Accessibility links

Ресей қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Шойгу Тоқаевпен кездесті


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгу. Астана, 12 ақпан 2025 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгу. Астана, 12 ақпан 2025 жыл.

Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Ресей қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгу президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Ақорда тараптар кездесуде Астана мен Мәскеудің түрлі бағыттағы екіжақты серіктестігі мен өңірдегі қауіпсіздік бойынша әріптестік мәселелерін талқылады деді.

Тоқаев "Ресеймен қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді", екі елдің экономикалық байланысы "табысты өрбіп жатыр" деп мәлімдеген. Ол Ресей мен Қазақстанның "құқық қорғау органдары, әскери ведомстволары арасындағы байланыс та ойдағыдай өркендейді деп санаймын" деді. Тоқаев Шойгудың сапары жаңа бағыттар бойынша келісімге келуге "оңтайлы мүмкіндік береді" деп есептейді.

Ақорданың хабарлауынша, Шойгу кездесуде "бауырлас халқымыздың, еліміздің арасындағы қарым-қатынасқа үнемі жоғары деңгейде қолдау көрсетіледі. Тауар айналымы мен бірлескен жобалар ауқымы қомақты" деп айтқан.

ТАСС агенттігінің жазуынша, Шойгу журналистерге президент Дональд Трамп билікке келгеннен кейінгі АҚШ саясатындағы өзгерістерді "революциялық" деп атауға болады, оларды барлық деңгейде талқылау қажет деп айтқан.

– АҚШ-тағы президент сайлауы Ресейдің ядролық доктринасына әсер ете алмайды, ол көрші елдердің, "одақтастарымыз Қазақстан мен Беларусьтің" қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр. Біз бұл туралы әрқашан айттық, оны ешқашан жасырмадық, – деген Шойгудың сөзін ТАСС жариялады.

Ол қауіпсіздік саласындағы жағдай тынышталмай тұр, Сирия, Ауғанстан және Украинадағы оқиғалар Мәскеу мен Астананың назарын талап етеді деп айтқан.

Шойгу Қазақстанға 11 ақпанда келді, Қазақстанның қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовпен кездескен.

2024 жылы мамырда Ресей президенті Владимир Путин елдің қорғаныс министрі Сергей Шойгуды қызметтен алған. Ол көп жылдан бері Путиннің ең жақын әрі сенімді адамы болып келді. Көбі Путин билігін Шойгуға сеніп қалдыруы мүмкін деп топшылаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG