Өскемен әкімдігі 9 желтоқсанда бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы пикет, митинг және шеру өткізбек болған белсенділерге рұқсат етпеді. Әкімдіктің ақпаратына қарағанда, наразылық акциясына белгіленген алаңдар бос болмайды. Алайда белсенділер көрсетілген уақыттарда алаңдарда ешқандай іс-шара өтпегенін анықтаған.
— Бізге әкімдік наразылық білдіруге тыйым салды. 9 желтоқсанда сағат 16.00, 17.00 және 18.00-де арнайы алаңдарда дене шынықтыру-сауықтыру іс-шаралары мен мәдени іс-шаралар өткізіледі деп ақпарат берді. Ақпарат жалпылама. Кім ұйымдастырады, не болады түсініксіз. Біз сол уақытта алаңдарды барып тексердік, бірақ ешқандай іс-шара өтпеді. Бұрын да үнемі осылай болатын, — деді Светлана Бирюкова Азаттық тілшісіне.
Ол бүгін, 9 желтоқсанда сағат 16.00-де пикет ұйымдастырмақ болған еді. Сағат 17.00-де митинг өткізуді жоспарлаған Леонид Карташев, сағат 18.00-де шеру өткізуді жоспарлаған Александра Осипова да әкімдіктен осындай жауаптар алған. Олар да Светлана Бирюковамен бірге алаңды барып тексеріп, ешқандай іс-шара ұйымдастырылмағанына куә болған.
Үш белсенді наразылық акцияларын өткізетіні туралы хабарландыруды Өскемен әкімдігіне 2 желтоқсанда жолдаған. Жауапты өткен аптада жұма күні ауызша естіген, жазбаша нұсқасы қолдарына бүгін тиген.
Өскеменде бейбіт шеру мен акциялар өткізуге "Достық үйі" ғимаратының алдындағы алаңқай мен Гоголь көшесі белгіленген.
Азаттық тілшісі қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімінен жоспарланған іс-шаралар неге өтпегенін сұрады. Ішкі саясат бөлімінен келген жауапта оның себебін "ұйымдастыруды жоспарлаған адамдардан сұрау керек" деп жазылған. Ал Азаттық тілшісінің "нақты қандай іс-шара өткізу жоспарланды? Ұйымдастырушы кім?" деген сұрақтары жауапсыз қалды.
Светлана Бирюкова әкімдікке 16 желтоқсанда пикет, митинг және шеру өткізу туралы тағы да хабарландыру бергендерін айтты. Леонид Карташев 4 желтоқсанда да митинг өткізбек ойы болғанын, бірақ әкімдік келісім бермегенін айтты. Ол "жиі-жиі шектеу қоятын" қала әкімдігінің үстінен сотқа жүгінбек.
Леонид Карташев 2023 жылы "митингіге шектеу қойып, азаматтардың конституциялық құқығын бұзып отыр" деп Өскеменнің бұрынғы әкімі Жақсылық Омарды сотқа берген. Бірақ сот оның арызын қанағаттандырмаған.
Өскемен белсенділері қала әкімдігін "наразылық акциясына рұқсат етпейді" деп үнемі сынайды. Әкімдік мұның себебін "алаңдарда басқа іс-шаралар өткізіледі" деп түсіндіреді. Бірақ белсенділер белгіленген уақытта әкімдік айтқан іс-шаралар "мүлде өткізілген емес" деп налиды.
- Биыл 1 наурызда Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуі қабылданды. Оған халықтың біразы қарсы болып, пикет жариялады. Әсіресе Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары өзінің табиғи уақыт белдеуі - алтыншы белдеуден "ажырап қалғанын" айтты. Олар бір сағат күндізгі жарықтан айырылып қалғанына, күн ерте батып кететініне қынжылды. Ауылды жерде тұратын адамдар таң ерте ататындықтан мал жайғауға ерте тұруға мәжбүрміз деді. Бұдан бөлек уақыттың ауысуы депрессияға түсіріп, адам денсаулығына кері әсер етеді деушілер де болды.
- Тамызда сауда министрлігі "Уақытты кері қайтару" талабымен жариялаған петицияны қабылдамады. Үкіметтің ұстанымы бойынша, елдегі бірыңғай уақыт белдеуі мемлекеттік мекемелер мен бизнестің жұмысын үйлестіруге қолайлы.
- Денсаулық сақтау министрлігі болашақта жаңа уақыт белдеуінің қазақстандықтардың денсаулығына әсерін зерттемек.
- Егер зерттеу нәтижесінде жаңа уақыт белдеуі қазақстандықтардың денсаулығына кері әсер еткені анықталса, уақыт қайтарыла ма деген сұрақты министрлік өкілдері жауапсыз қалдырған.
ПІКІРЛЕР