Accessibility links

WSJ: Ресей Түркияда "долларлық оффшор" құруға тырысты


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған. Анкара, 3 сәуір, 2018 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған. Анкара, 3 сәуір, 2018 жыл.

2022 жылы Украинаға басып кіргені үшін Ресейге Батыс елдері санкция салғаннан кейін Мәскеу оны айналып өту жолын құру мақсатында Түркияда АЭС салу жобасын сылтау ретінде пайдаланды. Нәтижесінде АҚШ банктерінен бірнеше миллиард доллар Түркияға аударылып, Ресей билігінің шетелдегі операцияларын қаржыландыруға санкцияларды айналып өтуге пайдаланған болуы мүмкін. Бұл туралы дереккөздеріне сүйенген The Wall Street Journal газеті жазды. АҚШ-тың әділет министрлігі тергеу жүргізіп жатыр деген де хабар айтылды. Бұған дейін мұндай дерек болмаған.

Ақпаратқа сәйкес, Ресей "Газпромбанк" арқылы америкалық JPMorgan және Citigroup деген екі банктен Түркиядағы "Зираат" банкіндегі шотқа ресми түрде Аккую АЭС-ін салуға несие ретінде деп 5 миллиард доллардан астам ақша аударған. "Газпромбанк" 2022 жылы АҚШ санкциясына ілікпеген еді.

JPMorgan банкінен кезекті 2 миллиард төлем АҚШ әділет министрлігінің талабынан соң жіберілмей қалған. Ақша әлі де бұғатталып тұр. WSJ дерегінше, 2024 жылы АҚШ билігі бұл қаржы санкцияны айналып өтуге пайдаланылған деп тауып, тәркілемек болған. АҚШ бұл идея Түркиямен қарым-қатынасты бұза ма деп қауіптеніп, одан бас тартқан. Бұл схемаға Түркия арнайы қызметінің қазіргі басшысы Ибрагим Калын қатысқан болуы мүмкін деген болжам бар.

Атом электр станциясының құрылысына қатысатын ресейлік "Росатом" корпорациясының өкілі Түркияға аударылған ақшаның бәрі расымен де құрылысқа арналды деп айтты. Ол ақшаның бір бөлігі "үшінші тұлғалар араласқан соң әділетсіз бұғатталып қалды" деді, "Росатом" өкілі бұл жағдай шешіледі деп үміттенеді.

WSJ дереккөздерінің мәліметінше, АҚШ әділет министрлігі ақша Түркиядағы шотқа АЭС үшін емес, Ресей орталық банкі қаржысы бұғатталса және Батыс санкция салған жағдайда Ресей билігінің жобаларын қаржыландыру үшін "оффшорлық доллар резервіне" бағытталған деп отыр. Схеманы жасауда Орталық банк басшысы Эльвира Набиуллинадан бөлек, жоғары қызметтегі Ресей басшылары да рөл атқарды делінген.

Орталық банктің, "Газпромбанктің" және "Зираат" банкінің өкілдері Түркия басылымның сұрағына жауап бермеген. Түркия АҚШ-тың НАТО-дағы басқа одақтастарына қарағанда Ресейге санкция салмаған. АҚШ 2024 жылғы қарашада "Газпромбанкке" санкция салған, ал "Росатом" әлі санкция тізіміне ілікпеген.

Түркияның оңтүстігіндегі Аккую атом электр станциясын "Росатомның" еншілес компаниясы салып жатыр. Бірінші энергоблокты пайдалануға беру 2025 жылға жоспарланған. 2022 жылы жазда ақпарат құралдары "Газпромбанк" пен "Росатомның" еншілес түрік кәсіпорны арасында 9 миллиард доллар болатын несие келісіміне қол қойылды деп хабарлаған. WSJ мәліметінше, дәл осы келісім "долларлық оффшорды" құруға қолданылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG