Accessibility links

ҚазТАГ: Астанада Болат Назарбаевтың қайтыс болуына орай өткізілген асқа жұртты тізіммен кіргізді


Қазақстандағы мешіттердің бірі. Көрнекі сурет.
Қазақстандағы мешіттердің бірі. Көрнекі сурет.

Астанада экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың қайтыс болуына орай өткізілген асқа жұртты тізіммен кіргізді. Бұл жөнінде ҚазТАГ агенттігі хабарлады.

"Жұрт келіп жатыр. Шара сағат 13.00-де басталады деп айтылған. Айналаға күзет қойылған, жұртты тізіммен кіргізіп жатыр" деп хабарлады ақпарат агенттігінің оқиға орнында жүрген тілшісі. Оған айналаны күзетіп тұрған қызметкерлердің бірі мешетте "жеке шара" өтіп жатқанын айтқан. Күзетшінің құлағында шнуры бар құлаққап болған. Ақпарат агенттігі мешіт қызметкерлерінің бұлайша жарақтанғанына күмән келтіріп, сақшылар Назарбаев пен оның айналасындағы адамдарды күзететін қызметкерлерге ұқсайды деп топшылайды.

Orda.kz сайтының хабарлуынша, асқа журналистер кіре алмаған. Кіре берісте бірінші президенттің баспасөз қызметінің өкілімін деп таныстырған адам залға тек шақырылған қонақтар ғана кіре алатынын айтқан. Сайттың жазуынша, мешіт маңында ондаған брондалған көлік, полиция қызметкерлері, арнайы жасақ жүрген.

Ас Астанадағы Республика мешітінде өткен.

Жергілікті БАҚ асқа экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева, күйеу баласы Тимур Құлыбаев, экс-президенттің досы Мырзатай Жолдасбеков, халық ауызында "ескі гвардия" деп аталатын Назарбаев тұсындағы шенеуніктер Қырымбек Көшербаев, Даниал Ахметов, Ахметжан Есімов және өзге де бұрынғы лауазымды тұлғалардың келгенін байқаған.

18 қарашада түстен кейін Назарбаев сайтында астан түсірілген суреттер жарияланды. Онда Назарбаевқа көңіл айтуға "жетекші мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, бірінші президенттің серіктестері, дипломатия корпусының өкілдері, зиялы қауым өкілдері, дін қызметкерлері" келгені жазылған.

Экс-президенттің інісі 70 жастағы Болат Назарбаев 13 қарашада Алматыдағы Орталық клиникалық ауруханада ауыр науқастан қайтыс болған.

Нұрсұлтан Назарбаев билік құрып тұрған тұста Болат Назарбаев елдегі ең ықпалды әрі бай адамдардың біріне айналды. Қаңтар оқиғасынан соң Назарбаевтың билігі әлсіреген тұста бірнеше кәсіпкер Болат Назарбаев кәсібімді күшпен тартып алды деп шағымданған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG