Өскемен қаласындағы қоғам белсендісі Леонид Карташев бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы митингіге рұқсат бермеген әкімдіктің үстінен сотқа арыз түсірді. Белсенді 30 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысындағы әкімшілік сотқа жүгініп, наразылық акциясын өткізуге келісім беруден әкімдіктің бас тарту себебін "заңсыз" деп тануды талап еткен. Бұл жөнінде 31 желтоқсанда Азаттыққа Карташевтің өзі хабарлады.
– Өскемен әкімдігі наразылық акциясын өткізу жайлы берген хабарламаларымызды ылғи кері қайтарады. Азаматтардың конституциялық құқығын бұзады. 2022 жылдан бері қаншама рет пикет, митинг, шеру өткізбек болдық, алайда әкімдік үнемі арнайы алаңда біресе спорт жарысы, біресе мерекелік іс-шара болады, кейде тіпті жұмысшылар жөндеу жүргізеді деп сылтау айтып келеді. Ал біз үнемі сол уақытта ол жерге барып тексереміз, бірақ ешқашан бір іс-шара болып жатқанын көрмедік, – деді белсенді Азаттық тілшісіне.
Өскемен қаласы әкімдігі биыл желтоқсанда екі рет бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы акция өткізуге рұқсат етпеген.
9 желтоқсанда белсенділер қаладағы Достық үйі алдындағы арнайы белгіленген алаңқай мен Гоголь көшесінде ешқандай іс-шара өтпегенін анықтаған. 9 желтоқсанда сағат 16.00-де белсенді Светлана Бирюкова пикет, сағат 17.00-де Леонид Карташев митинг, ал сағат 18.00-де белсенді Александра Осипова шеру өткізбекші болған еді.
Әкімдік өкілі Азаттық тілшісіне "басқа іс-шара жоспарланған еді, бірақ оның өтпеу себебі бізге емес, ұйымдастырушыларына байланысты" деп жауап берген. Алайда ол нақты қандай іс-шара және оны кім ұйымдастыратынын айтпаған.
Карташев 2023 жылы митинг өткізуге бірнеше рет себепсіз рұқсат етпеді деп Өскеменнің бұрынғы әкімі Жақсылық Омарды сотқа берген. Бірақ сот іс-шаралар өтпеуіне әкім емес, ұйымдастырушы мекемелер кінәлі деп, арызды қанағаттандырмаған.
2024 жылғы 1 наурызға дейін Қазақстанда екі сағат белдеуі болды. Оны өзгертуді ұсынған шенеуніктер бұрынғы уақыт адамның биологиялық уақыт ритмін бұзады деген уәж айтты. Олар бірыңғай уақыт белдеуінің тағы бір пайдасы: бүкіл ел аумағында бизнес процестерді реттеуге және көлікпен тасу қызметін жеңілдетуге септеседі деді.
Уақыт белдеуі ауысқалы Қазақстанда бұл шешімге қарсылық жиі болып тұрады. Уақытты бұрынғы қалпына келтіруді талап еткен петиция да жарияланып, оған мыңдаған адам қол қойған. Бірақ петицияны қараған құзырлы органдар белсенділер ұсынысын негізсіз деп тапқан.
18 желтоқсанда Астана соты Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары атынан үкіметтің бірыңғай уақыт белдеуі туралы шешіміне қарсы арыз түсірген адвокаттың меселін қайтарды. Арыз иелері үкіметтің уақытты жылжыту туралы шешімінің күшін жоюды сұраған еді.
ПІКІРЛЕР