Апелляциялық алқа журналист Данияр Әділбеков пен мұнай трейдері Ерлан Сәудегеровтің үкімін өзгеріссіз қалдырды деп хабарлады Informburo сайты.
Үкімді түсіндірген судья Алма Есімова сотталушылар "вице-министр Ақкенженовтің атына ғана кір келтірмей, тұтас мемлекет аппаратының беделіне нұқсан келтірді" деп айтты. Осылайша сот алқасы жазаны жұмасартуға негіз жоқ деп тапқан.
Сот отырысында журналистің адвокаттары оны толық ақтауды сұраған. Олар сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде кеткен заңбұзушылықтарды атап көрсетты. Олар Әділбековке физикалық және психологиялық тұрғыда қысым жасалғанын айтып, істі қылмыстық емес, әкімшілік немесе азаматтық өндірісте қарау қажеттігін алға тартты.
Журналистің анасы Гаухар Бушбакпаева сот кезінде ұлының бұрын-соңды сотталмағанын және кішкентай балаларының барын ескеруді сұрады.
Ал энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженовтің адвокаты Бекболат Смағұлов Саудегеровті айыптап, оған да түрме жазасын беруді сұраған.
Былтыр қазанда Астана соты "Көрінеу жалған сөз жеткізу" (419-бап 3-бөлігі) және "Көрінеу жалған ақпарат тарату" (274-бап 2-бөлігі) баптары бойынша айыпталған журналист Данияр Әділбековті 4,5 жылға бас бостандығынан айырған.
Сот екінші айыпталушы Ерлан Сәудегеровті "Қылмысты ұйымдастыру" (28-бап 3-бөлігі) және "Көрінеу жалған сөз жеткізу" (419-бап 3-бөлігі) баптары бойынша кінәлі деп танып, үш жыл шартты жаза берген.
Айыпталушылар өздеріне тағылған айыптармен келіспеген.
Қылмыстық іске журналистің телеграм-арнасындағы жазбасы түрткі болған деп айтылады. Онда мұнайды алып сатумен айналысатын Vitol компаниясы энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженовтің әкімшілік тетіктерін пайдаланып жатыр деп көрсетілген. Шенеуніктің өзі мұны жоққа шығарған.
Әділбековке телеграм-арнада Астана әуежайының басқарма төрағасы Юсуф Альжавдер мен «Ел медиа» басылымының бас редакторы Гүлжан Ерғалиева туралы ақпарат жариялағаны үшін "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген де айып тағылған.
Ал қорғау жағы тергеу және сот кезінде процессуалдық заңбұзушылық болғанын алға тартып, айыпталушылардың кінәсін дәлелдейтін айғақ жоқтығын атап өткен.
Press.kz сайттың жазуынша, журналист пен мұнай трейдері "Көрінеу жалған сөз жеткізу" бабы бойынша айыпталғанмен олар күштік құрылымдарға вице-министрді жауапқа тарту туралы арыз түсірмеген. Құқық қорғау органдарына арыз түсірмегенін журналистің өзі де сәуір айындағы хатында баяндаған. Ол сол кезде тәуелсіз БАҚ-ты зерттеу жүргізуге шақырып, "елді тонаушылар мен Қазақстан мұнайын сатып алушының мүддесін қорғағандар өзін шындықты айтқаны үшін соттап жатыр" деп айтқан.
Былтыр мамырдың басында оннан астам қазақстандық журналист президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен қауіпсіздік органдарына қайырылып, Әділбековті босатып, қылмыстық істі әділ тергеуге үндеген.
Әділбеков мамыр айында ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің қысымы мен азаптауы туралы мәлімдеген. Әділбековтың айтуынша, ҰҚК қызметкерлері "басқа әріптестеріңді ғайбаттасаң, жеңіл жаза береміз" деген. Одан бас тартқан соң жалған айыппен анасы мен әйеліне қылмыстық іс қозғаймыз деп қорқытқан. Артынша арнайы қызмет бұл мәлімдемелерді жоққа шығарды.
Былтыр қараша айында Әділбековтің апелляциялық шағымын әділ қарауға үндеген халықаралық HRW адам құқығын қорғау ұйымы журналистке шыққан үкімді "беделге нұқсан келтіргені үшін берілген орынсыз жаза" деп атаған.
Ұйымның зерттеушісі Мира Риттманн жаза "Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелеріне сәйкес емес" деп мәлімдеген. Ол Қазақстан билігін "апелляциялық тыңдауды әділ өткізіп, Әділбековті босатуға" үндеді.
"Түрме пікір айту құқығымен байланысты ережебұзушылық үшін қолайлы жаза емес және Қазақстандағы тәуелсіз журналистикаға салқынын тигізеді" деді Риттманн.
ПІКІРЛЕР