Accessibility links

Темірлан Еңсебекті қолдағаны үшін қамалған журналист Руслан Бикетов босап шықты


15 күндік қамаудан шыққан журналист Руслан Бикетов (оң жақта) полиция департаменті алдында тұр. Алматы, 3 ақпан, 2025 жыл.
15 күндік қамаудан шыққан журналист Руслан Бикетов (оң жақта) полиция департаменті алдында тұр. Алматы, 3 ақпан, 2025 жыл.

Алматыда Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті қолдап, пикетке шыққаны үшін 15 күнге әкімшілік қамауға алынған журналист Руслан Бикетов 3 ақпанда бостандыққа шықты.

Бикетовті полиция департаменті алдынан жақтастары қарсы алды. Оларды қалалық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері мен полиция сырттай бақылап тұрды.

Журналист сот шешіміне келіспейді. Сөзінше, сот қаулысын алмаған, құжатпен таныспаған. Бикетовтің адвокаты апелляциялық шағым да түсірген.

– Меніңше, Темірлан, мен, Әсем және басқа да көптеген саяси тұтқын әрқайсымыз үшін, әрбір Қазақстан азаматы үшін отырғанын түсінгеніміз маңызды. Және үнсіз қалған әркім үшін де, – деді Бикетов.

Белсенділерді қамау, президентке араша сұрау, марал баққан еріктілер – AzatNEWS | 20.01.2025
please wait

No media source currently available

0:00 0:28:09 0:00

18 қаңтарда Алматының тергеу соты "әлеуметтік желіде ұлтаралық араздық қоздырды" деген күдікпен айып тағылған Темірлан Еңсебекті екі ай мерзімге тергеу абақтысына қамау жөнінде шешім шығарған. Белсендінің жақтастары Темірлан саяси астармен қудалауға түсіп жатыр деп біледі.

Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі Темірлан Еңсебектің үстінен қозғалған іс сатираға байланысты емес деді. "Ол тұтас бір этнос өкілдерін қорлайтын, ұлтаралық алауыздық қоздыратын айқын белгілері бар материал жариялады" деді полиция.

Руслан Бикетов 19 қаңтарда Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры алдына пикетке шыққан. Полиция оған "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айып таққан.

20 қаңтарда журналист Әсем Жәпішева да Темірлан Еңсебекке қолдау білдіріп, "Сатира – қылмыс емес" деген жазуы бар плакат ұстап пикетке шықты. Ол биліктен Темірлан Еңсебек пен журналист Руслан Бикетовті босатуды талап еткен. Жәпішева да 15 күнге қамалған. Qaznews24 авторын қолдап, пикетке шыққан тағы бірнеше белсендіге сот айыппұл салған.

International Partnership for Human Rights (IPHR) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекті босатуға үндеген. Сатиралық паблик авторының үстінен іс қозғалғанын тәуелсіз сарапшылар сынға алды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG