Тәжікстан астанасына қытайдың электр көліктері қаптап келгенге дейін-ақ Толиб Раупов бұл машиналар өзі сияқты таксистерге көп табыс әкелетінін болжаған еді.
Толиб алғашқы қытай электр көлігін үш жыл бұрын 30 мың долларға сатып алып, оны былтыр қайта сатқан. Қалған ақшаға ол Қытайдың ең ірі электрокөлік өндірушісі BYD-ден бар болғаны 21 мың долларға жаңа машина алған. Жақында бұл алпауыт компания әлемде сатылатын көлік саны жағынан америкалық Tesla-ны басып озды. Толибтің айтуынша, көлік бағасы арзан болғандықтан әрі бензинге шығындалмайтындықтан, ол такси айдап жақсы табыс тауып жүр.
"Қытай көлігін сатып алғаныма еш өкінбеймін. Душанбеде таксист болып бұлайша табыс табамын деп мүлде ойламаппын", – деді ол Азаттыққа сұхбатында.
Толибтың басынан өткен жағдай Қытайдың Орталық Азия аймағына экономикалық ықпалы мұндағы өмірді қаншалық өзгертіп жатқанын айғақтайды. Ол сияқты таксистер бағасы арзан көлік келгенін құптап отырса, аймақтағы елдердің үкіметтері салық жеңілдіктерін беріп, "жасыл" инфрақұрылым қалыптастырып, жергілікті жерде көлік жасайтын зауыттар ашып, бұл процесті тіпті жеделдетіп жатыр.
Азаттық сөйлескен сарапшылар мен жергілікті автодилерлердің айтуынша, нәтижесінде Орталық Азиядағы транспорт саласы трансформацияланып қана қоймай, аймақты Қытаймен бұрынғыдан да жақындастыра түсетін экономикалық, саяси процестер де қарқын алған.
Бұл тенденция АҚШ және Еуропа одағы сияқты Батыстағы кей елдердің саясатына кереғар, себебі олар кейінгі жылдары Қытайдан ағылған электр көлігі нөпірін тоқтату үшін оларға баж алымын үстемелеп енгізді. АҚШ президенті Дональд Трамптың бүкіл әлем елдеріне енгізген тарифтері және Пекинмен арадағы күш алып жатқан сауда соғысы жағдайды тіпті ушықтыруы ықтимал, себебі Қытайдың мемлекеттік компаниялары Орталық Азияны Америка нарығына балама ретінде қарастырып, экспорттың бетін осы жаққа қарай бұруды ойластырып жатқан тәрізді.
"Трамп әкімшілігінің тарифтері Қытай электр көліктерінің Орталық Азияға экспортын одан сайын үдетіп, Пекиннің аймақтағы өндірісті одан әрі кеңейтуіне жол ашатын шығар, – деді China Global South Project жобасының штаттан тыс ғылыми кеңесшісі Юнис Шарифли Азаттыққа. – Бұл ішкі сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік жасап, реэкспортқа серпін береді әрі Орталық Азиядағы электр көлігі нарығында Батыс экспортерлерінің бәсекеге қабілетін шектейді".
ҚЫТАЙ КӨЛІКТЕРІ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ НАРЫҒЫН ҚАЛАЙ ЖАУЛАДЫ?
Қытай Орталық Азиядағы автокөлік нарығына бірден кірген жоқ, қалыптасқан әр мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, көп жылдық стратегиясының арқасында біртіндеп енді.
"Қытайдың Орталық Азиядағы электр көлігі және автоөндіріс саласына дендеп енуіне аймақтағы сұраныстың артуы басты себеп болды, – деді Берлиндегі "Ресей – Еуразия" Карнеги орталығының ғылыми қызметкері Темур Умаров. – Тұтынушылар дәл қазір Қытай брендтері ұсынып жатқан нәрселерді қалайды".
Аймаққа Қытай инвестициясының күрт артуына Пекиннің миллиардтаған долларлық инфрақұрылым сратегиясы – "Бір белдеу – бір жол" жобасы жол ашты. Бұл жобаны Қытай басшысы Си Цзиньпин өзі дәріптеп келеді. Қытай жаңа сауда жолдарын салып, Орталық Азияның көмірсутегі қорына, стратегиялық пайдалы қазбаларына және басқа да құнды ресурстарына төте жол жасады.
Кейінгі жылдары Қытай Орталық Азия елдерінің басты сауда серіктесі және шетелдік инвестор ретінде орнықты, Қытай компаниялары да көптеп келіп, мұндағы елдердің экономикасынан ойып тұрып орын алды.
Тәжікстан көрші Қытайдан электр көлігін көптеп алуға қолайлы жағдай жасады: салықтан жеңілдік беріп, тұтынушыларға субсидия үлестірді, импорт электр көліктерін алғандарды он жылға салықтан босатты және бүкіл ел аумағында қуаттаушы станциялар ашты.
Душанбе мэрі былтыр қыркүйекте қаладағы таксилерді электр көліктеріне алмастыру туралы өкім шығарды, ал үкімет 2030 жылға дейін елдегі автокөліктің 30 пайызы электр көлігі болуы керек деген мақсат қойды.
Душанбелік автодилер Рустамның айтуынша, Қытаймен байланыс COVID-19 пандемиясы басталған жылы және одан соң Ресей Украинаға басып кірген 2022 жылы күшейген.
Бұрын ол Литваға дейін барып, Еуропадан көлік тасып жүріпті. Локдаундар кезінде жеткізу тізбегі бұзылған соң Қытай компаниялары машиналарын арзанға сата бастаған, соның арқасында импорт ағыны шығысқа бет бұрған.
Оның айтуынша, экономикасы Тәжікстанмен тығыз байланысқан Ресейге санкциялар салынған соң Еуропадан көлік тасу тіпті тиімсіз болып қалған.
Қытай автокөлік шығарушылары үшін бұл аймаққа дендеп енудің үлкен мүмкіндігі болды. Бұрын қарабайыр, сапасыз көліктер келіп, олар жиі бұзылып, ұсталған көліктер өтпей, сенім аз болған. Бірақ кейінгі жылдары Қытай компаниялары бұл стереотиптерден арылып, бәсекелестерін қуып жетті, кей жағдайда тіпті ғаламдық электрокөлік нарығында оларды басып озды.
Қытайдың кей көліктері әлі де бір қуаттағанда ұзаққа бара алмайды. Бірақ технологиялық прогресс пен арзан баға арқасында олар Орталық Азия нарығына тайсалмай кірді.
"Қытайлар қазір сапалы машина шығарады. Санкцияларды алып тастаған күннің өзінде біздің нарықтағы жағдай енді өзгермейді", – деп сеніммен айтады Рустам.
"ҚАРҚЫНДЫ ДАМУ"
Орталық Азия электр көліктерін сататын нарық қана емес, қытай брендтерін жинап шығаратын өндіріс хабына да айналып келеді.
Аймақтағы ең жабық ел – Түркіменстан да көршілеріндей көп болмаса да аз-аздап Қытайдың электр көліктерін импорттай бастады. Экологиялық таза технологияны енгізудің ауқымды стратегиясы аясында үкімет қаладағы электротакси компаниясы үшін қытайлық JAC Motors компаниясының электр көліктерін сатып алып, қуаттау станцияларын орнатты.
Ал аймақтың басқа елдерінде Қытай көлік шығарушылары нарықтағы позициясын жылдам нығайтып жатыр.
Қытай 2024 жылы 11 миллион электр көлігін сатып, әлемдік рекорд жасады, дегенмен оның көбі Қытайдың өз ішінде сатылды. Былтыр Қазақстанда қытай электр көлігін сату 36 есе өскен. Астана Қытай өнеркәсібінің арқасында электр көліктерін шығаруды жолға қоюға тырысып жатыр. Елде 2029 жылға дейін өте көп қуаттау станциялары құрылысын салуды көздейтін заң да қабылданды.
Қытайдың жанармаймен жүретін көліктері де Қазақстан нарығын жаулап жатыр. Биыл елде Қытайдың Chery, Haval, Tank және Changan көліктерін жинайтын зауыт іске қосылмақ.
Көліктер туралы жазатын test-drive.kz онлайн-журналының бас редакторы Оксана Черноножкинаның айтуынша, Қытайдың электр және жанармаймен жүретін көлік брендтері Қытай нарығын жылдам жаулап алды, олар Еуропа, АҚШ және Азияның өзге елдерін қуып жетіп, тіпті кей жағдайда олардан озып кетті.
"Даму қарқыны өте шапшаң. Олар негізгі дизайнерлер мен инженерлерді өзіне қаратып алды, бұл қазір-ақ нәтиже бере бастады", – деді Черноножкина.
Қазақстандық "За рулем" автожурналының бас редакторы Алексей Алексеевтің айтуынша, қазір Қытай компаниялары Қазақстанда ең көп сатылатын көлік брендтері рейтингінде алғашқы 10 орынның бесеуін иеленіп тұр Олар тізімнің жоғары жағында жапон және корей көлік өндірушілерімен иық тірестіріп тұр.
"Пандемиядан бері еуропалық брендтер нарықтың біраз бөлігінен айырылды. Қытай компаниялары көлікті жақсы бағаға береді, олардың технологиясы да озық, ең бастысы – 5-7 жыл кепілдік ұсынады. Еуропалық брендтердің көбі ең ұзақ дегенде 3 жылға кепілдік береді", – деді Алексеев.
Өзбекстанда 2024 жылы президент Шавкат Мирзияев Жызақта BYD зауытын ашу салтанатына қатысқан. Қазір 1200 адам жұмыс істеп жатқан кәсіпорында өндіріс көлемін жылына 50 мың көліктен 100 мыңға дейін арттыру жоспарланған. 1,5 миллиард долларлық инвестиция жобасы аясында қытайлық Xiaou Group компаниясы Өзбекстанда тағы бір зауыт салып жатыр.
Ташкент қытайлық Henan Suda компаниясымен 2033 жылға дейін 50 мың қуаттау станциясын салу жөнінде келісімге отырып, электр көліктері импортын салықтың кей түрінен, кеден алымынан және басқа да төлемдерден босатып, саудаға көп жағдай жасады.
Соның нәтижесінде 2019 жылғы алғашқы қадамдардан бері электрмен жүретін көлік саудасы 10 есе артты, әлі де өсіп жатыр. Өзбек кеденінің мәліметі бойынша, 2024 жылы алғаш рет елге сырттан әкелінген көліктер арасында жанармаймен жүретін машинаға қарағанда электр және гибрид көлік саны көбірек болған.
Өзбекстанда электр көлігіне көшу жекелеген адамдарға да пайдасын тигізіп жатыр. Жақында BYD e2 көлігін сатып алған 53 жастағы Ташкент тұрғыны Кахрамон шығыны едәуір азайғанын айтты. Қазір мотор майын ауыстыруға шығынданбайды, бұрын ай сайын жанармайға 300 доллар жұмсап келсе, қазір көлікті қуаттауға бар-жоғы 10 доллар төлейді.
"Менікі – алысқа жүретін машина, қуаттау ұзақ уақыт алады. Ал біздің елде қалада жүріп-тұру үшін таптырмайтын көлік", – деді ол.
ЖАҒДАЙҒА ЖЫЛДАМ БЕЙІМДЕЛГЕН ҚЫРҒЫЗДАР
Орталық Азия елдері арасында Қытайдың электр және бензин көліктерін Ресейге реэкспорттау жағынан Қырғызстан алда тұр.
2023 жылы Қырғызстан Қытайдан жалпы құны 651 миллион доллардың гибрид көлігін импорттаған. 2024 жылы елге жалпы құны 219,8 миллион доллардың 7541 электр көлігі жеткізілген.
Алайда импорт тек ішкі сұраныс есебінен ғана өспеген. 2022 жылы Ресей Украинаға басып кірген соң Еуропа мен Жапониядан келетін автокөлік ағыны тоқтаған. Қырғыз кәсіпкерлерінің арқасында Қытайда жасалған жанармай моторлы, гибрид және электр көліктер бұл бос кеңістіктің орнын жартылай толтырды.
Автодилер әрі автокөлік туралы блог авторы Данияр Салякаевтың айтуынша, бизнесмендер Ресейдегі сұранысты және өз еліндегі жеңіл кеден ережелерін жылдам кәдеге жаратып, Қытай көліктерін солтүстіктегі көршіге сатуды жедел жолға қойған.
"Санкциялар көп мүмкіндік берді, жергілікті кәсіпкерлер Ресейдегі және Қытайдағы байланыстарының арқасында сол мүмкіндікті және елдің ыңғайлы географиялық орнын өз мақсатына жылдам пайдаланды", – деді ол Азаттыққа.
Кейінгі үш жылда Қырғызстанға Қытайдан ресми түрде 150 мыңдай көлік кірген. Оның оннан бірі ғана Ресейге қайта экспортталған, бірақ сарапшылардың айтуынша, көрсеткіш бұдан әлдеқайда көп болуы ықтимал.
ПІКІРЛЕР