Accessibility links

Болат Назарбаевқа қатысы бар деп айтылатын Елдос Қоспаев 15 жыл түрмеге кесілді


Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты. Көрнекі сурет.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты. Көрнекі сурет.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Елдос Қоспаевты 15 жыл түрмеге кесті. Онымен қоса, ол жетекшілік ететін қылмыстық топқа мүше атанған 10 адамды түрме жазасына кесті деп хабарлады BES.media сайты. Сот жабық өткен.

Басылымның жазуынша, сот топтың үйлестірушісі Елдос Қоспаевты 15 жылға соттап, қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтеуге жіберген. Бұған қоса, оның пәтерлері, жер телімдері, көп қабатты тұрғын үйлері, гараж, көліктерін тәркілеуді үкім еткен. Қоспаев "ұйымдасқан қылмыстық топты құрып, жетекшілік етті", "қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастырды", "алаяқтық", рейдерлік, ақша бопсалады және өзге де қылмыс түрлерін жасады деп танылған.

Сот одан бөлек, Айдос Қоспаев, Руслан Шалин, Ерлан Имашев, Камардин Алымов, Рауан Бабаев, Алексей Кузнецов, Тимур Танашев, Дастан Абижановты 12 жылға бас бостандығынан айырды. Оксана Кудряшова - 10 жылға, Василий Бабушкин 9 жыл түрмеге кесілді.

2022 жылы шілдеде қаржы мониторинг агенттігі рейдерлікпен айналысатын топтың "жолын кескенін" хабарлаған. Сол кезде сот Елдосты сырттай қамауға алып, оған іздеу жариялаған. 2023 жылы күзде Елдос Қоспаев пен оның тобының тағы алты өкілі Қазақстанға жеткізілген.

Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметінше, қылмыстық топ кәсіпкерлердің мүліктерін басып алып, олардың компаниялардағы үлесін тартып алған, көлеңкелі бизнеспен айналысқан. Қоспаев пен өзге де сотталушылардың сотта не айтқаны белгісіз. Олардың қорғаушылары баспасөзге шықпады.

Жұрт Елдос Қоспаевты бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың "көмекшісі" деп атайды. Экс-президенттің інісі 2023 жылы қарашада қайтыс болған.

Қаңтар оқиғасынан кейін бұрынғы президент пен оның туыстарының ықпалы әлсіреген соң, қоғамда Назарбаевтың туыстары, олардың байлығы туралы сұрақ көбейген. Бірқатар кәсіпкерлер Болат Назарбаевтан қысым көріп, рейдерлік шабуылға ұшырағанын мәлімдей бастаған. Онымен байланысты компанияларға байланысты сот жөнінде ақпарат жиілеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG