ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІС БОЛМАҚ?
Қаңтар айының ортасында "Ашық НҚА" порталында Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қол қойған бұйрықтардың жобасы жарияланды. Оның бірінде сұйылтылған газдың шекті бағасы көтерілгені айтылса, екіншісінде мұнай өнімдерінің, соның ішінде жанармай мен дизель отынының бағасын мемлекеттік реттеу туралы күші жойылған бұйрықтар тізімі көрсетілген.
Өзгерістердің қабылдануына тікелей әсері болмаса да, жобалар қоғам талқысына ұсынылды.
Осы бұйрықтарға сәйкес, 1 ақпаннан бастап елде сұйылтылған газдың тоннасы көтерме саудада 45 158 теңгеден 51 932 теңгеге дейін өссе, бөлшек саудада аймақтарға байланысты 6-21 теңгеге дейін қосылмақ.
Пайызбен есептегенде газ Атырау мен Ақтөбе облыстарында өзгелермен салыстырғанда көбірек қымбаттайды (30,5 пайыз), ал қазір бұл облыстарда газ бағасы басқа аймақтардан арзан – 77 теңге. Облыстардың көпшілігінде шекті баға литріне 102 теңгеге дейін жетеді.
Бұл өзгерістің себебін түсіндірген энергетика министрлігі Қазақстанда газ нарығы шығынға батып жұмыс істеп жатқанын, бұл нарықтағы негізгі ойыншы саналатын QazaqGaz компаниясы қаржылай шығын шегіп жұмыс істейтінін мәлімдеді. Ал ішкі нарықта газ тұтыну көлемі барған сайын артып келеді, болжам бойынша, алдағы бірнеше жылда бір жарым еседен артық өсіп, жылына 18,5 млрд текшеметрден 31,2 млрд текшеметрге дейін жетуі мүмкін. Энергетика министрлігі мұндай жағдайға төтеп беру үшін салаға инвестиция тарту керек деп мәлімдеп, қазіргідей баға төмен болып тұрғанда ол қиын деген уәж айтып отыр.
"Қазіргі уақытта QazaqGaz бүкіл шығынды газды экспортқа шығарудан түскен пайда есебінен өз күшімен жауып келеді", – деп жазылған түсіндірме жазбада.
Мұнай өнімдеріне белгіленген шекті бағаны алып тастаудың бір себебі ретінде ішкі нарықтағы бағаның төмендігі айтылады. Министрлік мұндай жағдай саланың дамуын тежеумен қатар, контрабандаға да жол ашады дейді.
Энергетика министрлігінің жазуына қарағанда, Қазақстан мен көрші елдердің арасындағы баға айырмасы үлкен, бұл отынды заңсыз экспорттаумен күресті қиындата түседі. Қаржы мониторингі агенттігінің мәлімдеуінше, елде жанармайды "цистерналап сыртқа шығарады", айына 10 мың тоннадан 50 мың тоннаға дейін кетеді.
"Көрші елдермен салыстырғанда, автокөлікке арналған жанармай (40 пайыздан 138 пайызға дейін) мен дизель отыны бағасының айырмасы (20 пайыздан 79 пайызға дейін) оның сыртқа ағылуы мен "көлеңкелі" экспортты күшейтті, – деді энергетика министрлігі қаңтарда жарияланған бұйрықтардың түсіндірме жазбасында. – Қазақстан мен көрші елдердегі жанар-жағармай бағасының айырмасы 20 пайыздан 140 пайызға дейін жетіп отырғанда тыйым салу өнімнің сыртқа кетуі мен көлеңкелі экспорттың алдын алуда тиімсіз тәсіл".
Үкіметтің бағаны көтеруден басқа амалы қалмағанын мұнай-газ саласындағы сарапшы әрі "Байдильдинов. Нефть" telegram-арнасының негізін салушы да айтып отыр. Ол бұл шешімнің өзі кеш қабылданды деп санайды.
– Қазір бұйрықтың көмегімен өңдеу қуатын арттыру мүмкін емес. [Қазақстандағы] мұнай өңдеу зауыттарының барлығы толық қуатында жұмыс істеп жатыр, 2030 жылға дейін жаңа өндіріс болмайды. Өкінішке қарай, үкімет ұзақ уақыт бойы тиісті шешім қабылдамай келді, – деді Олжас Байділдинов.
Бұған дейін бағаны көтерудің тағы бір себебі ретінде Еуразия экономика одағы (ЕАЭО) ішінде электр энергиясы, мұнай, газ, мұнай өнімдері саласында бірыңғай нарықты енгізу айтылған болатын. Бұл ұйымға Қазақстаннан басқа Армения, Беларусь, Қырғызстан мен Ресей кіреді. Алайда ЕАЭО ортақ нарық құруды 2027 жылға қалдырды.
Олжас Байділдиновтің айтуынша, Қазақстанда бағаны қайта реттеуге итермелеп отырған себептің бірі – халықаралық міндеттемелер.
– Қандай да бір ел Дүниежүзілік сауда ұйымына кірген уақытта өтпелі кезең болады, отынға, жалпы энергия ресурсына жеңілдікпен баға ұсына алмайды. ДСҰ аясында бұл әділетсіз бәсеке болып есептеледі, – деп түсіндірді Олжас Байділдинов.
Бұл мәселенің экологиялық жағы да бар, Қазақстан үкіметі ол туралы ештеңе айтпай отыр. Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша, қазба отынға субсидия беру мен соның салдарынан бағаның төмен болуы балама энергия көзіне өтуді қиындатады, ал ол өз кезегінде жаңартылатын энергия көзінің жоғары болуына әкеліп, климаттың өзгерісімен күресті күрделендіре түседі.
ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚ ҮШІН НЕ ӨЗГЕРЕДІ?
Байділдиновтің болжамы бойынша, нарықты либералдағаннан кейін бір литр дизель отынының бағасы 360-370 теңге шамасында болады, сұйылтылған газ бағасы 180-200 теңге болса, Аи-92 маркалы бензин бағасы 320 теңгеге дейін жетеді.
– Аи-92 маркалы бензин бағасы шығынсыздық жағынан қазіргі бағаммен шамамен 60 цент мөлшерінде. [Долларға шаққандағы] бағам 530 теңге деп алсақ, баға 320 теңге мөлшерінде. Ал Аи-95 маркалы бензин бағасы сәл қымбат – 350 теңге, – деді Байділдинов.
Іс жүзінде жанармай бағасы Қазақстандағы ең шетін мәселенің бірі екенін көреміз.
Үкімет алғаш рет жанар-жағармай бағасын реттеуге 2008 жылы араласты, сол кезде баға күрт өсті. Ол уақытта Астанада Аи-92 маркалы бензиннің литрін 97 теңгеден сатты (доллар бағамы 120 теңге болғанда 80 цент). Ол кездегі ең төменгі жалақы 10 512 теңге еді. Салыстыру үшін айтсақ, қазір Қазақстанда дәл сол маркалы бензиннің бір литрі долларға шаққанда 39 цент немесе 205 теңге.
Сол уақыттан бастап Қазақстан үкіметі жанар-жағармай бағасын қатаң реттеп отыруды 2022 жылдың басына дейін жалғастырды. Ал 2022 жылдың басында бағаны нарық механизміне сай қоюдың аяғы сұйылтылған газ бағасының күрт қымбаттауына ғана емес, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі жаппай наразылық пен қантөгісті оқиғаға алып келді.
Қазақстанның батысында басталған наразылық акциясы бүкіл ел көлемінде тарап, кей жерлерде тәртіпсіздікке әкеп соғып, Қанды Қаңтар немесе Қаңтар оқиғасы деген атпен тарихта қалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың санкциясымен күш құрылымдары қару қолданды. Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы салдарынан 238 адам қаза тауып, мыңдаған адам жараланды.
Қазіргі жағдайда үкімет "белден басу" сценарийінен аулақ болуға уәде беріп отыр, ал энергетика министрлігі бұл өзгерістер "әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және басқа да жағынан кері салдарға әкелмейді" деп санайды.
2022 жылдың қаңтар айында наразылыққа бастау болған Маңғыстау облысында сұйылтылған газдың бір литрінің бағасы 50-60 теңгеден 120 теңгеге дейін көтерілген-ді. Ал бұл жолы үкімет 10 пайызға арттырып, 59 теңгеден 65 теңгеге көтермекші.
Алайда халық мұндай уәденің бәрін сенімсіздікпен қабылдап отырған сияқты.
"Бәлкім, жанармай бағасын көтергеннен гөрі, жанар-жағармайдың шекарадан заңсыз өтуіне жол беріп отырған шекара және кеден қызметкерлерін түгел жұмыстан босату керек шығар", – деді бұйрық жобасына пікір білдірген желі қолданушы Тимур Бөлегенов.
"Жанар-жағармай бағасы қымбаттаса, онымен бірге азық-түлік өнімдері мен бірінші кезекте қажет қызмет бағасы қоса көтерілетіні баршаға мәлім, ал қарапайым халық үшін күнкөріс бірінші кезекте. Күн сайын халықтың игілігі үшін деп шешім қабылдайтын, бірақ төменгі күнкөріс шегімен өмір сүруге мәжбүр қарапайым қазақстандықтардың өмірі қандай екенін түсінбейтін шенеуніктерге қарап түңілесің. Қанды Қаңтар жаңа үкіметке ешқандай сабақ болмаған сияқты", – деп жазды тағы бір желі қолданушы Ғабит Құлмахан.
ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ
Жанармай бағасын реттеу саясатының жағымсыз салдарына әлемдегі мұнай қоры ең көп мемлекет – Венесуэла жарқын мысал бола алады. Бұл елде субсидиялау ондаған жыл бойы әлемдегі ең арзан саналған жанармай контрабандасының кең қанат жаюына, отын тапшылығы мен гиперинфляцияға алып келді. Reuters агенттігінің жазуынша, мұның аяғы "отын өнеркәсібінің толық күйеуіне" әкеп соқты.
Әйтсе де, тарихта керісінше мысалдар да бар: отынға субсидия беруден бас тарту 2019 жылы Эквадорда наразылық акциясы мен күш көрсетуге алып келді. Ақыр соңында үкімет шешімін өзгертті.
2023 жылы жанармай нарығына субсидия беруден Нигерия бас тартты. Бұл инфляцияның күрт өсіп, 27 пайызға дейін жетуіне және қылмыс деңгейінің артуына себеп болды. Елде жанармай бағасы 500 пайызға дейін шарықтап кетті. Мұның барлығы бүгінгі күнге дейін толастамаған жаппай наразылыққа жол ашты.
Халықаралық энергетика агенттігінің дерегі бойынша, қазір жанармай нарығын субсидиялау саясатын 39 ел ұстанады. Экономикалық әріптестік және даму ұйымының есебі бойынша, 2023 жылы мемлекеттер осы мақсатқа жиынтығы 1,1 трлн доллар жұмсаған.
Субсидияны жан басына шаққанда 2023 жылы Қазақстан 15-орында болған – жан басына 768 доллардан келген. Кувейт, Қатар, Бахрейн, Сауд Арабиясы сияқты елдер алдыңғы қатарда тұр.
Халықаралық қаржы және экономика институттары субсидияның тек экономикалық емес, сонымен бірге саяси мәселе екенін мойындайды.
"[Кейбір мемлекеттерде] арзан отын тамақ дайындауға, жылытуға және бір жерден екінші жерге жетуге қолданылады, бұл кедей топқа жататындардың күнкөріс көзі", – деп жазды Дүниежүзілік экономикалық форум.
Әйтсе де, экономикалық тұрғыдан тиімсіз құрал екенін алға тартып, халықаралық ұйымдар субсидиядан бас тартуды қолдайды, бұл энергетика саласын реформалауға да зиян тигізеді деп есептейді. Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) субсидиядан бас тартуға кепіл болатын тәсілдің бірі "кедейлерді қорғау" деп санайды.
"[Субсидиядан бас тартқан елдерде] қоғамдық қолдаудың болмауын кей жағдайда үкіметтердің кедей және орта тап өкілдерінің энергия тасымалына жоғарырақ ақы төлеуін өтеуге сенімсіз болуымен түсіндіруге болады", – деп мәлімдеді ХВҚ.
Қазақстан азаматтары арасында да реформаны қолдайтындар бар. Жазба авторлары оның не үшін қажет екенін де түсінеді.
"Жанармай бағасының төмен болуы – толықтай мемлекеттің арқасы. Мұндай тұрақтылықтың құны тым қымбатқа түспей ме? Тегін дүние ешқайда жоқ. Мен үнемі бюджет тапшылығы туралы жазамын, бірақ біз жанармайға, несиеге, ауыл шаруашылығына, азық-түлікке, жалпы бәріне субсидия беріп отырсақ, әрине, тапшылық болады. Ең қызығы, былайғы жұрт мұны бағаламайды, халық субсидия туралы біле де бермейді. Шығынның бәрін мемлекеттік бюджет көтереді, алайда түптеп келгенде бұл мемлекеттік қарыз мөлшерінің артуына, демек, әрқайсымыздың қарызымыздың артуына әкеп соғады", – деп жазды Facebook желісінде заңгер әрі мәслихаттың бұрынғы депутаты Ақбөпе Әбілқасымова.
"Жанармай – мультипликатор іспетті. Оның бағасы көтерілсе, бәрі қымбаттайды. Жанармайды қымбаттатқысы келген адам алдымен Алматыны әр тараппен жалғайтын он электр көлігі желісін салуы керек. Барлық қалада солай болуы керек. Содан кейін қымбаттата беріңдер", – деді оған жауап берген журналист Игорь Переверзев.
Қазақстанда жанармай бағасын либералдау халықтың осал топтарын қорғауға арналған әлеуметтік бағдарламалармен қатар жүре ме? Энергетика министрі жариялаған бұйрық жобасында бұл жөнінде ештеңе айтылмаған.
2024 жылы Қазақстанда инфляция 8,6 пайыз шамасында болды. Ресми мәлімет бойынша, елдегі орташа жалақы 750 доллар шамасында болса, медианалық шама 548 доллар мөлшерінде.