ЕО-ның Ресейге қарсы 16-санкция пакеті жобасында тағы екі қазақстандық компанияның аты аталады. Бұлар: KAZSTANEX және "Металлстан" компаниялары. Еурокомиссияның құжат жобасы Азаттықтың қолына түсті.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, Алматыда шоғырланған KAZSTANEX компаниясы 2011 жылы тіркелген. Былтыр көктемде қайта тіркеуден өткен. Компанияның жетекшісі ретінде Василий Витальевич Абрамов деп көрсетілген. Соғыстың алғашқы екі жылында компанияның төлейтін салық көлемі күрт көбейген. Компания соғысқа дейін орташа есеппен жылына 100 млн-нан астам салық төлеп келген болса, 2022 жылы - 210 млн, 2023 - 405 млн теңге салық төлеген. Компания мемлекеттік сатып алуларға белсене қатысып, станок және өзге де жабдықтарды жеткізу қызметін көрсетеді.
KAZSTANEX былтыр қазан айында да АҚШ-тың санкциясына ілінген. Сол кезде ол Ресейге сатуға тыйым салынған жабдықты Еуропадан алып, қытайлық Shanghai Winsun компаниясы арқылы Ресейге тасымалдаған деген күдікке қалған еді. Олардың іс-әрекетіне Игорь және Татьяна Хоменко, Александр Ушко деген Ресей азаматтарының қатысы бар екені айтылған.
Ал "Металлстан" компаниясына (компания STANEX GROUP деп те аталады) Ұлыбритания да Ресейге қарсы санкциясы аясында шектеу қойған. Компания 2012 жылы сәуірде тіркелген. Былтыр қарашада қайта тіркеуден өткен. Компанияның жетекшісі ретінде Сергей Иванович Пермикин деп көрсетілген. Соғыс басталғалы бері бұл компанияның да төлейтін салық көлемі күрт көбейген. Соғысқа дейін орташа есеппен 2-3 млн теңге салық төлеп келген компания 2022 жылы – 6,2 млн теңге, 2023 жылы - 9,2 млн, 2024 - 6,4 млн теңге салық төлеген. Компания мемлекеттік сатып алуларға қатысады.
Тізімде қазақстандық Elem group және DA Group компаниялары да бар. Бұл екі компания Еуроодақтың санкция пакетіне ілінгенін Азаттық жазған.
29 қаңтарда ЕО елдеріне ресми түрде таныстырылған құжатқа сүйенсек, Еуроодақ Ресейдің сұйытылған табиғи газын сатып алуға толық тыйым салмайды. Оның орнына ЕО-ның ортақ газ үйлестіру жүйесіне қосылмаған терминалдарға ресейлік сұйылтылған газды жеткізу тоқтатылмақ. Шектеулер ресейлік импорттың басым бөлігіне әсер етпейді деп жазды "Настоящее время" арнасы.
Бұған қоса, жаңа санкция пакеті ондаған жеке және заңды тұлғаға санкция салуды қарастырады. Одан бөлек, Ресейдің "көлеңкелі флоты" деп аталатын 74 мұнай танкеріне айыппұл және Ресей аллюминийі импортына шектеуді де қарастырады.
ЕО сонымен бірге Ресейге Sony-дың PlayStation және Microsoft-тың Xbox ойын приставкаларын тасымалдауға тыйым салуды жоспарлап отыр. Бұл дрондарды басқаруда пайдаланылуы мүмкін.
Politico-ның жазуынша, Ресейдің сұйылтылған табиғи газынан тұтас бас тартпау Ресейге қатысты қатаң шара қолдануға үндеп жүрген елдердің көңілін қалдырмақ. 28 қаңтар күнгі есепке сүйенсек, былтыр Ресейден Еуроодаққа жеткізілетін сұйытылған газ көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 20 пайызға артып, рекордтық көрсеткішке жеткен.
Желтоқсанда Еуроодақтың он елі – арасында Финляндия, Польша және Балтық елдері де бар – Еурокомиссияны "Ресейдің газы мен сұйытылған газ импортына тезірек тыйым салуға" шақырған.
ЕО осыған дейін Ресейден тасымалданатын мұнай мен көмірдің едәуір бөлігіне тыйым салған. Алайда Ресейден құбыр арқылы келетін газдан әзірге бас тарту мүмкін болмай тұр, себебі Еуропаның бірнеше мемлекеті әлі де Ресей газына тәуелді және тыйым салу үшін шешімді одаққа мүше елдердің барлығы қолдауы керек.
Bloomberg-тің жазуынша, шектеулер біртіндеп енгізілмек және Еуропадағы сатып алушыларға бір жыл бойы Ресей алюминийін квотамен сатып алуға мүмкіндік береді. ЕО алюминийдің шамамен алты пайызын Ресейден алады.
ПІКІРЛЕР