Түркіменстан билігі мемлекеттік қызметкерлерді "Бердімұхаммедов отбасының мүшелерінің суреті бар газет-журналдарды бүлдірмей, сақтап қоюға міндеттейтін" жазбаша құжатқа қол қойғызып жатыр. Бұл жөнінде осындай құжатқа қол қойған бірнеше шенеунік айтты.
Мемлекеттік басылымдарға жазылуға мәжбүр болған мемлекеттік қызметкерлер мен студенттер енді "қағаз басылымдарды бүлдірмеу" туралы жаңа талапқа кезікті. Балқан уәлаятындағы шенеуніктердің бірі Азаттыққа жыл басынан бері осы ережеге қатысты қатаң шаралар енгізілгенін айтты.
Ереженің орындалуын қадағалау үшін билік газет-журналдарға QR-код қою мүмкіндігін қарастырып жатыр.
"Біз үйде балалар газеттерге тиісе ме деп қорқамыз. Егер бала кенеттен жыртып тастаса немесе президенттің суретін лақтырса, бұл бізге проблема болады" деді аты-жөнін айтпаған шенеунік Азаттыққа.
Түркіменстанда мемлекеттік басылымдар қатаң цензураға ұшырап, маңызды жаңалықтарды өте жұтаң шығарады. Көптеген жазылушы газеттерді сирек оқиды. Президент Сердар Бердімұхамедов пен оның әкесі бұрынғы басшы Гурбангулы Бердімұхаммедовті мақтаған мақалаларға толы газеттерді тұрғындар көп жағдайда отқа тамызық ретінде немесе заттарды орау үшін, тіпі дәретхана қағазы ретінде пайдаланады.
Сөз бостандығын бақылайтын "Шекарасыз тілшілер" (RSF) ұйымының мәліметінше, Түркіменстан сөз бостандығы бойынша әлемде ең төменгі орындарда тұрған мемлекеттердің бірі. Билік үлкен Бердімұхаммедовтен кіші Бердімұхамедовке берілгеннен кейін де жағдай өзгермеген. Гурбангулы Бердімұхамедов әлі де шешім қабылдау бойынша елдегі негізгі тұлға ретінде қалып отыр.
Үкімет өзгеше ойлағандарды қатаң қудалайды: сыншыларды ұстап, ұрып-соғады, азаптайды, түрмеге қамайды, кейбірі елден қашуға мәжбүр болады.
Былтыр Азаттықтың бұрынғы тілшісі 35 жастағы Құдайберді Аллашов ұзақ сырқаттан кейін көз жұмған. Жақтастарының айтуынша, оған билік көп қысым жасаған.