Ресей президенті Владимир Путин Украина басшысы Владимир Зеленскиймен бейбіт келісімге қол қоюға дайын емес екенін мәлімдеді. Путин Зеленскийдің "заңсыз" президент екенін меңзеп, Украинаның Жоғарғы радасын ғана заңды билік органы ретінде санайтынын білдірді.
"Кез келген адаммен келіссөз жүргізуге болады, бірақ заңсыздығына байланысты оның [Зеленскийдің] ештеңеге қол қоюға құқығы жоқ. Егер ол келіссөздерге қатысқысы келсе, осы келіссөздерді жүргізетін адамдарды тағайындаймын" дейді Путин 28 қаңтарда "Россия 1" арнасына берген сұхбатында.
Осылайша Путин Украина президенті "елдегі сайлау уақытында өтпегендіктен өз орнында қала алмайды" деген ойын қайталады.
Ал Путиннің өзінің заңдылығына Ресей оппозициясы күдік келтіреді. Былтыр сәуірде Еуропарламент Еуроодақты Ресейдегі президент сайлауының нәтижесін мойындамауға шақырған.
Путиннің сөзінше, Украинаға Батыс елдерінің әскери және қаржылай қолдауы тыйылса, соғыс екі ішінде аяқталады.
Бұған қоса, Ресей президентінің сөзінше, Мәскеу соғыс алдында Украина күштеріне өзін республика жариялап алған "ДХР" және "ЛХР" аумағынан шығуды талап еткен-мыс. Путиннің сөзінше, егер Киев сол кезде кеткен кезде, соғыс мүлде басталмаған да болар еді.
Путиннің айтуынша, 2022 жылы көктемде ол Зеленскиймен бетпе-бет кездесуге дайын болған және АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байденге тиісті "сигнал" жіберген.
Зеленскийдің өкілеті былтыр мамыр айында аяқталған. Ресей жағы мұны "заңсыз президент" деп мәлімдеме жасауда пайдаланады. Киевтің пікірінше, соғыс кезінде Зеленский мемлекет басшысы болып қала береді, себебі Украинадағы соғыс жағдайында сайлау өткізу мүмкін емес.
2022 жылы Ресей Украинаның төрт облысын аннексиялап алғанын жариялаған кезде сол жылы қазанда Зеленский Путинмен келіссөздерге тыйым салатын жарлыққа қол қойған. Биыл 26 қаңарда Зеленский бұл жарлық тек өзіне ғана қатысты емес екенін айтқан.
"Мен Украина президентімін, мен барлық келіссөздерге жетекшілік етемін, қалғандарына [Путинмен келіссөз жасауға] тыйым салғанмын" деді ол.
Бұған дейін Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей-Украина соғысын басқалардан бұрын тезірек бітіре алады деп мәлімдеген еді.
Зеленский АҚШ пен Еуропаның Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беру маңыздылығын атап өткен.
ПІКІРЛЕР