Accessibility links

Санкция салынған шақта Қытай мен Үндістан Ресей мұнайын сатып алуды доғарды


АҚШ санкцияларынан зардап шекпеген танкермен жүк тасымалдаудың қымбаттауына байланысты Қытай мен Үндістан наурыз айында жеткізілетін ресейлік мұнайды сатып алудан бас тартты. Бұл жөнінде трейдерлерге сүйенген Reuters жазды.

Олардың сөзінше, Тынық мұхитындағы Козьмино портынан экспортталатын ESPO маркалы ресейлік мұнайдың бір баррелінің бағасы ICE Brent маркалы мұнаймен салыстырғанда 3-5 долларға қымбаттаған. Бұл кемелердің фрахт мөлшерлемесінің күрт артуымен байланысты. Мысалы, Қытайға жеткізілетін "Афрамакс" танкерімен жүк тасымалдау құны бірнеше миллион долларға артқан.

10 қаңтарда АҚШ Ресейдің мұнай және газ экспортынан түсетін кірісіне әсер ететін санкция салған. Оған ресейлік ірі төрт мұнай компаниясының екеуі –"Газпром нефть" және "Сургутнефтегаз" және Батыс санкциясын бұза отырып, мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдады делінген 180-нен астам танкер ілінді. Бұл шектеулерден кейін танкермен мұнай тасымалдау құны күрт артып, кейбір сатып алушылар мен Қытай мен Үндістандағы порттар санкцияға ілінген кемелер әкелген мұнай өнімдерін қабылдаудан бас тартты.

Үндістандық Bharat Petroleum Corp Ltd компаниясының қаржы директоры Reuters агенттігіне өткен аптада тасымалдау бойынша наурыз айына ешқандай тапсырыс түспегенін айтқан.

Ресей мұнайы Үндістан импортының – 36%, Қытай тасымалдайтын мұнайдың бестен бір бөлігін құрайды.

Аналитикалық Kpler компаниясының мәліметінше, Ресейдің теңіз арқылы тасымалдайтын мұнайының шамамен 42 пайызын тасымалдайтын танкерлеріне соңғы санкцияның әсері бар. АҚШ Үндістаннан 27 ақпанға дейін ресейлік мұнай тиелген танкерлерді босатып, 12 наурызға дейін олармен есеп айырысуды талап еткен. Қытайда санкцияға ілінген кемелер шектеу уақытша алынса да, мұнайды түсіру бойынша қиындыққа ұшыраған.

Kpler мәліметінше, өткен аптада Ресейден Қытайға шикі мұнай тасымалдау көлемі соңғы алты ай ішіндегі ең төмен көрсеткішке дейін қысқарып, күніне 717 мың баррель кем жеткізілетін болған.

Reuters-тің жазуынша, Үндістан бойынша бұл көрсеткіш 450 мың баррель болған. Үндістанның мұнай өңдеу зауыттары Таяу Шығыс, Африка, АҚШ-тан наурыз бен сәуірде мұнай жеткізетін балама тасымалдаушыларды іздеп жатыр деп жазды Reuters.

XS
SM
MD
LG