Accessibility links

Қазақстанда тағы төрт банк резидент еместерге карта беруді уақытша тоқтатты


Қазақстанда тағы төрт қаржы ұйымы – Halyk Bank, "Еуразиялық банк", "Нұрбанк" және "ВТБ банкі" акционерлік қоғамы – резидент еместерге төлем картасын беруді уақытша тоқтатты деп "Интерфакс" хабарлады.

Бұл ақпаратты агенттік сөйлескен Halyk Bank пен "Еуразиялық банк" колл-орталықтарының операторлары растаған. "ВТБ банкінің" Қазақстандағы еншілес қаржы мекемесінің қызмет көрсету орталығы төлем картасын беруді тоқтатуға техникалық ақау себеп болды деп түсіндірген. Бұған қоса, осы төрт банк мекемесі шетелдіктерге төлем картасын беруді қашан қайта бастайтынын нақты айта алмады. "Нұрбанк" сайтындағы ақпаратта шетелдіктерге төлем картасын беру техникалық жұмыстарға байланысты уақытша тоқтатылды деп жазған.

Өткен аптада Қазақстандағы Kaspi Bank және Home Credit Bank шетелдіктерге дебет картасын беруді тоқтатқан.

Бұған дейін Қазақстанның қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі шетелдіктерге берілетін төлем картасы бір жыл ғана жарамды деген шектеу енгізіп, оған қоса банктерді шетелдіктер мен олардың өкілдерінің құжаттарын тексеруге міндеттеген . Агенттік мұндай шешім есірткі айналымы мен цифрлық активтер саласындағы заңсыз әрекеттердің алдын алу мақсатымен қабылданды деп түсіндірді.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан шетелдегі елшіліктерде жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) беруді тоқтатты. Қазақстанның ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, 2024 жылы 435 мыңнан астам шетел азаматы ЖСН алған, соның 233 мыңнан астамы – Ресейдің, 121,7 мыңы – Өзбекстанның, 25,6 мыңы – Қытайдың азаматы. Қазақстанның цифрлық даму министрлігінің дерегіне сүйенген басылымдар жариялаған мәліметке сәйкес, 2022 жылдан 2024 жылға дейін Қазақстан банктерінің карталарын 695 мыңнан астам Ресей азаматы алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG