11 ақпан кешке Қырғызстан астанасындағы жүрек хирургиясы және дене мүшелерін трансплантациялау ұлттық зерттеу институтында шыққан өрт салдарынан осы мекемеде емделіп жатқан екі бала көз жұмған.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жергілікті уақытпен сағат 21.00 шамасында институтта өрт шыққан кезде онда жиынтығы 104 адам: 50 науқас (19-ы бала), 32 күтуші мен 22 қызметкер болған.
Ота жасалған бірнеше науқас жансақтау бөлімінде жатқан. Солардың екеуі – 1 жыл 7 айлық бала мен 16 жастағы жасөспірім өрт шыққан сәтте аппаратқа қосулы болған. Оларды көрші ғимаратқа – кардиология және терапия ұлттық орталығына ауыстырған, алайда дәрігерлер екеуін ажалдан аман алып қала алмады деп хабарлады министрлік.
Ұлттық орталықтың жансақтау бөлімінде 11 науқас жатыр, оның төртеуі бала, соның ішінде екеуінің жағдайы өте ауыр деді дәрігерлер.
Мекеме қызметкерлері өрт шығар алдында ғимарат жертөлесінде жарылыс болғанын естіген, одан кейін 3-ші және 4-қабаттарды түтін басып, желдету жүйесі арқылы тарай бастаған деп хабарлады брифингте денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.
Министрлік өрт шыққан институтта қызметкерлер, науқастар мен күтушілер болған бөлмелерді жалын шалған жоқ деп сендірді.
12 ақпандағы таңертеңгі мәліметте ұлттық госпитальде жатқан екі науқастың жағдай орташа ауыр екені айтылған. Науқастардан бөлек, өрттен 9 адам – 7 медицина қызметкері мен 2 күтуші зардап шеккен. Оларға иіс тиіп қалған. Тиісті дәрігер көмегін алғаннан кейін төрт медицина қызметкері қайтадан жұмысқа шықты деп хабарлады министрлік.
Бішкек милициясы бұл оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің "Өрт қауіпсіздігі ережесін бұзу" бабы бойынша іс қозғалып, сараптама тағайындалғанын хабарлады.
ПІКІРЛЕР