Accessibility links

"Адамдарды кепілге алған". Ақтөбедегі қылмысқа күдікті кім?


Оқиға болған жерде тұрған полиция. Ақтөбе, 14 қаңтар, 2025 жыл.
Оқиға болған жерде тұрған полиция. Ақтөбе, 14 қаңтар, 2025 жыл.

Ақтөбенің тергеу соты адамдарды кепілге алу қылмысына күдікті ретінде ұсталған азаматты екі ай қамауда ұстау туралы шешім шығарды. Полиция оны дүйсенбіде кепілге алынған үш адамды босату операциясы кезінде қолға түсірген. Оқиға салдарынан екі кісі қаза болып, бір адам жараланды.

16 қаңтарда кешке Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі адамдарды кепілге алу қылмысына күдікті ер кісіні екі ай мерзімге қамауға алуды сұраған тергеу орындарының өтінішін орындап, тиісті шешім шығарғанын Азаттыққа растады. Бірақ сот күдіктінің аты-жөнін, қандай баптар бойынша айып тағылып отырғанын айтпады.

Күдікті осы аптаның басында Ақтөбеде кепілге алынған үш адамды босату операциясы барысында ұсталған.

Сол оқиғадан кейін полиция "кісі өлтіру" және "кепілге адам алу" фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған еді.

ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫ ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРДІҢ ЖАНАЗАСЫ

Бейсенбі күні таңертең Ақтөбенің жұрт "Мәскеу" деп атап кеткен ауданындағы Рысқұлов көшесінің бойындағы жеке үйде 74 жастағы отағасы Ә. мен оның 66 жастағы зайыбы Ш. марқұмдардың жаназасы оқылды.

Полицияның арнайы операциясы нәтижесінде кепілден босатылғаннан кейін қайтыс болған ерлі-зайыпты зейнеткерлердің жаназасына көп адам жиналды. Ақтөбе, 16 қаңтар, 2025 жыл.
Полицияның арнайы операциясы нәтижесінде кепілден босатылғаннан кейін қайтыс болған ерлі-зайыпты зейнеткерлердің жаназасына көп адам жиналды. Ақтөбе, 16 қаңтар, 2025 жыл.

Содан үш күн бұрын оларды сол үйде бір ер адам бірнеше сағат кепілде ұстаған. Полицияның арнайы операциясы нәтижесінде кепілден босатылғаннан кейін көп ұзамай ерлі-зайыпты екеу қайтыс болды.

Осы отбасыны танитындардың айтуынша, екі зейнеткер бұдан жеті жыл бұрын дәм-тұзы жарасып, содан бері ерлі-зайыпты ретінде бір шаңырақта бірге тұрып жатқан.

16 қаңтарда марқұмдарды ақтық сапарға шығарып салуға көп адам жиналды. Үйдің маңында полиция өкілдері мен медициналық жедел жәрдем қызметкерлері тұрды.

Кепілден босатылғаннан кейін қайтыс болған ерлі-зайыптының жаназасына жиналған адамдар. Ақтөбе, 16 қаңтар, 2025 жыл.
Кепілден босатылғаннан кейін қайтыс болған ерлі-зайыптының жаназасына жиналған адамдар. Ақтөбе, 16 қаңтар, 2025 жыл.

"Жүрегіне ота жасатып, екі операциядан аман қалып еді, мынадайға тап болғанын қарашы", – деп қапаланып тұрды марқұм Ә.-нің туысы жаназада.

Ағайын-туғандары марқұмдарды қала іргесіндегі Бестамақ ауылындағы зиратқа жерледі.

Олармен бірге кепілде болған 40 жастағы әйел қазір Ақтөбенің көпсалалы облыстық ауруханасында жатыр. Қапияда мерт болған ерлі-зайыпты зейнеткерлер – сол әйелдің анасы мен өгей әкесі. Екеуінің қайтыс болғанын ол әзір білмейді.

Бұған дейін дәрігерлер оның денесіне бірнеше жерден зақым келгенін айтқан еді. Оны бір күн аурухананың жансақтау бөліміне жатқызып, ертесіне палатаға ауыстырған.

Ақтөбедегі көпсалалы облыстық аурухана.
Ақтөбедегі көпсалалы облыстық аурухана.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы науқастың беті бері қарағанын, қатты шошып қалған әйелмен аурухана психологтары жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Ол жатқан палатаны полиция күзетіп тұр, медицина қызметкерлерінен өзге адамдарға кіруге тыйым салынған.

АҚТӨБЕНІ ДҮР СІЛКІНДІРГЕН ОҚИҒА

Ақтөбедегі жеке үйлердің бірінде белгісіз ер адам үш кісіні кепілге алғаны туралы суыт хабар полицияға 13 қаңтарда кешкі сағат сегіздің шамасында түскен.

Оқиға орнына жедел жеткен полиция күдіктімен бірнеше сағат келіссөз жүргізіп, одан еш нәтиже шықпаған соң, арнаулы жасақ операция бастап, кепілге алынған адамдарды босатқанын сейсенбіге қараған түні облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлаған.

Оқиға болған үйдің қасында тұрған полиция қызметкерлері. Ақтөбе, 14 қаңтар, 2025 жыл.
Оқиға болған үйдің қасында тұрған полиция қызметкерлері. Ақтөбе, 14 қаңтар, 2025 жыл.

Арада біраз уақыт өткенде әлгі үш адамның екеуі қайтыс болды деген ақпарат тарады. Полиция дерегінше, егде әйел ауруханаға апара жатқан жолда көз жұмған.

Ал ауруханаға жеткізілген оның жұбайын аман алып қалу үшін дәрігерлер 30-40 минуттай күресті, бірақ науқас қайтыс болды деп хабарлады сейсенбіде Ақтөбе облыстық көпсалалы ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Азамат Тұрышев.

Қылмыс оқиғасынан кейін Ақтөбе полициясы таратқан ақпаратта күдікті ер адам қазір ауруханада жатқан әйелдің танысы екені жазылған.

"Адамдарды кепілге алғаннан кейін ешқандай талап қойған жоқ, онымен үш сағат келіссөз жүргізілді, бірақ кепілде ұстап отырған адамдарды босату туралы талаптарды орындаудан бас тартқаннан соң, шабуыл жасау жөнінде шешім қабылданды", – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.

Арнайы операция нәтижесінде полиция күдіктіні қолға түсіріп, ол кепілде ұстап отырған әйелді құтқарған. Ал әйелдің пышақталып, ауыр жараланған анасы мен өгей әкесі үйдің жертөлесінен табылған.

Кейін полиция осы оқиғаға байланысты "кісі өлтіру" және "кепілге адам алу" фактілері бойынша іс қозғап, күдіктіні уақытша ұстау изоляторына қамағанын айтты.

Кепілге адам алу оқиасы болған үйдің жанында тұрған полиция көліктері. Ақтөбе, 14 қаңтар 2025 жыл.
Кепілге адам алу оқиасы болған үйдің жанында тұрған полиция көліктері. Ақтөбе, 14 қаңтар 2025 жыл.

"ТОМАҒА-ТҰЙЫҚ АДАМ"

Азаттық тілшісі сейсенбі күні таңертең оқиға болған үйге барып, сол маңайда тұратын адамдарға жолыққан еді.

"Полиция күдіктімен ұзақ уақыт келіссөз жүргізді. Оққа ұқсас тарс-гүрс еткен дыбыстар естілді. Бізге жарықтың бәрін өшіріп, үйден шықпауды бұйырды", – деді аты-жөнін атамауды өтінген бір тұрғын.

Осы кезге дейін ресми орындар таратқан ақпараттарда кепілге алынып, кейін құтқарылған адамдар мен күдікті жайлы, оларды құтқару операциясының жай-жапсары, қылмыстың себебі жөнінде толымды мәлімет болған жоқ. Полиция "қылмыстың мотивін анықтап жатырмыз" деумен шектелді.

Бұл отбасыны білетіндердің айтуынша, күдікті ер адам қазір ауруханада жатқан әйелдің жақын танысы болған.

Азаттық тілшісі күдіктіні танитындардан сұрастырып жүріп, аты-жөнін анықтады және оның Ақтөбедегі тұрғылықты мекенжайын да іздеп тапты.

Көпқабатты үйдің алтыншы қабатындағы бір бөлмелі пәтер жабық тұр, есігіне мөр басылған қағаз жапсырылыпты. 14 қаңтарда, яғни оқиға болған күннің ертесіне жапсырылған қағазға жедел криминалистикалық бөлім тергеушісі Ахметовтің қолы қойылған.

Осы үйде тұрған күдіктінің көршілері (аты-жөнін атағысы келмеді) оны "ешкіммен араласпайтын, жалғыз тұратын, томаға-тұйық адам" деп сипаттады. Айтуларынша, ол бұл үйге осыдан бір жыл бұрын көшіп келіпті. Көршілері ол адамның былтыр жазда істі болып, әкімшілік жаза арқалағанын да айтып берді.

Сот кабинетінен күдіктінің аты-жөні жазылған құжатты кезіктірдік. Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысында "Азамат Б. 2024 жылғы 21 маусымда қоғамдық орында К-ны балағаттап, айналасындағыларға дөрекі мінез көрсетіп, қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзып, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін" әкімшілік жауапқа тартылғаны жазылған.

Сот былтыр 5 тамызда Б.-ны бес күнге әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарып, ол жазасын толық өтеген. Қаулыда Б.-ның 1986 жылы дүниеге келгені, жұмыссыз екені көрсетілген. Бұрын немен айналысқаны белгісіз, отбасылық жағдайы туралы да еш мәлімет жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG