Өзбекстанда Қашқадария облыстық сотының апелляциялық инстанциясы Украинада Ресей әскері жағында соғысқан азаматтың алты жыл түрме жазасын шартты жазаға ауыстырды. Бұл жөнінде сот материалдарына сүйенген Gazeta.uz сайты жазды.
Іс материалдарына қарағанда, 2024 жылы ақпанда айыпталушы Бұқарадан Петербургке барып, Украинадағы соғысқа қатысу үшін Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасқан. Әскери дайындықтан кейін ер адам "Луганск халық республикасына" жеткізілген. 28 наурызда ол әскери қимыл аймағына түсіп, 31 наурызда дрон жарылысынан жарақат алған.
Бұдан кейін ол Волгоград облысындағы әскери ауруханаға түседі. 12 шілдеде Өзбекстанға оралып, ізінше Қашқадария облысының қауіпсіздік қызметі басқармасы өкілдеріне өз еркімен барып, соғысқа қатысқанын мойындаған.
31 қазанда Декханабад аудандық соты ер адамды "жалдамалы әскери қызмет туралы" және "мемлекет шекарасын заңсыз кесіп өту" баптары бойынша кінәлі деп танып, алты жылға бас бостандығынан айырды.
Қорғау жағы үкімді апелляцияға беріп, сотталушының шекараны заңсыз кесіп өтпегенін алға тартқан. Оның сөзінше, сотталушы үйіндегі кәмелетке толмаған балаларының жалғыз асыраушысы және бұрын сотталмаған. Бұған қоса, оның онкологиялық ауруға шалдыққаны белгілі болған. Адвокаты оның бостандығын шектеп, түрмеден босатуды сұраған.
Қараша айында – алғашқы инстанцияның үкімі шыққаннан кейін 19 күннен соң апелляция соты үкімді қайта қарап, оның түрме жазасын шартты жазаға ауыстырған.