Accessibility links

Ақтөбе соты адамдарды кепілге алу қылмысына күдіктіні екі айға қамады


Адамдар кепілден босатылған үйдің қасында тұрған полиция көліктері. Ақтөбе, 14 қаңтар, 2025 жыл.
Адамдар кепілден босатылған үйдің қасында тұрған полиция көліктері. Ақтөбе, 14 қаңтар, 2025 жыл.

16 қаңтар күні Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі адамдарды кепілге алу қылмысына күдікті ер адамды екі ай мерзімге қамауға алу туралы тергеу орындарының сұранысын орындап, тиісті шешім шығарғанын Азаттыққа растады. Бірақ күдіктінің аты-жөнін, қандай баптар бойынша айып тағылып отырғанын айтпады.

Сот күдіктіні тұтқындау туралы шешімді кешке қарай қабылдаған.

Полиция күдіктіні дүйсенбіде кепілге алынған үш адамды босату операциясы кезінде ұстаған. Құтқарылған үш кісінің екеуі кейін көз жұмды. Олардың жараланған қызы ауруханада жатыр. Бұған дейін полиция дүйсенбідегі оқиғадан кейін Қылмыстық кодекстің "кісі өлтіру" және "кепілге адам алу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

Ерлі-зайыпты екі зейнеткер – 74 жастағы отағасы Ә. мен оның 66 жастағы зайыбы Ш. Ақтөбенің жұрт "Мәскеу" деп атап кеткен ауданындағы жеке үйде тұрған. 13 қаңтарда ер адам оларды сол үйде бірнеше сағат кепілде ұстаған. Полицияның арнайы операциясы нәтижесінде кепілден босатылғаннан кейін бірнеше сағаттан соң екеуі де қайтыс болды.

Бүгін марқұмдардың жаназасы да сол үйде шығарылды. Қапияда мерт болған ерлі-зайыптыны ақтық сапарға шығарып салуға адам көп жиналды. Үйдің маңында полиция қызметкерлері мен медициналық жедел жәрдем өкілдері тұрды.

Ресми ақпаратта Ш. ауруханаға апара жатқан кезде, Ә. ауруханаға түскеннен кейін көз жұмған деп жазылған. Марқұмдарды қаланың іргесіндегі Бестамақ ауылындағы зиратқа жерледі.

Олармен бірге кепілде болған қыздары – 40 жастағы әйел қазір Ақтөбенің көпсалалы облыстық ауруханасында жатыр. Ол ата-анасы қайтыс болғанын әзір білмейді. Бұған дейін дәрігерлер оның денесіне бірнеше жерден зақым келгенін айтқан еді. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы науқастың беті бері қарағанын, қатты шошып қалған онымен аурухана психологтары жұмыс істеп жатқанын хабарлаған. Ол жатқан палатаны полиция күзетіп тұр, медицина қызметкерлерінен өзге адамдарға кіруге тыйым салынған.

Ақтөбедегі жеке үйлердің бірінде белгісіз ер адам үш кісіні кепілге алғаны туралы суыт хабар полицияға 13 қаңтарда кешкі сағат сегіздің шамасында түскен. Полиция күдіктімен бірнеше сағат келіссөз жүргізіп, одан еш нәтиже шықпаған соң, арнаулы жасақ операция бастау туралы шешім қабылдаған. Шабуыл жасап, кепілдегі адамдарды босатқан кезде үйдің жертөлесінен пышақтан жараланған ерлі-зайыпты зейнеткерлер табылғанын сейсенбіге қараған түні облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлаған.

Арада бірер сағат өткенде ол екеуі қайтыс болды деген ақпарат тарады.

Облыстық сот пен полиция тергеу құпиясы деген уәжді алға тартып, күдікті аты-жөнін, кепілде болған адамдардың қалай жараланғанын, оларды кепілден босату операциясының жай-жапсарын айтпады.

Отбасын танитындар қамауға алынған күдікті қазір ауруханада жатқан әйелдің жақын танысы болған деді. Азаттық күдікті тұрған мекен-жайда болып, ол былтыр жазда бұзақылық айыбы бойынша әкімшілік жауапқа тартылғанын анықтады. Бұл туралы толығырақ Азаттықтың алдағы материалынан оқи аласыз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG