Accessibility links

Еуроодақтың уәкілі санкцияға енетін қазақстандық компаниялар туралы сұраққа жауап берді


ЕО-ның санкция жөніндегі уәкілі Дэвид О'Салливан журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұр. Астана, 30 қаңтар 2025 жыл.
ЕО-ның санкция жөніндегі уәкілі Дэвид О'Салливан журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұр. Астана, 30 қаңтар 2025 жыл.

30 қаңтарда Астанадағы баспасөз жиыны кезінде журналистер Еуроодақтың санкция бойынша арнайы уәкілі Дэвид О'Салливаннан Еуроодақтың Ресейге қарсы санкциясы жобасына енген тағы екі қазақстандық компания туралы сұрады.

Ол Еурокомиссияның 16-санкция пакетін әзірге көрмегенін атап өтіп, оған енетін қазақстандық компаниялардан да хабарсыз екенін жеткізді.

"[Санкцияны айналып өтуге көмектескен] Мұндай компанияларды анықтаған кезде олар міндетті түрде тізімге ілінеді. Бұл мемлекетке емес, дұрыс әрекет етпеген компанияларға қарсы шара. Іс жүзінде мемлекеттер осындай заңсыздықтар болмас үшін барлық амал-әрекет жасаған болуы мүмкін. Алайда бұл заңсыз әрекет еткен компаниялар пайда болмайды дегенге кепілдік бере алмайды. Мұндай компанияларды анықтаған кезде біз қандай да бір шара қолданудан тартынбаймыз. Үкіметпен бірге жұмыс істеу, мәселенің жүйелі шешімін тапқымыз келеді. Оның шешімін тапсақ, компанияларды тізімге енгізу қажеттігі азая береді" деді Дэвид О'Салливан.

Оның сөзінше, бейсенбі күні таңертең Қазақстан үкіметінің өкілдерімен кездесу кезінде Қазақстан Батыс санкциясын айналып өту алаңы болмас үшін қандай амалдар қабылдануы қажеттігі мәселесі талқыланған. Ол бұл тенденция едәуір қысқарғанын айтып, Қазақстан үкіметімен "әріптестікті нығайта отырып, әрі қарай да амалдарын табамыз деген сенімдеміз" деді.

Қазақстан билігі әзірге бұл кездесуден ақпарат таратпады.

ЕО-ның Ресейге қарсы 16-санкция пакеті жобасында тағы екі қазақстандық компанияның аты аталғанын бір күн бұрын Азаттық жазған. Еурокомиссияның құжат жобасы Азаттықтың қолына түсті. Санкцияға енгізіледі деген екі компания: KAZSTANEX және "Металлстан" компаниялары екеуі де Алматыда шоғырланған. Екеуі де соғысқа дейін кемінде он жыл бұрын тіркелген.

KAZSTANEX былтыр қазан айында да АҚШ-тың санкциясына ілінген. Сол кезде ол Ресейге сатуға тыйым салынған жабдықты Еуропадан алып, қытайлық Shanghai Winsun компаниясы арқылы Ресейге тасымалдаған деген күдікке қалған еді. Ал "Металлстан" компаниясына (компания STANEX GROUP деп те аталады) Ұлыбритания да Ресейге қарсы санкциясы аясында шектеу қойған.

Тізімде қазақстандық Elem group және DA Group компаниялары да бар. Бұл екі компания Еуроодақтың санкция пакетіне ілінгенін Азаттық жазған.

Былтыр қарашада сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Батыстың санкциясына ілінген қазақстандық компанияларды "бір күндік компаниялар" деп атаған.

30 қаңтар күнгі баспасөз жиынында Дэвид О'Салливан "жаппай басқыншылық басталып, санкция салынғаннан кейін Ресей санкцияны айналып өту үшін ғана көптеген юрисдикцияларда көптеген жалған компанияларды ашты. Әдетте мұндай компаниялар дұрыс орнықпаған, ұзақ жылдар бойы саудамен айналыспаған белгісіз компаниялар болып келеді. Бірақ бұл жөнінде әзірге дәлелдер жеткіліксіз, ол үшін жай-жапсарына үңілу керек" деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG