Accessibility links

Украина майданында да, саясатында да тартыс күшейді. Жағдай қалай ушықты?


Украина президенті Владимир Зеленский Орталық Азия журналистерімен сөйлесіп отыр. Харьков, 2024 жылғы 24 мамыр.
Украина президенті Владимир Зеленский Орталық Азия журналистерімен сөйлесіп отыр. Харьков, 2024 жылғы 24 мамыр.

Киев мэрі президентпен дауласып жатса, қорғаныс министрі қару-жарақ сатып алуды бақылауға талас аясында тергеуге алынған. Әскери комиссариаттар майданға қосымша күш тартуға қиналып жатқан тұста Киев мобилизация жасын төмендету жайлы үндеулермен алысып әлек.

Өткен аптада Ресей әскері Украинаның тағы екі қаласын жаулап алды. Бірақ бұл қалалар тактикалық емес, символикалық мәнге ие еді.

Украина экзистенциалды қорғаныс соғысында соңғы күшіне дейін сарқып, 3 жылдан бері Ресейдің басқыншылығына қарсы төтеп беруге тырысып келеді. Халық соғыстан қажыса да, ел президенті Владимир Зеленскийге қолдау білдіруін жалғастырып отыр.

Бірақ ел басшылығы мен саяси тап арасына жік түсті. Бұл жіктің қаншалық тереңге баратыны белгісіз.

Осының бәрі Киев үшін қолайсыз сәтте болып отыр. Украинаға қару-жарақ жеткізуші негізгі одақтасы АҚШ соғысты аяқтауға тырысып, Мәскеумен оқ атуды тоқтату үшін қысымды күшейтті. Оның үстіне демалыс күндері Мюнхенде өтетін қауіпсіздік бойынша конференция қарсаңында дипломатия қарқын алды.

"Бұл фактілерге қарасақ, Украинадағы саяси процесс соғыс кезінде де белсенді күйінде қалып отыр", – дейді Лондондағы Chatham House талдау орталығының украин сарапшысы Орыся Луцевич. "Оқ ату тоқтап, саяси бәсеке қайта жандануы мүмкін деген үміт бар. Бұл қалыпты өмірге, сайлау мен бәсекеге оралу сияқты".

Firefighters work at a site of a Russian missile strike, amid Russia's attack on Ukraine, in Kyiv Ukraine February 12, 2025.REUTERS/Gleb Garanich
Ресей зымыраны түскен жерде жүрген өрт сөндіргіштер. Киев, 12 ақпан 2025 жыл.

СОҒЫС: САЯСАТТЫ БАСҚА ҚҰРАЛДАРМЕН ЖАЛҒАСТЫРУ

Украина күштері майданда 2024 жылдың ақпанынан бастап біртіндеп шегініп келеді. Бірақ былтыр тамызда Украина Ресейдің Курск облысына шабуыл жасап, жағдайды өзгертуге тырысты. Бұл – Екінші Дүниежүзілік соғыстан бері Ресей шекарасына шетел әскерінің ең үлкен басып кіруі болды. Киев осы арқылы майданның басқа бөлігіндегі қысымды әлсіретіп, Украинаның Батыстағы қолдаушыларына майданда басымдыққа ие бола алатынын көрсеткісі келді.

Батыс елдері бұған сірә таңғалды, бірақ украиндар басқа аудандардағы Ресей күштерін тарта алмады. Күзде және қыста Украина бірнеше ауданда кері шегінуге мәжбүр болды.

Донбастың оңтүстігіндегі Великая Новоселка қаласы орыстардың қолына өтті. 27 қаңтарда Украинаның өкілетті тұлғалары 110-жекелеген механикалық бригаданың қаладан шығарылғанын растады. Бірнеше күннен кейін Ресей әскері Курахово қаласының қалған бөлігін жаулап алып, украиндарды батыстағы Запорожье қаласына қарай ығыстырды. Зеленский Украинаның құрлық әскерін басқаратын генерал-майор Михаил Драпатияға шығыс майданды өз бақылауына алуды тапсырды. Көбі мұны командирлердің қорғанысқа алаңдаушылықпен қарап отырғаны деп түсінді.

АСТАНАДАҒЫ КҮРЕС

Киев мэрі, бокстан ауыр салмақтағы бұрынғы чемпион Виталий Кличко ел астанасына оралған соң, 29 қаңтарда Зеленскийдің әкімшілігін “қаланың жаңа әскери басшысын таңдауда саяси интригаға жол берді” деп айыптады.

Киев мэрі Виталий Кличко Ресей шабуылынан бүлінген үйді аралап жүр. Киев, 20 желтоқсан 2024 жыл.
Киев мэрі Виталий Кличко Ресей шабуылынан бүлінген үйді аралап жүр. Киев, 20 желтоқсан 2024 жыл.

Ресей Украинаға басып кіргелі, елдің бүкіл аумағында азаматтық және әскери билік арасындағы үйлестіру мәселелерін реттеу үшін әскербасы қызметі енгізілген. Кличконың айтуынша, бірнеше ай бұрын Тимур Ткаченконы тағайындаудың “саяси мотиві” болған. Ол Ткаченко “астанадағы экономикалық қызметке араласып, кедергі жасады” деп санайды.

"Украина президентіне үндеуім бар", – деді Кличко Telegram-да жариялаған видеосында. "Сіз жоғарғы қолбасшы ретінде соғыста Украинаны қорғауға баса мән беріп жүргенде, айналаңыздағы адамдар саяси интригамен айналысып жатыр".

Ткаченко бұған жауап берді.

"Қала билігінде ондаған жыл бойы отырған адамдар сияқты саяси шоу ұйымдастыруға құлқым жоқ", – деді ол. "Қаланың мәселесін шешіп, Киев тұрғындарына көмектесеміз".

ҚАРУ-ЖАРАҚ САТЫП АЛУ

Қорғаныс министрлігінде қару-жарақ қалай сатып алынып жатыр деген тақырып аясында бюрократиялық соғыс басталды.

Қорғаныс тауарларын сатып алу агенттігі 2022 жылы шетелден және Украинаның өзінен келетін қару-жарақ ағынын реттеп, оны әскерге жеткізіп отыру үшін құрылған. Бұрын қару-жарақ сатып алу саласын жемқорлық пен парақорлық жайлаған еді.

31 қаңтарда қорғаныс министрі Рустем Умеров агенттік басшысы Мария Безрукованы ұйымды тиімсіз басқарды деген айыппен қызметінен босатты.

Безрукова өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, Умеровтің қызметтен босату туралы бұйрығы заңсыз болғанын, агенттіктің бақылау кеңесі еңбек келісімшартын ұзартқанын айтты. Кейін бұл жанжалға тәуелсіз құқық қорғаушы ұйым – жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро араласты. Бюро тергеу бастап, Умеров келісімшарттың ұзарғанын мойындамай, заңды бұзған болуы мүмкін деген қорытындыға келді.

“Үлкен жетілік” елдері бұл жағдайға алаңдаушылықпен қарап, "Қоғам өкілдері мен халықаралық әріптестердің сенімін жоғалтпауда НАТО принциптері мен нұсқаулықтарын сақтаудың маңызы зор", – деген мәлімдеме жасады.

МАЙДАНҒА ӘСКЕР КЕРЕК

Украинаның мәселесі көбіне соғыстан қажыған, адам саны да, қару-жарағы да басым Ресей күштеріне төтеп беруге тырысып жатқан әскери бөлімдерді қолдау үшін майданға жеткілікті жауынгер жинай алмауында болып отыр. Былтыр әскери жүйені реформалау туралы заң қабылданғанымен, өкілетті тұлғалар жеткілікті жауынгер жинап, оларды дайындықтан өткізуді дұрыс жүзеге асыра алмай келеді.

Кадр жинаудың қиындығын 155-жекелеген механикалық бригадаға қатысты жанжалдан көруге болады. Бұл бөлімді француздар дайындап, қаруландырған. Аталған топ Украинаның заманауи қарулы күштерінің авангарды болуы керек еді. Оның орнына әскери бөлімнен көп жауынгер қашып кеткен, бөлім Донбасқа кетердің алдында командирі қызметінен шеттетілген, тергеушілер мұның себебін мұқият зерттеп жатыр. Зеленский мұндай жаңа бригадалар құруды тоқтатуға бұйрық берді.

Америкалық және басқа да Батыс шенеуніктері әскерге шақыру жасын 25-тен 18-ге дейін төмендетуді ұсынған. Зеленский бұл елдегі онсыз да қиын демографиялық ахуалды одан әрі ауырлатып жібереді деп келіспеген.

БӨЛМЕДЕГІ ПІЛ

Осының бәрімен қатар бейбіт келіссөздер ықтималдығы тұр. Трамп әкімшілігі Киев пен Мәскеуді келіссөздер үстеліне отырғызып, ортақ мәмілеге келтіру үшін қысым мен мәжбүрлеудің барлық әдісін пайдалануға дайын екенін білдірген.

Талқыланатын тақырыптар арасында “Украина жаңа президент сайлауын өткізу үшін елдегі әскери жағдайды алып тастауы керек пе?” деген мәселе бар. Ресей басып кіргелі Украинада президент сайлауын өткізуге тыйым салынған. 2019 жылы Зеленский бес жылдық мерзімге президент болып сайланған еді.

Ukraine Ambassador to UK, Valerii Zaluzhnyi, speaks at a Chatham House event in London, Thursday, Oct. 17, 2024. (AP Photo/Alberto Pezzali)
Украинаның Ұлыбританиядағы елшісі Валерий Залужный Chatham House шарасында сөз сөйлеп тұр. 2024 жылғы 17 қазан.

3 ақпанда жарияланған сауалнама қорытындысына сәйкес, украиндер сенетін қоғам қайраткерлері арасында бұрынғы бас қолбасшы Валерий Залужный бірінші орында тұр. Залужный Ұлыбританияда елші болып тағайындалған соң, саяси белсенділік танытпаған. Көбі сайлау болса, Залужный мықты қарсылас болар еді деп есептейді.

Одан кейінгі орында Украина барлау қызметінің басшысы Кирилл Буданов пен былтыр бокстан ауыр салмақтағы әлем чемпионы атанған Александр Усик тұр.

ЗЕЛЕНСКИЙ

Сарапшылар Зеленскийдің саяси кеңесшілері Залужныйдың сайлауда мықты қарсылас болатынын біледі дейді. Лондонға көшкелі бұрынғы генералдың мәлімдемелерінің көбі сыртқы жауға қарсы ұлт болып жұмылып, бірігу жайлы болған.

Украина президенті Владимир Зеленский
Украина президенті Владимир Зеленский

Украинадағы сайлауға Ресей бұрынғыдай араласуы мүмкін деген қауіп бар.

Вашингтондағы Wilson Center талдау орталығының қызметкері, Индианадағы Болл штаты университетінің профессоры Сергей Жук өткен айда Азаттыққа берген сұхбатында Кремль сайлау кезінде Украинадағы тұрақтылықты бұзу үшін қуатты пропаганда машинасын іске қосып, елдегі ресейшіл элементтерді пайдалануы мүмкін деген.

Сауалнамада кейінгі орындарда 2019 жылғы сайлауда Зеленскийден жеңілген бұрынғы президент Петр Порошенко бар. Порошенконың жақтастары оны қайта сайлауға қосқысы келетін сияқты, бірақ бұрынғы президент әлі де халықтың кең ықыласына бөлене қойған жоқ.

"Мобилизация, әскери салық деңгейі, қорғаныс министрлігіндегі сатып алулар, электр станцияларының қорғанысын нығайту сияқты талқылаулар үнемі болған. Жауға қарсы соғыста бірлік маңызды, ал жау – Ресей", – дейді Луцевич.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG