БЮДЖЕТ ЖЫРТЫҒЫН ЖАМАУ
28 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған аса маңызды әрі бүкіл халықтың тұрмысына әсер ететін мәселенің бірі – салық жүйесін реформалау жайлы болды.
Премьер-министр Олжас Бектенов пен оның орынбасары әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елде кәсіпкерлерге салынатын қосылған құн салығы (ҚҚС) көтерілетінін айтты.
Қазір Қазақстанда ҚҚС мөлшері 12 пайыз болып белгіленген. Жұманғариннің сөзінше, елде жиналатын жалпы салықтың 24 пайызы осы – қосылған құн салығы. "Бірақ бұл тым аз" деді экономика министрі. Бұған дейін үкімет жетекшісі салық мөлшері 20 пайызға дейін өсуі мүмкін екенін айтқан. Жұманғарин "салық нақты қаншаға ұлғаятыны ақпан айының ортасында белгілі болады" деді.
– Бізде даму бюджетінің деңгейі төмен күйінде қалып отыр, оның себебі салықтан жиналатын қаржының аздығына байланысты. Қосылған құн салығының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 20 пайыз. Республикалық бюджеттегі үлесі одан да аз – 10,8 пайыз. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 40 пайыздан асады, – деді ұлттық экономика министрі.
Жұманғариннің сөзінше, қазір елде тіркелген 2,3 млн-нан астам салық төлеушінің 137 700-і қосылған ҚҚС төлеуші ретінде тіркеуде тұр.
– Тіркелген 2,3 млн салық төлеушінің іс жүзінде 88 мыңы, яғни 4 пайызы ғана қосылған құн салығын төлеп жүр. Бұған осы салықты төлеуге міндеттейтін шек тым жоғары екендігі себеп. Яғни, салықтың бұл түрін жылдық табысы 78 млн теңгеден асатын тұлғалар ғана төлейді. Біз осы шекті мөлшерді 15 млн теңгеге түсіруді ұсынамыз. Елдегі шағын және орта бизнестің 80 пайызы осы шамада табыс тауып отыр, – деді Жұманғарин.
Ұлттық экономика министрінің сөзінше, қазір бизнеске түскетін еңбекақы төлеу қорының жүктемесі 40 пайызға дейін жетіп отыр, бұл жайт тауардың өзіндік құнына әсер етеді.
"ҚҚС мөлшерін көтеретін болсақ, жұмыс берушінің әлеуметтік салығы мен міндетті зейнетақы жарналарын алып тастау арқылы жалақы қорына түсетін жүктемесін орташа есеппен 10 пайыздан 30 пайызға дейін төмендетуге дайынбыз. Бюджет бұл шығынды өтей алады", – деді ол.
Егер үкімет ұсынып отырған жоспар іске асса, онда ҚҚС төлейтіндер қатарына 300 мыңға жуық салық төлеуші жаңадан қосылмақ. Үкімет бюджет-салық реформасының нәтижесінде қазынаға қосымша 6-7 трлн теңге қаржы түседі деп үміт артып отыр.
Тоқаев үкіметтің қосылған құн салығына байланысты ұсынысын қолдады. "Салық саясатында реформа керек екені даусыз" деген президент үкіметке ол жұмысты созбай, жедел әрекет етуге, салық өзгерістерін биыл енгізуге тапсырма берді.
Былтыр ақпанда үкімет дәл осындай кеңейтілген отырысында ҚҚС мөлшерін 12 пайыздан 16 пайызға көтеру мәселесін талқылағанда Тоқаев салықты көбейтуге қарсы болған.
"Салықты арттыру – барлық мәселені шешетін сиқырлы тәсіл емес" деген еді президент. Ол мұндай қадам қымбатшылықты күшейтіп, көлеңкелі экономиканы арттырып, елдің инвестициялық тартымдылығын азайтуы мүмкін деген уәж айтқан болатын.
Арада бір жыл өткенде Тоқаев қосылған құн салығын көтеру мәселесі жайлы пікірі неге өзгергенін түсіндірген жоқ.
"БИЗНЕС ҚАЙТАДАН КӨЛЕҢКЕГЕ КЕТЕДІ"
Қазақстан парламентіндегі "Ақ жол" мен "Республика" партиялары өздерін бизнестің партиясыымыз деп атайды. Бұл екі партия да қосылған құн салығын көбейту жөнінде әзірге ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.
Бірақ дүйсенбі, 27 қаңтар күні Республика партиясының депутаты Руслан Берденов үкіметтің бастамасын сынға алған.
– Әрине, мен бұған қарсымын. Мәселені бұлай шеше алмаймыз. Бизнеске бұл өте ауыр болады. Үкімет бюджеттің жыртығын жамау үшін қосылған салығының мөлшерлемесін көтеруі – ең қате шешім. Біз бизнестің көлеңкеден шығып, табысын, айналымындағы қаржысын ашық көрсетуге және салық төлеуге ынталандыратын жағдай жасауымыз керек. Бұл шешім бизнесті қайтадан көлеңкеге кетіреді. Біз мұны айттық, мұны тәжірибе де көрсетіп отыр. Жалпы, қосылған құн салығын әртараптандыру керек. Мысалы, әлеуметтік қызметтерге азайтып, айталық, шартты түрде 8, 9 пайызға тіпті 7 пайызға дейін түсірсін. Кей қызметтерге мөлшерлемені керісінше көтеруге болады, – деген Руслан Берденов.
Қосылған құн салығы
Қосылған құн салығы – Қазақстанда сатылатын тауарлар (отандық және шетелден әкелінген) мен көрсетілетін қызмет бағасына қосылған жанама салық түрі. Мемлекеттік бюджет кірісінің маңызды көздерінің біріне жататын бұл салықтың қазіргі мөлшері 12 пайыз болып белгіленген.
Мысалы, бір бөлке нан дүкенде 195 теңге тұрады делік. Бірақ негізі оның құны бұдан төмен – 174 теңге. Кәсіпкер мемлекетке қосылған құн салығын төлейтіндіктен, әлгі 174 теңгенің 12 пайызына тең ақшаны, яғни шамамен 21 теңгені үстінен қосып отыр. Осылайша тұтынушы ол нанды 195 теңгеге сатып алады.
Тағы бір мысал. Шаш алдырған адам шаштаразға қызметін пайдаланғаны үшін 3000 теңге төледі делік. Бірақ мұның ішінде қосылған құн салығы да бар. Сонда шаштараздың қызметіне – 2680 теңге және оның 12 пайызына тең мөлшерде қосылған құн салығы ретінде төлеуге 320 теңге жұмсайды.
Қазіргі қолданыстағы заң бойынша, жылдық тауар айналымы 73 млн 840 мың теңгеден асатын кәсіпкерлер ғана қосылған құн салығын төлеуге міндетті. Енді үкімет салықтың бұл түрін жылдық тауар айналымы 15 млн теңгеден басталатын кәсіпкерлерге енгізуді, оған қоса, салық мөлшерін 12 пайыздан көтеруді ұсынып отыр.
Қазақстанда қосылған құн салығын төлеуден босатылған немесе жеңілдік берілген салалар да бар, ондайларға – медицина, білім беру, мәдениет, ауыл шаруашылығы салалары, экспортқа шығарылатын тауарлар жатады.
"ХАЛЫҚ ПЕН САЛЫҚ
Экономист Меруерт Махмұтова жылдан жылға көлемі ұлғайып бара жатқан бюджет тапшылығы үкіметті қосылған құн салығын көтеруге итермелеп отыр, бірақ түптеп келгенде салық ауыртпалығы қатардағы тұтынушыға түседі дейді.
– Еліміздің экономикасы шикізатқа тәуелді, соған байланған. Сол шикізатты шетке шығаратын ірі экспортерлер қосылған құн салығын төлемейді, олардың тауар сатып алғанда, түрлі қызметтер пайдаланған кезде төлейтін қосылған құн салығын бюджет қайтарып береді. Сондықтан бізде ҚҚС-ті негізгі төлеушілер – шағын және орта бизнес. Ал олардың сатқан тауары мен көрсеткен қызметіне қосылған ҚҚС-ті біз, қазақстандық тұтынушылар төлейміз.
– Үкіметке бюджетті толтырудың басқа қандай жолдары бар?
– Егер отбасы бюджетін үлгі ретінде алсақ, айталық, айына 100 мың теңге табысы бар отбасының ай сайынғы шығыны 200 мың теңге болса, оларда екі-ақ жол бар: не табысты ұлғайту керек, болмаса шығынды қысқарту керек. Мұнда да сол сияқты. Мысалы, үкіметтің түкке тұрғысыз көп жобалары бар, халықаралық конференциялар, кездесулер, түрлі форумдар, т.с.с. Сол сияқты, былтыр LRT жобасына деп бюджеттен 10 млрд теңге бөлді. Триллиондаған теңгені қайда болса сонда жұмсап жатыр. Бұл – бір.
Екіншіден, кейінгі жылдары үкіметтің шешімімен бюджетке түсетін шамалы кірісті де кім болса сол алып жатыр. Мысалы, "Қазақстан халқына" деген жеке меншік қор "Самұрық-Қазына" мемлекеттік әл-ауқат қорының пайдасынан 250 млрд теңге алғанын сол ұйымның басшысы Болат Жәмішевтің өзі айтты. Негізі заң бойынша ол ақша бірінші кезекте бюджетке аударылуы керек болатын.
Ақша бюджетке емес, осылайша басқа қорларға түсіп жатыр. Қосылған құн салығын 20 пайызға дейін көтеру ертеңгі күні инфляцияны күшейтеді.
– ҚҚС мөлшерін ұлғайту инфляцияға нақты қалай әсер етеді? Президент Тоқаевтың инфляцияны азайту туралы тапсырмасымен бұл қаншалықты қабысады? ҚҚС қосылған тауар қымбаттайды ғой әдетте?
– Әрине. Президент жолдауларында үнемі инфляция үшін жауапкершілікті бір жағынан Ұлттық банкке артады, бірақ үкімет те, президент те өз шешімдерімен жылда Ұлттық қордан қаржыны республикалық бюджетке пайдалануға трансферт ретінде жұмсап, сол мемлекеттік шығыстар инфляцияның өсуіне үлес қосып жатыр. Осылайша Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеріп, инфляцияны төмендетуге тырысса, үкімет әлгіндей шешімдерімен инфляцияның өсуіне жол ашып отыр.
– ҚҚС мөлшерін ұлғайту шағын және орта бизнеске қалай әсер етпек?
– Ондай салықтың ауыртпалығы ең алдымен халыққа түседі, біздегі тұтынушының күнкөріс деңгейі нашарлайды, себебі олардың табысы өсіп жатқан жоқ. Былтыр ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге болып белгіленген еді, биыл да сол өзгерген жоқ. Ал инфляция болса қарқын алып бара жатыр. Салықты бүгін енгізетін болса, ертесінде-ақ тауар мен қызмет бағасы өседі, ал халықтың төлем қабылеті болмаса, шағын және орта бизнес иелеріне кәсібін жабуға тура келеді.
Салық жөніндегі кеңесші маман Гүлнұр Нұрланқызы үкіметтің ҚҚС мөлшерін көтеру туралы бастамасы қысқа мерзімдегі бюджетті толтыруға бағытталған шара, ал ұзақ мерзімде бұл сәтсіз шешім болады деп есептейді.
– ҚҚС – ең соңғы тұтынушы төлейтін салық түрі. 2000 жылдардың басынан біртіндеп көтеріліп, 2009 жылдан бастап біртіндеп 16, 15 пайызға дейін төмендеп, 12 пайызға түскен ҚҚС мөлшерлемесін қайтадан 20 пайызға дейін көтеру бизнес пен экономиканы кері апарып тастағандай көрінеді маған. Түптеп келгенде бұл тұтынушының қалтасына салмақ салып, ауыртпашылық соған түседі, – деді Гүлнұр Нұрланқызы.
– ҚҚС мөлшерін өсіріп, оны жылдық табысы 15 млн теңгеден басталатын салық төлеушілерге салу бастамасы іске асатын болса, үкімет үміт артып отырғандай, жаңадан 300 мың салық төлеуші пайда бола ма, әлде кәсіпкерлер арасында "көлеңкеге тығылатындардың" артуына алып келе ме?
– Менің ойымша, бастапқыда қысқа мерзімде уақытша әсері болуы мүмкін. Алайда ұзақ мерзімде олардың салық төлмей алмай, банкрот болуына, жұмысшылардың табыссыз қалуына, т.с.с. алып келуі мүмкін.
Тағы бір айтқым келетін нәрсе, үкімет ҚҚС мөлшерін көтеру арқылы салық төлейтіндер санын көбейтсек дейді. Бұрын ҚҚС мөлшерін төмендеткен кезде ол көрсеткіш өскен. Ал бірақ қазір ҚҚС-ны көбейткен кезде оның әсері керісінше болады деп ойламаймын.
– Экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда салық аз жиналады, салық түсімдері ел бюджетінің 11 пайызына жетпейді, дамыған елдерде бұл 40 пайыздай деді. Оның сөзінше, ҚҚС төлейтін кәсіпкерлер де жалпы бизнесмендердің 6 пайызына ғана тең екен. Қазақстанда бизнеске салық аз ба?
– Жоқ, менің ойымша олай емес, себебі бізде салық деген жалғыз ҚҚС емес қой. Мысалы, ҚҚС алғаш рет 1958 жылы Францияда енгізілген. Ол кезде басқа елдерде болмаған. Қазір оны 137 мемлекетте төлейді. Ең көбі 27 пайыз төлейді. Бірақ соның ішінде Сингпур – 9 пайыз, Малайзия – 5 пайыз, Оңтүстік Корея – 10 пайыз төлеп жатыр. Рас, Норвегия, Швеция, Дания сияқты мемлекеттерде 25 пайыз төлейді, бірақ оларда халықтың жағдайы да басқадай ғой, қарапайым орташа айлық 3500 мың еуро. Ал бізде ең төменгі еңбекақы мөлшері 85 мың теңге болып тұрғанына биыл екінші жыл. Орташа айлық 350 мың теңге дейді, бірақ оны да көпшілік алып отырған жоқ, шындығын айтқанда. Тіпті сол 350 мың теңге еуроға шаққанда 700 еуро болады. Өзімізді экономикасы тұрақты, дамыған елдермен салыстырамыз да, ал бірақ халықтың табысы әлгіндей. Біз дамушы елдер қатарындамыз.
– Вице-премьер Серік Жұманғарин салық пен бюджет реформасы деп таныстырған тағы қандай өзгерістер кәсіпкерлер жұмысына әсер етеді?
– Кәсіпкерлердің жұмысына үкіметтің осы уақытқа дейінгі жасап келе жатқан іс-шаралары әсер етіп те жатыр. Мысалы, жалпыхалықтық декларациялау болсын, қазір мониторинг көбейетінін айтты, т.с.с. Осылардың өзі қыспаққа алғандай әсер қалдырады.
Қазір байқасаңыз, [сауда жасап, қызмет көрсеткенде] қолма-қол ақша қабылдамай жатыр, ондай төлем түрі заңды бола тұра. Міне осыларды ескеріп, бизнеске жағдай жасап, кәсіпкерлердің табысының көбеюіне, "көлеңкеден" шығуына жағдай жасап, мүмкіндік туғызса да, солардың салық түсімінен бюджетке түсетін қаржы көбейер еді. Ал бұлар оны күтпей, шұғыл түрде, тездетіп осы қазіргі қаржы тапшылығын жоюды мақсат етіп, соны ғана ойлап тұрған сияқты. Абдырап қалған кәсіпкерлер бастапқыда төлеп, ақырындап жұмыс істеп, бір жолдарын іздестіріп көруге тырысуы мүмкін, бірақ ұзақ мерзімде мұның теріс салдары болады деп ойлаймын, – деді Гүлнұр Нұрланқызы.
ПІКІРЛЕР