Accessibility links

"Алауыздық қоздыру" айыбы. Алматыда Темірлан Еңсебектің ісі бойынша сот жалғасты


Республика алаңына пикетке шыққан Темірлан Еңсебекке (сол жақта) акция заңсыз екенін айтып тұрған полиция қызметкері. Алматы, 9 ақпан, 2024 жыл.
Республика алаңына пикетке шыққан Темірлан Еңсебекке (сол жақта) акция заңсыз екенін айтып тұрған полиция қызметкері. Алматы, 9 ақпан, 2024 жыл.

9 сәуірде Алматының Наурызбай аудандық сотында "Алауыздық қоздырды" деп айыпталған Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің ісі бойынша сот процесі жалғасты. Тергеу абақтысынан онлайн қосылған Еңсебектің процеске сот залынан қатысуға рұқсат сұраған өтінішін судья орындамады.

СОТ ЕҢСЕБЕККЕ ПРОЦЕСКЕ ОФФЛАЙН ҚАТЫСУҒА РҰҚСАТ ЕТПЕДІ

"Ашық процесс" болады деп жұртқа хабарланған сот процесінде Темірлан Еңсебектің ісін судья Бейнегүл Қайсина қарап жатыр. Процеске мемлекеттік айыптаушы ретінде прокурор Дидар Қабаев қатысып отыр.

Қылмыстық кодекстің "Араздық қоздыру" бабы бойынша айып тағылған Темірлан Еңсебек сот процесіне Алматының тергеу абақтысынан видеобайланыс арқылы қосылды.

Сот отырысының басында Темірлан Еңсебек үш өтініш тапсырды. Ол соттан өзін үйқамаққа шығаруды сұрады.

"Жақындарымды сағындым. Анамды көрмегеніме үш ай болды. Жақсы көретін қызымды да сағындым: Маша, мен сені жақсы көремін! Бұрын сотталған емеспін, қоғамға ешқандай қатер төндірмеймін", – деді Еңсебек.

Оның өтінішін адвокаты Жанар Балғабаева да қолдап, соттан Еңсебекті үйқамаққа шығаруды сұрады. Прокурор бұған қарсы болды. Судья сотталушының бұл өтінішін басы ашық қалдырды.

Келесі өтінішінде Еңсебек өз ісі бойынша процеске сот залынан қатысқысы келетінін айтып, судьядан рұқсат етуін сұрады.

"Өзімді толыққанды қорғауға мүмкіндік ала алмай отырмын. Адвокатыммен кеңесуім керек, бірақ олай істеуіме мүмкіндік жоқ. Өткен сот отырысында полиция қызметкерлері менің көңілімді бөліп, қисынсыз сұрақтар қойды. Мен адвокатымның қасында бірге болғым келеді", – деп мәлімдеді Еңсебек.

Адвокат Жанар Балғабаева Еңсебектің өтінішін қолдап, судьяға айыпталушыға процеске сот залынан қатысуға мұрсат беріңіз деп өтініш айтты. Ал прокурор Дидар Қабаев қарсы болып, судьядан сотталушының өтінішін орындамауды сұрады.

Судья Бейнегүл Қайсина сотталушының өтінішін қанағаттандырмай, сот отырысын "гибрид режимде" жалғастыруды бұйырды.

Сот отырысы өтіп жатқан шақта дәлізден "Ашық сот болсын!", "Темірланға бостандық!" деп айғайлаған дауыстар естілді. Бұл бүгінгі сот отырысына кіре алмаған Еңсебектің жақтастары еді.

Адвокат Жанар Балғабаева судьядан процеске сыртта кіре алмай қалған адамдарды да қатыстыруды сұрады. Бірақ судья "басқа үлкен зал жоқ, бұл мәселе енді талқыланбайды" деді.

Темірлан Еңсебектің әкесі Марат Тұрғымбай сотта қазақ тілінде сөйлеп еді, судья сот өндірісі орыс тілінде жүргізіліп жатқанын айтып, орысша сөйлеуді өтінді.

"АДАМЗАТҚА ҚАРСЫ ҚЫЛМЫС ПА?"

