Ресейдің Воронеж облысында ресейлік ұшақтан Александровка ауылына қанатты ракета құлаған, ешкім зардап шекпеді деп жазды аймақтың жедел қызметіндегі дереккөзге сүйенген Astra басылымы.
Басылымның жазуынша, 15 қаңтарда ауыл аумағынан белгісіз бөлшектер табылған. Бастапқыда бұл атып түсірілген дрон сынығы болуы мүмкін деген болжам айтылған. Алайда кейін бұл ресейлік Х-69 қанатты ракетаның бөлшегі екені анықталған. Ракета абайсызда ысырылып кетіп құлаған деп айтылады.
Х-69 – Ресей әскері 2024 жылдың басынан бері қолдана бастаған "әуе - құрлық" санатына кіретін қанатты зымыран.
Бұған дейін де ресейлік ұшақтардың Ресей аумағында абайсызда оқ-дәріні түсіріп алған кездері болған.
Қаңтар басында Воронеж облысында Петропавловка ауылына ұшақтан оқ-дәрі түскен. Жергілікті билік мұны "апаттық жағдай" деп атады, ал қорғаныс министрлігі "авиациялық оқ-дәрі штаттан тыс жағдайда түсті" деп хабарлаған. Телеграм-арналарда жарияланған видеода бірнеше үйдің өртенгені көрінеді, ал жергілікті тұрғындар "көшенің тұтас жартысы" қирағанын айтқан.
ПІКІРЛЕР