Вашингтондағы ұшақ апатынан 67 адам қаза болды: 60 жолаушы, экипаждың төрт мүшесі және ұшаққа соғылған тікұшақта болған үш әскери қызметкер. Бұл жөнінде АҚШ билігіне сүйенген BBC-дің Орыс қызметі жазды.
Вашингтон уақытымен 29 қаңтарда түнде American Airlines әуе компаниясының Bombardier жолаушылар ұшағы әуежайға қонуға бет алған шақта тікұшақпен соқтығысқан еді. Ұшақ та, тікұшақ та Потомак өзеніне құлаған.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйдегі брифинг кезінде ұшақ апатынан ешкім тірі қалмағанын айтты. "Бұл халқымыз үшін қайғылы сәт" деді ол. Ол апаттан қаза болғандарды еске алып, сөзінің басында бір минут үнсіздік жариялады.
Жолаушылар арасында мәнерлеп сырғанау бойынша чемпионаттан келе жатқан спортшылар мен жаттықтырушылар болған. Арасында ресейлік мәнерлеп сырғанаушылар Евгения Шишкова пен Вадим Наумов бар. Бұған қоса, ұшақта АҚШ пен Ресейден бөлек, Германия, Филиппин азаматтары да болған.
Ұшақтың тікұшақпен соқтығысуының себебі белгісіз. Ұшақ апатына қатысты тергеудің алдын ала қорытындысы шамамен бір айдан кейін дайын болады. Тергеушілер екі әуе кемесінің қара жәшігін тапқан.
АҚШ-тың көлік министрі Шон Даффи ұшақ та, тікұшақ та стандартты рейсті атқарғанын және байланыста ешқандай ақау болмағанын айтты. Ақпаратқа қарағанда, авиадиспетчерлер тікұшаққа ұшақтың жақындап келе жатқанын ескертіп, бағытын өзгертуді бұйырған.
Reuters дереккөзінің хабарлауынша, Рейган әуежайында жергілікті ұшақтар мен тікұшақтарды бір диспетчер басқарып отырған.
Үш коммерциялық әуежай мен бірнеше әскери нысан орналасқан АҚШ астанасының әуе кеңістігінде жиі "кептеліс" болады. Күніне 800-ден астам ұшақ қабылдап немесе ұшақ ұшыратын Рейган әуежайының ұшу-қону жолағы АҚШ-тағы қатты қарбаласқан әуежайлардың бірі.
ПІКІРЛЕР