Сарапшылар мен қолданушылар Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекке шыққан үкімге реакция білдіріп жатыр. Үкімді "бұранданы қатайту" үрдісінің көрінісі деп бағалағандар да, "азаматтық қоғамның жеңісі" деп атағандар да бар.
Бір күн бұрын Алматының Наурызбай аудандық соты Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті "араздық қоздыру" бабы бойынша кінәлі деп тауып, оған бес жыл бас бостандығын шектеу жазасын кесті. Сот Еңсебектің қоғамдық жұмыспен, соның ішінде журналистикамен айналысуына, митингіге қатысып, сұхбат беруіне тыйым салды. Бұған қоса сот Темірлан Еңсебектің телефоны мен ноутбугын тәркілеп, одан сот шығындарын қайтаруға үкім етті. Одан бөлек Еңсебек 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (70 мың теңгедей) айыппұл төлеуі тиіс.
Прокурор сотталушының айыбы толық дәлелденді деді. Айыптау актісі бойынша Темірлан Еңсебек "адамзаттың бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін ауыр қылмысты қасақана жасаған". Прокурор Дидар Қабаев оқыған айыптау актісінде Темірлан Еңсебек Qaznews24 паблигінің әкімшісі бола отырып, 2024 жылғы қаңтарда өзі жүргізетін пабликте "орыс азаматтарының ар-намысын қорлайтын" трек жариялаған. Еңсебек "Йоу, орыстар" деген бейәдеп сөздерден тұратын әнді ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы постына қосқан.
Qaznews24 сатиралық паблигінің Instagram-да 70 мыңдай фоллоуері бар. Бұл парақша көбіне саяси тақырыпта шындыққа жанаспайтын әзіл пост шығарумен танылған.
Алматы қаласының полиция департаменті іс қозғауға сатиралық жазбалар емес, автордың "бүтін бір этнос өкілін қорлайтын, ұлтаралық алауыздық қоздыратын белгілері бар материал жариялағаны" себеп болды деп мәлімдеді.
"Қазақстан – көпұлтты ел, сондықтан мұндайға жол берілмейді, Конституцияға сәйкес, ешкімді шығу тегі, ұлты, тілі, дінге көзқарасы я кез келген басқа жағдай бойынша кемсітуге болмайды. Мұндай іс-әрекеттер Қазақстанның негізгі қағидаттарының бірі саналатын этносаралық келісім мен халық бірлігіне нұқсан келтіреді". Полиция баспасөз қызметі осылай деген.
Ал Темірлан Еңсебек өзіне тағылған айыпқа келіспеді. Ол сот кезінде жазбасы орыс этносына қарсы бағытталмағанын, даулы "Йоу, орыстар" әні Ресейдің Украинаға басқыншылығына қарсылық ретінде соғыстан кейін танымал болып кеткенін айтты. "Менің жақсы көретін қызым мен достарым – орыстар, оларды қалай жек көруім мүмкін?" деді ол.
Сот үкіміне реакция білдірген ол:
— Маған тыныс алуыма рұқсат етіңіз, себебі мұндай шектеулерден кейін құдды мойныма қарғыбау тағып қойған сияқты. Есеңгіреп қалғаным соншалықты тіпті сөйлей де алмай қалдым, - деді.
ҮКІМГЕ РЕАКЦИЯ
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов "сатира қылмыс емес" деп жазды.
“Егер биліктің тиімсіз шешімдері, сәтсіз қадамдары мен саяси репрессиясы сатираға арқау болса, мәселе – сатирада емес, биліктің өзінде. Егер сатирадағы абсурд пен өмірдегі оқиғалар ажырата алмайтындай ұқсас болса, мәселе – сатирада емес, биліктің өзінде. Егер сатираны билік көтере алмаса, мәселе – сатирада емес, биліктің өзінде. Егер сатира үшін азаматтар сотталса, мәселе – сатирада емес, биліктің өзінде" деп жазды.
Азаматтық белсенді, Oyan, Qazaqstan! қозғалысының мүшесі Әсем Жәпішева айыптау бағытындағы үкім шықса да, процестің нәтижесін "жеңіс" деп санайды.
"Бұл қанша таяқ жесе де, өлгісі келмейтін азаматтық қоғамның жеңісі. Әуел бастан-ақ Темірланның үнін өшіруді мақсат еткені айқын болған. Бұл сатып алуға келмейтін немесе қорқыта алмайтын БАҚ-ты бақылаудың жалғыз жолы. Екі жыл бұрын дәл осындай мерзім және қоғамдық-саяси қызметке шектеу саясаткер Жанболат Мамайға қойылған болатын. Ол тәуелсіз саяси партия құрғысы келді, оның "бар жазығы" сол еді. Осындай бастама үшін де Марат Жыланбаев түрме жазасын алды" деп жазды ол.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев Еңсебектің қуғындалуын елде «биліктің айналасындағы түрлі топтардың ерте ме, кеш пе болатын биліктің жаңа транзитіне дайындықтың басталуына байланысты» күшейіп жатқан "бұранданы қатайту" үрдісінің көрінісі деп бағалайды.
"Билік ақпараттық және саяси кеңістікті түрлі формада айтылған кез келген балама пікірден барынша тазартуға мүдделі болып отыр. Оның үстіне көптеген елдердегі демократиялық құндылықтардың дағдарысына байланысты оларға қолайлы жағдай пайда болды. Демек, QazNews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің ұсталуы, ізінше сотталуы, енді белгілі қазақстандық журналист және қоғам қайраткері Лұқпан Ахмедьяровтың ұсталуы – ескі репрессиялық тізбектің жаңасы ғана" деді Сәтпаев.
Әлеуметтік желіде үкім туралы жазбаға комментарий қалдырған Аслан Мултаев есімді қолданушы "интернеттегі қалжың үшін - 5 жыл, ал бюджет қаржысын ұрлағаны үшін еркіндік береді. Бұл боямасыз Жаңа Қазақстан" деп жазды.
"Уральская неделя" басылымының бас редакторы Тамара Еслямова Темірлан Еңсебекке қойылған шектеулерді санамалап, "қамамай тұншықтырды" деп жазды.
ПІКІРЛЕР