Прокурор Дидар Қабаев оқыған айыптау актісінде Темірлан Еңсебек Qaznews24 паблигінің әкімшісі бола отырып, 2024 жылғы 21 қаңтарда "орыс азаматтарының ар-намысын қорлау мақсатында" өзі жүргізетін пабликте "Қазақстандық рэперлер Канделакиге арналған трек жазды" деген тақырыпта жазба жариялағаны айтылған.

Темірлан Еңсебек айыптау актісімен келіспейтінін мәлімдеді.

"Айыптау актісінде адамзатқа қарсы қылмыс жасағаным туралы жазылған. Мен Қазақстан билігі үшін ресейлік пропагандистер тұтас әлем және адамзат екенін білген жоқпын. Не істеп қойдым?", – деді Еңсебек сотта.

Судья сотта тараптарға кінәні мойындау жазаны жұмсартуы мүмкін екенін еске салып, Еңсебектен "кінәңізді мойындайсыз ба?" деп сұрады.

"Мойындамаймын. Менің түсінуімше, сіз кінәні мойындау жағына қарай ойысқыңыз келеді. Егер мен ештеңе бүлдірмесем, нені мойындауға тиіспін?", – деді Темірлан Еңсебек.

Сәрсенбі күні түс мезгіліне дейін жалғасқан сот ісінде 10 сәуір күнгі сағат 15.00-ке дейін үзіліс жарияланды.

САТИРАЛЫҚ ПАБЛИК АВТОРЫНЫҢ ІСІ

Темірлан Енсебектің ісі бойынша сот процесі бірнеше рет кейінге шегерілді. Алғашында 14 ақпанға белгіленген еді, кейін 21 ақпанға ауыстырылды. Бірақ тағы да ысырылып, ақырында 27 ақпанда Алматының Алмалы аудандық сотында негізгі сот процесі басталған-ды. Бірақ прокурор Айнаш Жуаспаеваның өтінішімен сотта үзіліс жарияланып, іс алдын ала тыңдауға қайтарылды. Прокурор айыпталушы Темірлан Енсебек Наурызбай ауданындағы үйінде "қылмыс жасалғандықтан" бұл істі Наурызбай аудандық сотына беру қажет деген уәж айтты. Адвокат прокурордың сөзіне келіспей, қылмыстық іс қозғағау ілік болған даулы пост дәл Наурызбай ауданында жарияланғаны дәлелденбегенін айтты. Судья прокурордың өтінішін қанағаттандырды.

1 сәуірде Еңсебектің адвокаты сот тыңдауы 9 сәуірде қайта басталатынын Азаттық Азияға хабарлаған.

Белсенді Темірлан Еңсебек жалғыз адам пикетін өткізіп тұр. Алматы, 3 қаңтар, 2024 жыл.
Белсенді Темірлан Еңсебек жалғыз адам пикетін өткізіп тұр. Алматы, 3 қаңтар, 2024 жыл.

Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті полиция 17 қаңтарда Алматыда ұстады. 18 қаңтарда тергеу соты оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Еңсебекке "ұлтаралық алауыздық қоздырды" деген айып тағылды. Бұл бап бойынша қылмыс жасады деп танылған адамға айыппұл салу я 2-7 жыл аралығындағы мерзімге бостандығынан айыру немесе еркіндігін шектеу жазасы қарастырылған. Еңсебек өзіне тағылған айыптауларды жоққа шығарған.

Еңсебек қамауға алынғаннан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында белсенділер мен журналистер оны қолдап жалғыз адам пикетін өткізді, көбін полиция ұстап әкетіп, айыппұл салды я әкімшілік қамауға алды. Еңсебекті қолдаушылар пикетке "Сатира қылмыс емес" деген жазу ұстап шыққан еді.

International Partnership for Human Rights, Human Rights Watch, Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен "Журналистерді қорғау комитеті", Article 19 ұйымы Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекті босатуға үндеген. Сатиралық паблик авторының үстінен іс қозғалғанын тәуелсіз сарапшылар да сынға алған. Белсендінің жақтастары Темірлан саяси астармен қудалауға түсіп жатыр деп біледі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG