Трамп әкімшілігінің кеңесшісі, миллиардер және Tesla компаниясының басшысы Илон Маск АҚШ халықаралық даму агенттігі (USAID) жабылу алдында тұр деп мәлімдеді.
Масктың айтуынша, ол АҚШ президентімен USAID мәселесін егжей-тегжейлі талқылаған.
"[Трамп] оны жабуға келісті. [USAID] – құрты бар алма емес. Біздегі бар нәрсе – жай ғана құрттар. Оны қалпына келтіру мүмкін емес" деді Маск.
Масктың мәлімдемесіне дейін USAID-дегі қауіпсіздік қызметінің жоғары лауазымдағы екі қызметкері АҚШ үкіметіндегі тиімділік департаментінің (Department of Government Efficiency, DOGE) қызметкерлерін агенттік жүйелеріне кіргізбей қойған соң демалысқа жіберілген. DOGE өкілдері оларға құқық қорғау органдарын шақырамыз деп сес көрсеткен деп хабарлады дереккөздеріне сілтеген бірқатар басылымдар.
DOGE қызметкерлері 1 ақпанда көмек көрсететін агенттіктің құпия ақпаратына алған, онда барлау жұмысының есептері де бар.
Associated Press агенттігінің жазуынша, DOGE қызметкерлері бұл ақпаратқа қол жеткізетіндей жоғары лауазымда істемеген, сондықтан USAID–дің екі қызметкері – Джон Вурхис пен оның орынбасары Брайан Макгилл – оларға рұқсат бермеуге тырысқан.
Келесі күні Маск бұл жаңалыққа қатысты жауап беріп, "USAID – қылмыстық ұйым. Оның өлетін уақыты келді" деп жазды. Кейін көмек көрсететін агенттік туралы қосымша хабарламалар жариялады.
АҚШ президенті Дональд Трамп 2 ақпанда USAID басшылығында жоспарланған отставкаларды жариялады. Артынша бұл агенттікті "көптеген радикал басқарады" деп, "оларды алып тастаймыз, кейін шешім қабылдаймыз" деген.
АҚШ халқаралық даму агенттігі (USAID) әлемнің 100-ден астам елінде америкалықтар атынан халықаралық даму мақсаттарында көмек көрсеткен. USAID Қазақстанға көмек көрсетуді 1992 жылы бастаған. Содан бері USAID арқылы елдегі экономикалық сектор, денсаулық сақтау жүйесі және демократиялық институттар бойынша бағдарламаларға қаржы бөлінген.
ПІКІРЛЕР