Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/- 1 пайыздық пунктермен 15,25 пайыз деңгейінде қалдыруды жөн көрді. Банк мұндай шешімді инфляцияның өсуі мен теңгенің әлсіреуімен байланыстырды. Бұл жөнінде банктің баспасөз қызметі хабарлады.
"Қызметтер құнының қымбаттауы және тамыздан бастап байқалып отырған азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясының жеделдеуі оның динамикасына көптеп үлес қосты. "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасын іске асыру мен теңгенің әлсіреуі аясында инфляция күш алып тұр. Инфляцияның орнықты бөлігінде де өсім сақталып отыр. Бұл жалғасып жатқан фискалдық ынталандырудан туындаған сұраныстан қысым болғанын айғақтайды" деп жазылған банк хабарламасында.
Былтыр базалық мөлшерлеме 15,75 пайыз болған. Осыдан кейін Ұлттық банк біртіндеп оның мөлшерін қысқартып, шілдеде 14,25 пайыз қылды. Ал қараша айында соңғы үш жылда алғаш рет Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,25%-дан 15,25%-ға дейін көтерді. Бұл теңге әлсіреп, АҚШ доллары қымбаттаған шақта болды.
Базалық мөлшерлеме – бұл орталық банктің ақша құнын басқару тетігі. Ұлттық банк базалық ставканы екінші деңгейлі банктерге кредит берерде және олардың ақшасын депозитке қабылдарда қолданады. Яғни, ұлттық банк коммерциялық банктерге несиені дәл осы базалық ставкамен береді. Егер базалық мөлшерлеме 15,25 пайыз болса, онда несие мөлшерлемесі бұл көрсеткіштен кем болмауы керек. Сәйкесінше, базалық мөлшерлеме көбейген кезде қарапайым халыққа несиелерді де алу қиындай түседі. Базалық мөлшерлемені арттыру инфляцияны тежеуге бағытталған. Желтоқсанда ол 8,6 пайыз болды.