47 жастағы Азаттық тілшісі Андрей Кузнечик 12 ақпанда Вильнюске жетіп, онда әйелі және екі баласымен қауышты.
Мұның алдында Трамп әкімшілігі Ресей түрмесінен америкалық мұғалім Марк Фогельді босатқан.
АҚШ ресми өкілдері мен адам құқықтарын қорғау ұйымдары Кузнечик саяси себеппен түрмеде отыр деп, оны босатуды талап етіп келген.
«Бұл – Андрей үшін, оның әйелі Алеся мен кішкене екі баласы үшін қуанышты күн. Үш жылдан астам уақыттан соң президент Трамптың арқасында отбасы қайта бірікті» деді осыған орай Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті әрі атқарушы директоры Ствен Капус. Ол АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиоға, оның «командасына» және Литва үкіметіне қолдауы үшін алғыс білдірді.
«Журналисіміз Игорь Лосик те бостандыққа шығады деп үміттенеміз және Трамп әкімшілігінің көшбасшылығы мен жол бастауына үміт артамыз» деді Капус.
Кузнечик 2021 жылғы 25 қарашада тұтқындалған. Оны қауіпсіздік қызметкерлері ұстап, алдымен бұзақылық үшін он күнге қамаған. Бұдан соң ол экстремистік ұйым құрды деп айыпталып, алты жылға сотталды. Жабық сот процесі бірнеше сағатқа ғана созылды, істің мән-жайы нақты емес. Кузнечик бұл айыпты жоққа шығарады және мұны өзінің журналистік қызметімен байланыстырады.
Кузнечик жазаның көп бөлігін Новополоцк қаласындағы түзету колониясында өткізді. Соңғы бірнеше ай ол Беларусь мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Минск тергеу изоляторында отырды.
ПІКІРЛЕР