Accessibility links

Ақ үй медиамен жұмыс істеу принциптерін өзгерткенін мәлімдеді


Ақ үйдің ең жас баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт
Ақ үйдің ең жас баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт

Кэролайн Левитт Ақ үйдің ең жас баспасөз хатшысы ретінде 28 қаңтарда бірінші баспасөз мәслихатын өткізді. АҚШ тарихындағы Ақ үйдің ең жас баспасөз хатшысы атанған 27 жастағы Кэролайн Левитт Рональд Рейган кезінде хатшы болған 29 жастағы Рональд Зиглерден асып түсті. Бұл жөнінде "Америка дауысы" сайты жазды.

Алғашқы баспасөз мәслихатында Кэролайн Левитт Ақ үйдің БАҚ өкілдерімен жұмыс істеу принциптері өзгергенін мәлімдеді.

Жаңа баспасөз хатшысының айтуынша, өзгерістер президент Дональд Трамп өзінің сайлауалды кампаниясы кезінде пайдаланған "БАҚ-қа революциялық көзқарас" принципіне (подкаст жүргізушілері және медиа инфлюенсерлермен байланыс орнату) сәйкес енгізіліп отыр.

Оның сөзінше, Трамп сайлауалды науқаны кезінде тек дәстүрлі БАҚ өкілдерімен ғана емес, танымал блогер, медиаинфлюенсерлермен де қарым-қатынас орнатқан. Ол өз сөзінде америкалықтардың дәстүрлі БАҚ өкілдеріне деген сенімнің төмендігі туралы Gallup сауалнамасының нәтижесіне сүйенді.

"Біздің командамызға президент Трамптың жолдауын жеткізіп, Ақ үйді 2025 жылдың жаңа медиа ортасына бейімдеу маңызды" деді баспасөз хатшысы.

Баспасөз хатшысының сөзінше, баспасөз залы жаңалыққа қатысты контент жасайтындарға ашық және оған бұрын залға кіргізілмеген журналистер де кіргізілмек.

Ол Ақ үйдің жұмысы туралы хабар тарататын тәуелсіз журналистер мен подкастер, әлеуметтік желіде ықпалы бар тұлғалар мен контентті шығарушыларды аккредитацияға өтініш беруге шақырды.

Левитт бұрын Трамптың президент кампаниясы кезінде баспасөз хатшысы қызметін атқарған және Трамптың бірінші президенттігі кезінде АҚШ-тың БҰҰ-дағы уәкілі болған Элиз Стефаник кеңсесінде қызмет атқарған.

XS
SM
MD
LG