Accessibility links

Қазақстандағы орыстар Qaznews24 сатиралық паблигі авторына араша түсіп, қол жинап жатыр


Темірлан Еңсебек пикетте тұр. Алматы, 3 қаңтар, 2024 жыл.
Темірлан Еңсебек пикетте тұр. Алматы, 3 қаңтар, 2024 жыл.

Қазақстанда тұратын орыс ұлтының өкілдері QazNews24 сатиралық паблигінің авторы, қазір қамауда отырған Темірлан Еңсебекті қорғау акциясын бастады. Олар белсенді саяси әжуаға бола қудалауға ұшырады деп біледі. Билік істің саяси астары жоқ дейді.

ЕҢСЕБЕКТІ ҚОЛДАУ ПЕТИЦИЯСЫ

2025 жылғы 18 қаңтарда Алматының тергеу соты "әлеуметтік желіде ұлтаралық араздық қоздырды" деген күдікпен айып тағылған Темірлан Еңсебекті екі ай мерзімге тергеу абақтысына қамау жөнінде шешім шығарған. Белсендінің жақтастары Темірлан саяси сатираға бола қудалауға түсіп жатыр деп біледі: ол жүргізетін паблик көптеген тақырыптарды, соның ішінде Қазақстан билігі қозғағысы келмейтін 2022 жылғы Қаңтар оқиғасын да сөз еткен.

Темірланды қорғау акциясын бастауға оның дос қызы – Мария Кочнева мұрындық болды. Бойжеткенді мұндай қадамға баруға биліктің Еңсебекке "Йоу, орыстар" деген әнді паблигіне көшіріп жариялағанына бола араздық қоздырды деген айып таққаны итермелеген.

Баяғыда мемге айналып кеткен бұл әнді кезінде Мария Кочневаның өзі айтқан. Былтыр шілдеде Алматы соты оны әлгі әнді айтқаны үшін 10 күнге қамаған.

Ол ресейшіл блогерлер бұл әнді "орысша сөйлейтіндерге қазақтардың қысым жасайтындығына дәлел-мыс" деп көрсетпек болғанымен, шын мәнінде олай емес дейді.

Мария Кочнева. Алматы, 16 шілде, 2024 жыл.
Мария Кочнева. Алматы, 16 шілде, 2024 жыл.

"Ресейшіл блогерлерге ұлтшылдық тақырыбына жармасып, Қазақстанда орыстар қысым көріп жатыр деп айту маңызды. Біз олай еместігін көрсеткіміз келеді, – деді Мария Кочнева. – Біз, орыстар, қазақтар, бәріміз бірге бір елде достықта тұрып жатырмыз. Біз осында өстік және бізде ешқандай қысым жоқ! Бүкіл назар ресейлік пропаганданың ындыны кетіп отырған осы нәрсеге ауғанын қаламаймыз".

Мария қамаудағы Еңсебекті қолдаушылардан әзірге жүз шақты ғана қол жиғанын, бірақ акция енді басталғанын айтты.

"Біз, ұлты орыс Қазақстан азаматтары, Темірланды әділетсіз қылмыстық айыптауға қарсымыз", – деп жазылған Мария Кочнева дайындаған петицияда.

Бұған дейін Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі Азаттықтың жазбаша жолдаған сауалына Темірлан Еңсебектің үстінен қозғалған іс сатираға байланысты емес деп жауап берген.

АРАЗДЫҚ ҚОЗДЫРУ БАБЫМЕН АЙЫП ТАҒЫЛҒАНДАР

QazNews24 сатиралық паблигінің авторы, қазір Алматының тергеу абақтысында қамауда отырған Еңсебекті қорғап, қолдау білдірген ұлты орыс азаматтардың үндеуіне алғашқылардың бірі болып Қазақстандағы православ шіркеуінің бұрынғы дін қызметкері, соғысқа қарсы ұстанымымен танылған Иаков әкей қол қойыпты.

Тергеу соты Темірлан Еңсебекті екі ай мерзімге тұтқындаған шақта Алматы полициясы дәл сол араздық қоздыру бабы бойынша тағы бір қылмыстық істі белгілі журналист әрі блогер Дана Орманбаеваның үстінен қозғаған.

Журналистің жұбайы, қазақстандық КВН ойындарына қатысып танылған Дәуіт Шайхисламов Орманбаеваны қудалауға "Блогерский п***еж" атты каналдың авторы Алена Пономарева деген біреудің арызы себеп болған деп мәлімдеді.

Шайхисламов зайыбы Қазақстанда ұлтаралық араздық қоздыратындай іс-әрекетке ешқашан бармағанын айтып, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан жәрдем сұрап, үндеу жасады. Қазақстан билігі Орманбаеваға халықаралық іздеу жариялап, оны сырттай тұтқынға алу туралы шешім шығарып қойған.

"Баршаңызға мынаны айтқым келеді: Дана ұлтаралық бейбітшілікті сақтауды үнемі қолдап келді және қолдап жүр. Сондықтан Алматы қаласы прокурорының, тергеушінің, тергеу судьясының істің байыбына жетпей, әйелімді тұтқындауға асығыс-үсігіс сырттай шешім шығарғаны асқан әділетсіздік, – деді Шайхисламов. – Бұған бей-жай қарамайтын баршаны жала жабушылардың сөзіне сенбеуге шақырамын. Дана ұлтаралық араздық қоздырушы емес! Өкілетті органдардан істің ақ-қарасын анықтап, оны сырттай тұтқындау туралы заңсыз шешімнің күшін жоюды сұраймын".

Дана Орманбаеваға айып тағуға нақты не нәрсе себеп болғаны әзірге белгісіз. Бірақ, егер журналист Михаил Козачковтың айтқаны рас болса, дауға ілік болған пост былтыр сәуір айында блогердің Instagram-парағында пайда болған. Ол Қазақстанда ресейлік журналист Тина Канделакидің "Қазақстан орыс тілін шектеп жатыр" деген мәлімдемесі қызу талқыланып жатқан шақ еді. "Йоу, орыстар" деген ән Темірлан Еңсебековтің паблигінде сол кезеңде жарияланды. (Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Канделакиді әлгі мәлімдемесінен кейін нон-грата тұлғалары тізіміне қосқан - ред).

"БҮЛДРГІШ КОНТЕНТ" ҮШІН ЖАУАПҚА ТАРТУ

Әйткенмен Темірлан Еңсебек пен Дана Орманбаеваның үстінен бір бап бойынша қозғалған істерді бір-бірімен байланыстыруға әлі асықпау керек деп есептейді саясаттанушы Димаш Әлжанов.

"Темірланның ісін бәрібір жеке қараған жөн. Оны қазір Тоқаев пен елдің өзге де маңызды бірінші тұлғалары тарапына айтылған әжуаға бола жауапқа тартып жатыр, – деді Әлжанов. – Ал Данаға қатысты және өзге де осы 174-бапқа байланысты жағдайлар жалпы негізде қозғалған сияқты, себебі "қызыл сызық" концепциясы бар да, Тоқаев айтқан "заң мен тәртіп" концепциясы бар".

Бұған дейін президент Тоқаев елде интернетте "бүлдіргіш контент" таратушыларды жауапқа тартуды заң жүзінде бекітуді ұсынған. Қазақстан билігі заңға қайшы келеді деп санайтын контенттерді анықтау мақсатында қазір әлеуметтік желілерді жіті бақылап, мониторинг жүргізіп отырады.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, билік кейде тіпті кейбір платформаларды бұғаттауға дейін барады. Өткен аптада Балаева әлеуметтік желі қолданушыларды "шындыққа жанаспайтын ақпаратқа жол бермеуге", ал паблик жүргізушілерді "заңға қайшы контентті" өшіруге шақырды.

"Настоящая время" арнасының журналисі Тимур Ермашевтің материалынан аударылды

XS
SM
MD
LG