Қазақстандық "Курсив" басылымының тілшісі Руслан Бикетов (Қазымбетов) 15 күндік әкімшілік қамау жазасын Алматы қалалық полицияның уақытша қамау изоляторында өтеп жатыр. Оның адвокаты Жанар Балғабаева мұны әділетсіздік деп атады.
Адвокаттың сөзінше, заң бойынша Әкімшілік кодекске сәйкес қамауға алынғандар жазасын арнайы қабылдау орнында өтеуі керек.
"Ол [15 тәулікке қамалған] өзге белсенділер тәрізді сол жақта отыруы керек еді, бірақ қазір Алматы қалалық полицияның уақытша қамау изоляторында отыр. Менің білуімше, ол жақта қамауда отыру күрделірек. Бұл қаншалықты заңды? Бұл әділетсіз" деді Балғабаева.
Мұндай шешімнің себебі ресми түрде әкімшілік қамауға алынғандарды қабылдайтын арнайы орында орын жоқтығымен түсіндірілген.
Адвокат мұны қысым деп бағалайтынын жеткізді.
23 қаңтарда Алматы қалалық сотында Руслан Бикетовтің бұлтартпас жазасын өзгерту туралы өтініші қаралған. Судья "өтінішті орындауға негіз жоқ" деп мәлімдеп, журналисті қамауда қалдырды.
Азаттық Азия тілшісі Руслан Бикетов істейтін "Курсив" басылымына хабарласқан.
"Біз бұл сұраққа түсініктеме бермейміз. Русланның өзі жеке тұлға ретінде шықты. Әрбір адамның өз ұстанымы бар және ол оны көрсетті. Біз бұған түсіністікпен қараймыз. Бірақ бұл редакция тапсырмасы болмағандықтан ештеңе айта алмаймыз" деді PR директор Юрий Дорохов. Ол журналистің жағдайын мұқият бақылауда ұстап отырғанын да жеткізді.
Басылым өкілі сонымен бірге журналисті уақытша қамау изоляторына қамау туралы шешімге түсініктеме бере алмайтынын да жеткізді.
Art of Her басылымының бұрынғы бас редакторы, "Курсивтің" қазіргі тілшісі Руслан Бикетов Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті қолдап, жалғыз адамдық пикетке шығып, 19 қаңтарда 15 тәулікке қамалған.
Бұған дейін Алматы мен Қостанайда, Ақтөбеде, Астанада Еңсебекті қолдаған пикеттер өтті. Олардың кейбірі қамалды, кейбіріне айыппұл салынды. Сарапшылар мен журналистер Темірлан Еңсебектің қудалауын сынаған.
Qaznews24сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті полиция 17 қаңтарда үйіне тінту жүргізгеннен кейін ұстап әкеткен. 18 қаңтарда Еңсебек екі айға қамауға алынды. Оған "ұлтаралық алауыздық қоздырды" деген айып тағып отыр.
Темірлан Еңсебекке "Йоу, орыстар" атты әнге байланысты "алауыздық тудырды" деген айып тағылып отыр. Сатиралық паблик балағат сөздер бар даулы әнді осыдан бір жыл бұрын, ресейлік тележүргізуші Тина Канделакидің Қазақстанда орыс тілі кемсіту көріп отырғаны жайлы мәлімдемесіне реакция ретінде жариялаған (Қазақстан сыртқы істер министрлігі Канделакиді сол мәлімдемесігнен кейін нон-грата тұлғалары тізіміне қосқан). Қазақстанда ол әнге тыйым салынбаған: әртүрлі аккаунта әлі тұр.
Алматы қаласының полиция департаменті Еңсебектің үстінен іс қозғауға сатиралық жазбалары емес, автордың "бүтін бір этнос өкілін қорлайтын, ұлтаралық алауыздық қоздыратын белгілері бар материал жариялағаны" себеп болды деп мәлімдеді.
Қазақстан билігі елде саяси ой-пікір, көзқарасына бола қудаланғандар жоғын үнемі айтады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басылымға берген сұхбатында "Біздің заңнамада азаматтардың саяси көзқарастары үшін қудалануына жол ашатын бірде-бір бұйрық, заң немесе нормативтік құжат жоқ" деп мәлімдеген.
Сатиралық паблик авторының үстінен іс қозғалғанын тәуелсіз сарапшылар да сынға алып жатыр.