Алматы облысы Қарасай ауданының сотында Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтарын азаптады деп айыпталған алты полицейге үкім оқылды. Сот оларды кінәлі деп таныды.
Сот үкімі бойынша полицейлер:
Бауыржан Сопақов – 3 жыл
Арман Шойбеков - 3 жыл
Берік Әбілбеков - 3 жыл
Олжас Айдарханов - 3 жыл
Серік Тұрпанов - 3 жыл
Нұрсұлтан Хамитов - 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот оларды шендерінен де айырды. Сотталушы полицейлер сот залында қамауға алынды.
Үш жыл түрме – бұл прокурор сұраған жаза. Бұған дейін жіберленуші жақтың адвокаттары жаппай азаптау үшін бұл тым жеңіл жаза деп мәлімдеген еді.
"Бұл ауыр бап бойынша қаралуы керек еді. Біріншіден, жаппай азаптау болды, оның үстіне жәбірленушілердің денсаулығына ауыр зақым келген. Біз әрине, бұл бап бойынша тіпті айыппұл немесе шектеу жазасын бере ме деп қорықтық. Бірақ бүгін алты сотталушыны сот залынан қамады. Бұған азды-көпті келісеміз. Өтініштерімізді жартылай қанағаттандырды. Бірақ бізде азаматтық тәртіпте шағым түсіруге құқығымыз бар" деді жәбірленуші жақтың адвокат Айнара Айдарханова Азаттыққа.
Ал полицейлер өздеріне тағылған айыпты мойындамаған.
Жұма күні сот үкімін тыңдауға "әріптестерін қолдау үшін" 50 шақты полицей де жиналған. Сот ғимараты маңайында қауіпсіздік күшейіп, арнайы жасақ та әкелінген.
Жәбірленуші тарап қорғаушылары бұған дейін де тағылған айыпты қайта саралауды және істі Қарасай аудандық сотынан басқа сотқа ауыстыруды сұраған. Олар оқиға Қарасай ауданында болғандықтан істе мүдделер қайшылығы болуы мүмкін екенін айтқан және жәбірленуші деп 44 емес, 98 адам танылуы тиіс деген. Істі қарап жатқан судья Дінмұхаммед Адайбаев істі басқа сотқа ауыстыруға негіз жоқ деп, өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.
Сот былтыр 16 қыркүйекте басталған. Күдікті полицейлерге «Лауазымын асыра пайдалану» және «Қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптаулар» баптары бойынша айып тағылған. Іс бойынша үш елден 44 азамат жәбірленуші деп танылған. Арасында қырғыз музыканты Викрам Рузахунов та бар.
Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында Викрам Рузахунов азаптауға қатысы бар бірнеше адам ғана ұсталып, қамауға алынғанын мәлімдеді. Ол фотосуреттерден он шақты полиция қызметкерін танығанын айтқан. 2023 жылы оны азаптау фактісі бойынша ашылған іс тоқтаған. Рузахуновтың сөзінше, ол Қаңтар оқиғасы кезінде өзін азаптағандар арасында бетпердесіз болған бірнеше адамды танығанына қарамастан, сол кезде істі жаппақ болған деді.
Осыған дейін Викрам Рузахунов Қазақстан билігінен кешірім сұрауды талап етіп, сотқа арыз түсіргенмен Астана соты шағымды қанағаттандырмай тастаған.
Айыптау актісіне сәйкес, 2022 жылы 7 қаңтарда Алматы қаласындағы дүрбелеңге қатысы бар азаматтарды «анықтау операциясы» кезінде Алматы-Бішкек тас жолында ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің арнайы жасағы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанның 99 азаматын ұстаған. Кейіннен олардың 98-і Қошмамбет ауылындағы уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қамау кезінде ешқандай құжат толтырылмаған. Абақтыға кірген сәттен бастап соққыға жығылып, жауап алынған.
ПІКІРЛЕР