Accessibility links

HRW Қазақстан билігін БҰҰ жиынында адам құқығы бойынша берілген кеңестерді орындауға шақырды


Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті қолдап, пикетке шыққан журналист Әсем Жәпішеваға полиция келген сәт. Алматы, 20 қаңтар 2025 жыл.
Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті қолдап, пикетке шыққан журналист Әсем Жәпішеваға полиция келген сәт. Алматы, 20 қаңтар 2025 жыл.

Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау жөніндегі ұйымы Қазақстан билігін Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жиынында айтылған кеңестерді қолдап, орындауға шақырды.

23 қаңтарда Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары кеңесінде Қазақстандағы адам құқықтарының ахуалы талқыға түскен. Ол кезде БҰҰ-ға мүше 103 мемлекеттің делегациясы ресми Астанаға адам құқығын жақсартуға бағытталған 294 кеңес берген еді. Олардың арасында бейбіт жиналу, пікір айту еркіндігін сақтау, Қаңтар оқиғасы кезіндегі өрескел заңсыздықтарға, оның ішінде азаптауларға, адам өліміне кінәлілерді жауапқа тарту қажеттігі, мүгедектігі бар адамдарды қолдау, ЛГБТ өкілдерінің құқықтарын сақтау сияқты кеңестер бар.

"БҰҰ-ға мүше елдер әмбебап периодикалық шолу барысында Қазақстандағы адам құқығы жағдайына әділетті түрде алаңдаушылық білдірді. Қазақстан адам құқығы жағдайын жақсарту үшін дереу қадамдар жасауы керек" деді ұйымның Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Ритман.

БҰҰ-ға мүше елдер шамамен 4,5 жыл сайын әр елдегі адам құқығы ахуалын қарап, оны жақсарту амалдарын ұсынып отырады. Мұндай жиында жағдайы қаралатын елдің үкіметі, құқық қорғау ұйымдары, азаматтық қоғам өкілдері БҰҰ-ға соңғы қарастырылған мезгілден бергі адам құқығы ахуалы туралы ақпарат бере алады. Қазақстан соңғы рет 2019 жылы халықаралық қауымдастық алдында есеп берген.

Ұйымның жазуынша, шолу аясында таныстырылған есебінде Қазақстан үкіметі "елде ірі ауқымды демократиялық реформаларды жүзеге асырып, халықаралық міндеттемелерге сай адам құқығын қорғап жатқанын" атап көрсеткен. Қазақ үкіметі 2019 жылғы шолу кезінде берілген 214 рекомендацияның 195-ін орындағанын, 19-ы жүзеге асырылып жатқанын айтқан.

Алайда HRW өз мәлімдемесінде 2019 жылдан бері Қазақстан кейбір маңызды рекомендацияларды жүзеге асыруда алға жылжымағанын атап өтеді. Атап айтқанда, сөз бостандығы, бейбіт жиналу құқығын жүзеге асыру, ЛГБТ қауымының құқықтарын қорғау бойынша ілгерілеу болмаған. Есесіне 2019 жылдан бері адам құқығын бұзу оқиғалары жалғасын тапқанын, бұл әсіресе кемінде 238 адам қаза болған Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін өріс алғанын айтады.

Ұйымның жазуынша, үкімет азаматтық және саяси еркіндікті тұншықтыруды күшейтіп, экстремизммен күресті желеу етіп, белсенділер, құқық қорғаушылар, журналистер, блогерлер, үкімет сыншылары мен еркін жиналу мен пікір айту құқығын жүзеге асырушыларды қудалаған. HRW шолуға бірнеше күн қалғанда сатиралық паблик авторы Темірлан Еңсебектің де қамалуын сынайды.

Ұйымның айтуынша, әмбебап периодикалық шолу барысында Норвегия мен Австралия және тағы бірнеше мемлекет Қазақстанды Қаңтар оқиғасы кезіндегі азаптау, өзге де дөрекі қарым-қатынас түрлерін зерттеуге және кінәлілерді жауапқа тартуға үндеген.

"Ұлыбритания Қазақстанды "ұлттық заңнамадағы экстремизм анықтамасын қайта қарауға және зорлық-зомбылықсыз қылмыстар үшін сотталғандарды терроризмді қаржыландыратын тұлғалар тізімінен шығаруға" үндеді. HRW тізімге енгізуден туындаған негізсіз қаржылық шектеулер тәрізді ірі заңсыздықтарды құжатқа түсірді" деп жазылған мәлімдемеде.

Ұйымның айтуынша, БҰҰ-ға мүше елдер Қазақстанды сөз бостандығын қолдап, БАҚ, блогер, журналистердің құқығын қорғауға кепілдік беруге шақырғанын еске алады. Мұндай кеңестер елде сөз бостандығын шектеу талпыныстары күшейген тұста айтылып отырғанын да атап өтеді.

Қазақстан ұкіметі БҰҰ Адам құқығы кеңесінің шілдедегі сессиясына дейін әмбебап периодикалық шолу кезінде айтылған рекомендацияларды орындау ниетін білдіруі керек дейді ұйым.

"Егер Қазақстан халықаралық аренада ойыншы болуға ұмтылса, ол ұйымға мүше басқа мемлекеттердің білдірген елеулі алаңдаушылықтарын елеусіз қалдырмауы керек және әркімнің құқықтарын ілгерілету үшін шара қабылдауға тиіс. Алайда Астанаға күшті халықаралық қысым болмаса, адам құқықтарының бұзылуы жалғасуы мүмкін деген қауіп бар», - деді Риттман.

Әмбебап периодикалық шолу кезінде кезек-кезек сөйлеген әр ел өкілдері Қазақстанда өлім жазасы жойылғанын, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жаза қатайтылғанын, Конституциялық сот құрылғанын оң бағалаған. Ал елдегі Қаңтар оқиғасын тергеу, қамауға алынғандарды азаптау, азаматтардың саяси көзқарасын еркін білдіру мәселелеріне қатысты ішінара сын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG