Accessibility links

"Тегімізді ұмытпағанымыздың дәлелі". Орталық Азияда есім-сойдағы орысша жұрнақтан арылу қалай жүріп жатыр?


Орталық Азия елдерінде байырғы ұлт өкілдерінің аты-жөндегі орыс тіліне тән жұрнақтан, мәселен, тегіндегі -ов(а) и -ев(а) қосымшасынан арылу үрдісі бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Әйтсе де, бұған кері процесс те қарқынды жүріп жатыр. "Азаттық Азия" тілшісі жағдайдың жай-жапсарын зерттеп көрді.

ӨЗБЕКСТАН

"Түп тамырымызды танып, ұлттық мақтанышты сезінбейінше, ешқашан дами алмаймыз", — деп мәлімдеді 2020 жылы Өзбекстанның Журналистика және бұқарамен байланыс университетінің ректоры. Ол өз аты-жөнін өзгерту себебін осылай түсіндірді: Шерзод Таджиддинович Кудратходжаев енді Шерзодхон Тоджиддинхон угли Кудратходжа болды.

Совет одағының басқа елдеріндегі сияқты Өзбекстанда да аты-жөнді дәстүрге сай жазуға оралу тенденциясы 1991 жылы ел тәуелсіздігі жариялағаннан кейін басталған.

Самарқандағы Әмір Темір кесенесі. Өзбекстан, 29 қараша, 2019 жыл.
Самарқандағы Әмір Темір кесенесі. Өзбекстан, 29 қараша, 2019 жыл.

1995 жылы қабылданған "Мемлекеттік тіл туралы" заңға сәйкес, "ұлтына қарамастан, Өзбекстан Республикасында тұратын азаматтардың есімін, әкесінің атын және тегін ұлттық-тарихи дәстүрге сай жазу құқығы бар".

Бұл процедура Министрлер кабинетінің қаулысымен реттеледі. Құжатқа сәйкес, аты-жөнін өзгертуге басқа да себептермен қатар сот шешімі, аты-жөнінің "құлаққа жағымсыз" естілуі немесе "ұлтына сәйкес келмеуі" негіз бола алады.

Осы қаулы бойынша жеке дерегін өзгертуге ниет білдірген адам құжаттарын толық жинап, азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне жүгінуі керек және 340 000 сумнан 680 000 сумға (шамамен 26-52 доллар) дейін мемлекеттік алым төлейді.

Салыстырмалы түрде бұл процедура қарапайым көрінгенімен, дәлірек айтқанда қағаз жүзінде солай болғанымен, бақылаушылардың айтуынша, Өзбекстанда жаппай ата тегін өзгертіп жатқандар жоқ. Көбіне-көп бұл үрдіс жаңа туған балалардың аты-жөнін жазу кезінде қылаң береді: өзбек ұлтының өкілдері "-вич" және "-овна" дегеннің орнына әкесінің атының жанына әдетте "угли" және "кизи", яғни "ұлы" және "қызы" деп көрсетеді.

Тегіндегі орысша жұрнақтан арылуға басшы қызметтегі адамдар да аса ынталы болып отырған жоқ (мұндай үрдіс Тәжікстаннан басқа Орталық Азия елдерінің бәріне тән). Билікке жақын тұлғалар қатарында болған (бұрынғы президент Ислам Кәрімовтің және алдымен премьер-министр, кейін президент болып отырған Шавкат Мирзияевтің баспасөз қызметінде істеді) Өзбекстандағы жоғары оқу орнының ректоры Шерзодхон Кудратходжа — аты-жөніндегі орысша қосымшадан арылуды ұйғарған аздаған лауазымды тұлғаның бірі.

Жасөспірім ұлға сүйеніп, жұма күні мешітке бара жатқан қария. Ташкент, Өзбекстан. Архивтегі фото.
Жасөспірім ұлға сүйеніп, жұма күні мешітке бара жатқан қария. Ташкент, Өзбекстан. Архивтегі фото.

Ташкенттік блогер Сардор Салим Өзбекстанда бұл мәселеде әлі де қағазбастылық пен әуре-сарсаң көп деп санайды. Сондықтан да өзі құжат бойынша Салимов боп қалып, балаларының аты-жөнін жаңа үлгімен жаздырған.

Блогердің айтуынша, тегін орыссыздандыру процесі "азаматтық ұлтшылдықпен" тығыз байланысты. Өзбекстанда бұл идеяға негізінен "зайырлы интеллигенция" жақын, ал олардың үлесі, блогердің ойынша, аз.

"Елдегі азаматтық ұлтшылдық қажетті деңгейге көтеріле алмай, 1990 жылдары-ақ тоқырап қалды. Халықтың негізгі бөлігі дінге жақын", — дейді Салим. Ол діни ұстаным ұлттық болмысқа оралуды білдіре бермейтінін де еске салды.

Лондонда орналасқан Central Asia Due Diligence зерттеу орталығының директоры Әлішер Илхамовтың айтуынша, Орталық Азияның басқа да елдері сияқты Өзбекстанда да кейінгі жылдары байырғы тегіне оралу үрдісі Ресейдің Украинаға соғыс ашуынан кейін жандана түскен. Зерттеуші соғыс постсоветтік кеңістіктегі отарсыздану процесін күшейте түсті деп санайды. Сонымен бірге ол мұндай өзгеріс "ру-тайпалық болмыс" мейлінше сақталған елдерде қатты байқалады деп есептейді.

"Өзбекстан аумағында болған қала өркениеті ұлттық ерекшелікті айтарлықтай жойды", — деді Илхамов.

ҚАЗАҚСТАН

Қазақстанда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тегін ауыстыру жаппай етек жайғанына президенттің 1996 жылғы 2 сәуірдегі "Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы" жарлығы да ішінара дәлел бола алады.

Жарлықта бұл құжат "Қазақстан азаматтарының тегi мен әкесiнiң атын қазақша жазу тәжiрибесiн қазақ халқының қалыптасқан тарихи дәстүрлерiне сәйкес келтiру жөнiндегi көптеген өтiнiш-тiлектерiн ескеріп" қабылданғаны айтылған.

Алтыбақан теуіп жатқан балалар. Шымкент, 25 наурыз, 2015 жыл. Азаттық архивіндегі фото.
Алтыбақан теуіп жатқан балалар. Шымкент, 25 наурыз, 2015 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

Жарлықта "ұлты қазақ азаматтар өздерiнiң тегi мен әкесiнiң атының жазылуын қазақ тiлiне тән емес аффикстi алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда тегi мен әкесiнiң атының түбiрлiк негiзi сақталуға тиiс" деп жазылған.

Қазақстандық актер Бауыржан Мұхамедұлы Совет одағы құлағаннан кейін іле-шала азаматтарға қазақша құжат алуға мүмкіндік берілгенін пайдаланып, әкесінің атына жазылған. Айтуынша, совет өкіметі күштеп таңған ережеден құтылғанша асығыпты.

"Мұндай ереже орыстарда да болмаған. Олардың тегі мамандықтан немесе әулет басшысынан бастау алады. Мысалы, Фёдоров болса, отағасының аты — Фёдор. Мұндай ақылға қонымсыз нәрсе Совет одағында ғана болған", — деді Мұхамедұлы.

Қазақ журналисі, PR маман, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ғазиза Ұзақ та бұл пікірге қосылады. Оның айтуынша, совет билігі кезінде сырттан таңылған ереже-талаптардың мақсаты "ұлт пен тілді бір идеология аясында біріктіру" болған.

"Түптеп келгенде, бұл да ассимиляцияның бір бөлігі болатын. Ол кезде құжат берген уақытта тегін қалай жазғаны бәрімізге мәлім. Қазақтардың тегі қай кезде де бабасының немесе руының кім екенін көрсететін, мәселен, [буын арасындағы] терең байланыстан хабар беретін. Алайда автоматты түрде оның бәріне орыстың жұрнағын жалғағаннан кейін бастапқы мағынасы өзгерді", — деді Ғазиза Ұзақ.

Ол қазақ жазушысы, Екінші дүниежүзілік соғыстың қаһарманы Бауыржан Момышұлының ұстанымы шабыт бергенін айтты. Ұзақтың сөзінше, совет кезінде батырдың тегін "Момышев" деп өзгертуге бірнеше рет талпыныс болғанымен, Бауыржан Момышұлы бұған жол бермепті. Ғазизаның өзі тегіндегі "-ова" дегеннен 2012 жылы құтылған.

Бауыржан Момышұлы (оң жақта) мен жазушы Мұхтар Әуезов. Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі сурет (жеке мұрағаттан алынды).
Бауыржан Момышұлы (оң жақта) мен жазушы Мұхтар Әуезов. Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі сурет (жеке мұрағаттан алынды).

"Мен қазақ халқының тарихын құрмет тұтатын, дәстүрін қадірлейтін, қазақы салтты ұстанатын отбасында туып-өстім. Сондықтан тегімді өзгертемін деген ой біраздан пісіп-жетілген еді. Орыс тілінде "Ғ" болмағандықтан, бала күнімнен есімімді дұрыс айтпайтынын естіп өстім. Екпінді дұрыс қоймаса, дұрыс жіктемесе, көңіліме тиетін. Әкемнің атын да мың құбылтатын. Мұның бәрі маған ауыр тиді", — деді Ғазиза.

Журналистің айтуынша, тегін өзгерту аса бір қиындық тудырмаған.

"Халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш беріп едім, тез арада бәрін өзгертіп берді. Бір жақсысы, бұрынғыша жазылған басқа құжаттарды ауыстыру қажет емес екен", — деді ол.

Журналистің байқауынша, қазіргі қазақ қоғамында қазақы аты мен тегіне оралу үрдісі мейлінше анық байқалады.

"Ұлттық сана-сезімнің оянуын көргенде мақтаныш кернейді. Жастар шынайы тегіне оралып жатыр, бұл жай ғана құжат ауыстыру емес. Тамырымыздан ажырамағанымызды көрсететін, тарихымыз бен тілімізді ұмытпағанымызды айғақтайтын тәсіл. Ұзақ уақыт бойы қысым көріп келген ұлттық болмысымызды қалпына келтіруге деген терең талпыныстың айғағы", — деді Ғазиза Ұзақ.

ҚЫРҒЫЗСТАН

Қырғызстанда түп тамырына оралу тақырыбы көп талқысына түскені беріде, парламент спикері тегін өзгерткенде басталды. Нұрланбек Шәкиев бұдан былай Нұрланбек Тұрғынбек уулу екенін хабарлады.

Facebook желісіндегі "Мен — Тұрғынбектің ұлымын, мен — қырғыз халқының перзентімін!" деген жазбасында саясаткер тегін өзгертуді көптен армандап жүргенін айтты. Мұндай шешімге келу себебін халықтың дәстүрін және ұлттық болмысты сақтауға деген талпыныс деп түсіндірді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны кезінде көкпардан сайысқа түсіп жатқан ұлттық құрамаға қолдау білдіріп тұрған қырғыз жанкүйерлері. Астана, 9 қыркүйек, 2024 жыл.
Дүниежүзілік көшпенділер ойыны кезінде көкпардан сайысқа түсіп жатқан ұлттық құрамаға қолдау білдіріп тұрған қырғыз жанкүйерлері. Астана, 9 қыркүйек, 2024 жыл.

Чехияда оқитын қырғыз студенті Сәлима Қапар да осындай арманы болғанын айтады: 2021 жылға дейін Джетыбаева болып жүріп, кейін әкесінің атын алыпты.

"Бала күнімізде "Кімнің қызысың?" дегенді көп естідік. Ондайда "Қапардың қызымын" деп жауап беретінмін. Ол уақытта ешкім тегіңді сұрамайтын. Ел-жұрт мені де, отбасымды да әкем арқылы білетін. Алайда құжат бойынша тегім "Джетыбаева" еді. Осының өзін көбінесе қате айтатын немесе жазғанда қате жіберетін, бұл шамыма тиетін. Аты-жөнімізді [ұлттық қалыпқа] келтіру төл болмысымызды сақтау жолындағы маңызды қадам", — деді Сәлима.

"Азаттық Азия" тілшісімен сөйлескен Қырғызстан азаматтары елде тегіңді ауыстырудың қиындығы жоқ екенін айтты. Құжат өзгерту үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына екі рет — өтініш беруге және жаңа төлқұжат пен тегің өзгергені туралы куәлікті алуға ғана барасың.

Бұған қоса болашақта қырғызстандықтар тегі мен әкесінің атын ұлттық ерекшелікке сай жазғысы келсе, мүмкіндігі кеңейе түспек. Ел парламенті тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Соған қарамастан, Қырғызстанда парламент спикері Нұрланбек Тұрғынбек уулу мен студент Сәлима Қапар секілді тегін ауыстыратындар көп емес. Статистикаға сенсек, елде аты-жөнін қайтадан орысшалау процесі байқалады.

Аты-жөнін ауыстыру мәселесімен айналысатын "Қызмат" мемлекеттік мекемесінің дерегі бойынша, 2024 жылы 198 ер адам мен 125 әйел -ов, -ев жұрнақтарынан арылған. Ал тегіне осы жұрнақты қосып жазғандар әлдеқайда көп: 3 мыңнан астам. Әрі бұл үрдіске айналып келеді. 2022, 2023 жылдары 870 адам тегін ұлттық негізге сай етіп өзгертсе, -ов(а), -ев(а) деп жаздырғандар саны 12 мыңға жуықтаған.

Бақылаушылар мұның бір себебін 2000 жылдардан басталған Қырғызстан азаматтарының Ресейге жаппай жұмыс іздеп баруымен түсіндіреді. Күнкөріс қамымен Ресейге барған қырғыз азаматтарының айтуынша, "уулу" немесе "қызы" дегенді ол елдегі мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің түсінуі қиын екен.

"Салбұрын" дәстүрлі саятшылар жарысында бүркітін аңға салып жатқан қырғыз өрені. Қырғызстанның Ыстықкөл облысы, 25 қазан, 2015 жыл.
"Салбұрын" дәстүрлі саятшылар жарысында бүркітін аңға салып жатқан қырғыз өрені. Қырғызстанның Ыстықкөл облысы, 25 қазан, 2015 жыл.

Қайрат — "шетелде қиындыққа тап болмау үшін" тегін өзгерткен қырғыз азаматтарының бірі. Замирбек уулу болып жүрген ол 2008 жылдан бастап Замирбеков болып жазылған.

"9-сыныпты бітірген уақытта тегімізді өзгертетін мүмкіндік болды. Сол уақытты қатарластарымыз арасында "уулу", "қызы" болып жазылу сән болып тұрған. Туыстарымыз да, әке-шешем де кейін шетелде шыққанда қиындық туындайтынын айтты. Бірақ мектепте оқып жүргенде ондайға бас қатыра бермейсің ғой. Шетел түгілі, аудан орталығына барып көрмегем, қалаға табаным тимеген. Туған ауылымнан аттап шықпаған баламын. Барлығы шетелге шығу үшін төлқұжат алғанда қиын болатынын, қайсы тегім, қайсы есімім екенін шатастыратынын айтты. Сөйтіп өзгертуіме тура келді", — деді Қайрат.

ТӘЖІКСТАН

Осыған ұқсас жағдай Орталық Азияның тағы бір елі Тәжікстанда да байқалды. Бұл елдің азаматтары да жаппай жұмыс іздеп Ресейге барады.

Тегі мен әкесінің атын орыс тілінің ыңғайынан шығарып, ұлттық негізге сай жазу 2007 жылы Эмомали Шарипович Рахмонов болып жүрген ел президенті тегін Эмомали Рахмон деп өзгерткеннен кейін кең етек жайды.

Панчшанбе базары алдындағы алаңға Құрбан айт намазына жиналған жамағат. Хожант, Тәжікстан, 15 маусым, 2024 жыл.
Панчшанбе базары алдындағы алаңға Құрбан айт намазына жиналған жамағат. Хожант, Тәжікстан, 15 маусым, 2024 жыл.

Көптеген шенеунік президенттен үлгі алып, кейін мұны қарапайым азаматтар жалғастырды.

Олардың арасында бұрынғы бас прокурор Юсуф Рахмон (бұрынғы Рахмонов), сыртқы істер министрі Хамрохон Зарифи (бұрынғы Хамрохон Зарипов), әділет министрі Рустам Шохмурод (бұрынғы Менглиев), мемлекеттік қаржы бақылау және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің директоры Абдуфаттохи Гоиб (бұрынғы Фаттох Гоибович Саидов) бар. Үкімет мүшелері арасынан мұндай мысалды көптеп табуға болады.

Алайда, Қырғызстандағы секілді Тәжікстанда да уақыт өте келе бұл процесс кері бағытқа ауысты. Ресейде тіркелу және жұмысқа тұру барысында қиындыққа тап болғаннан кейін шетелге жұмыс істеуге баратын көптеген тәжік азаматы тегі мен әкесінің атын қайтадан орысша жазуға көшті.

Ресей полициясы сауда орталығында жұмыс істейтін мигранттардың құжатын жаппай тексеріп жатыр. Новосибирск, 15 қазан, 2024 жыл.
Ресей полициясы сауда орталығында жұмыс істейтін мигранттардың құжатын жаппай тексеріп жатыр. Новосибирск, 15 қазан, 2024 жыл.

2014 жылы Тәжікстанның бас прокуроры елде жастардың айтарлықтай бөлігі тегі мен әкесінің атын қайтадан орыс тілінің ыңғайымен жаза бастағанына алаңдайтынын білдірді. Прокурор мұны білім беру жүйесінің дұрыс жұмыс істемей отыруымен байланыстырып, жастардың мұндай таңдауын "сана-сезімі мен патриоттық деңгейінің төмендігінен" деп атады.

Үкімет мұндай құбылыспен мемлекеттік деңгейде күресетін болды.

2020 жылы Тәжікстанда тегі мен әкесінің атын жазуда орыстың "-ов/-ова" и "-вич/-овна" қосымшасын пайдалануға тыйым салатын өзгерісті заңға енгізді. Парламент "ұлттық сана-сезімді нығайтып, мәдени болмысты қорғау" үшін осындай шешім қабылдағанын айтты. Содан бері Тәжікстанда дүниеге келген сәбидің аты-жөніне туған жерін немесе шыққан тобын білдіретін "зод", "зода", "он", "ён", "пурдухт" және "фар" секілді тәжікше жұрнақ жалғау міндетті.

"Азаттық Азия" тілшілері Болот Колбаев пен Бағдат Қамашев әзірлеген материалдан аударылды.

XS
SM
MD
LG