын Қаскелеңде өткізу жайлы өтініш жасады. Судья Ержан Жанұзақов Алматы облысында тергеу абақтысы жоқ, айыпталушылар қазір Талдықорғандағы тергеу изоляторында қамауда отырғандықтан сот процесін осы қалада өткізу ұйғарылды деп түсіндірді. Оның айтуынша, сот тыңдауы алқабилерсіз өтеді.

Бұдан соң кеңесу бөлмесіне кеткен судья Ержан Жанұзақов сүт пісірім уақыттан соң залға оралып, негізгі сот процесін 17 сәуірге сағат 10-ға белгілеу туралы қаулысын жариялады.

  • Сотқа дейінгі қылмыстық істі тергеген Алматы облысы полиция департаментінің дерегінше, тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәден жауап алынған. Қылмысқа күдікті деп танылған адамдардың бәрінің тергеуде айтқан жауаптары тексеріліп, процеске қатысушылар беттестірілген. Қылмыстың барлық мән-жайын анықтау үшін өзге де тергеу амалдары жүргізілген.
  • 2024 жылғы 4 қазанда Шерзат Полаттың отбасы жалға алып отырған Талғардағы дүкенге тауар сатып алуға келген адаммен арадағы даудың аяғы жанжалға ұласқан; әлгі адам көмекке достарын шақырып, төбелес барысында суық қару қолданылған. Оқиға салдарынан пышақтан өлімші болып жараланған жасөспірім сол жерде қаза тапқан. Кейін марқұмның отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен. Оған дейін Шерзаттың туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен.
  • Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұған дейін Шерзат Полаттың қазасы бойынша іс "Адам өлтіру", "Бұзақылық", "Қорқыту", "Қылмысты жасырып қалу" және "Қылмыс туралы хабарламау" баптары бойынша тергеліп жатыр деп хабарлаған. "Қасақана кісі өлтіруге қатысы бар" деген күдікке ілінген сегіз адам, "Қылмыс туралы хабарламау" бабы бойынша күдікті үш адам сот санкциясымен қамауға алынған еді.
  • Әлеуметтік желіде "Талғардағы қылмысқа жүгенсіз кеткен "Хутор" бандасының қатысы бар" деген ақпарат тарады. Алайда полиция мұндай топ барын жоққа шығарды. Аудан тұрғыны Хасан Қасымбаев әлеуметтік желіде өзі жайлы тараған әлгі ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған хабар таратпауды сұрап мәлімдеме жасаған. Қарашада Қасымбаев 2021 жылы маусым айындағы оқиғаға байланысты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" және "Адам ұрлау" баптары бойынша күдікке ілініп, тергеу сотының шешімімен екі айға қамауға алынды.
  • Қоғамда резонанс туғызған Шерзат Полаттың өлімінен кейін Алматы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы, департаментке қарасты экстремизммен күрес басқармасының бастығы, криминалды полиция басқармасының және ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жетекшілері, тағы бірнеше лауазымды адамдар қызметтен босатылды.
  • Былтыр 9 желтоқсанда Шерзат Полаттың туысы Нұрғанат Ғайыпбаев қайтыс болды. Полиция "марқұм өзіне қол салған" деген алдын ала болжам барын хабарлады. Марқұмның жақындары Ғайыпбаевтың "суицид жасағанына" сенбейтінін айтқан.
  • Нұрғанат Ғайыпбаевтың қазасынан кейін Шерзат Полаттың жақындары әкімшілік жауапқа тартылды. Марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов 15 күнге қамауға алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. Онымен бірге екі туысы 15 күнге қамалып, тағы біреуіне айыппұл салынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG