Accessibility links

Песков: Ресей мен Украина жер алмаспайды


Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

Ресей мен Украина арасында жер алмасу ешқашан болмайды деді Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

Оның айтуынша, Ресей өз жерін айырбастау туралы ешқашан талқыламаған және алдағы уақытта да талқыламайды. "Әрине, Украина күштері бұл аумақтан қуылады. Көзі жойылмағанның бәрі қуылады", – деді Песков.

11 ақпанда Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен келіссөз болса, Мәскеуге Курск облысында Украина қарулы күштері бақылауға алған аумақтарды Ресей армиясы бақылауындағы Украина жерлеріне айырбастауды ұсынуы мүмкін екенін айтты.

Зеленский Курск облысының бір бөлігіне Ресей басып алған Украина аумағының қай жерін сұрайтынын әзірге білмейтінін мәлімдеді.

Украина президенті Ресеймен келіссөз жүргізуге дайын екенін, бірақ Киев оған күш-қуат тұрғысында қатысқанын қалайтынын айтты.

Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова да бұл мәселе бойынша пікір білдірді. Ол жер алмасу болмайтынын дөрекі формада түсіндіре келе Зеленский "Украина қарулы күштерінің бұл бағыттағы жеңілістерінің көлемін жасыру үшін" осындай мәлімдемелер жасайды деді.

Үш жылдан бері Мәскеудің агрессиясына тойтарыс беріп жатқан Украина қарулы күштері 2024 жылы тамызда Ресейдің Курск облысына кіріп, оның бір бөлігін басып алған. Жарты жылға жуық ұрыстан соң Ресей армиясы жердің біразын қайтарып алды. Дегенмен біраз елдімекен, соның ішінде аудан орталығы - Суджа украина армиясының бақылауында.

Ал Ресей Қырым түбегінен бөлек Украинаның Донбасс аймағының, Херсон және Запорожье облыстарының бір бөлігін бақылауында ұстап отыр. Бұған дейін Кремль Украинамен келіссөзді бастау үшін қазіргі қалыптасқан ахуалды ескеру керек деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG