Accessibility links

Тоқаев "Жаңа адамдар" форумына неге барды? Қозғалысты кім және не үшін құрған?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) "Жаңа адамдар" жастар қозғалысының форумында. Астана, 8 ақпан, 2025 жыл. Ақорданың ресми телеграм-арнасындағы фото (t.me/aqorda_resmi)
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) "Жаңа адамдар" жастар қозғалысының форумында. Астана, 8 ақпан, 2025 жыл. Ақорданың ресми телеграм-арнасындағы фото (t.me/aqorda_resmi)

Қазақстан президенті "Жаңа адамдар" жастар қозғалысының форумына қатысты. Қозғалыс бұған дейін несімен көзге түскен? Оның артында кім тұр? Ресейдегі "Новые люди" партиясымен ұқсастығы қандай? Азаттық осы сұрақтардың жауабын іздеп көрді.

8 ақпан күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Жаңа адамдар" қозғалысының Астанада өткен жастар форумына қатысты.

"Жаңа адамдар" – жаңа қоғамның айнасы. "Жаңа адамдар" – жаңа болмыс! Бұл – өз еліне адал жастардың қозғалысы! Біздің стратегиямызға қолдау білдірген сіздерге алғыс айтамын. Реформаларымыздың мән-маңызы ұрандарыңызда көрініс тапқан. Бұл өзгерістер Әділетті Қазақстанды құру, "Заң мен тәртіпті" қамтамасыз ету тұжырымдамасына негізделген", – деді Тоқаев. – Осы жерге жиналған білімпаз, отаншыл жастар мәслихаттың немесе Парламенттің құрамына кіретініне, тіпті Үкіметте жұмыс істейтініне кәміл сенемін".

Форумға қатысқан жастар кеудесіне "Мен Қазақстанмын" деген жазуы бар бірыңғай күлгін түсті жейде киіп, қолына жалау мен әртүрлі ұран жазылған плакат ұстаған. Жастар президенттің сөзін тік тұрып тыңдаған.

– Екі жыл бұрын тәуекелге барып, өзін "Жаңа адамдар" деп атаған бізбен кездестіңіз. Ол кезде қатарымыз аз еді, елу-ақ адам болдық. Ал қазір біз арман-мұраты айқындалған қозғалысқа айналдық. Ата-анасына, достарына, жұмыс беруші мен мемлекетке, яғни ешкімге жалтақтамай, өз күнін өзі көретін Қазақстанның бір буынын қалыптастыруды қалаймыз. Сол үшін жұмыс істейміз, – деді "Жаңа адамдар" қозғалысының жетекшісі Әсел Бәденова.

"Жаңа адамдар" жастар қозғалысының форумына қатысушылар. Астана, 8 ақпан, 2025 жыл.
"Жаңа адамдар" жастар қозғалысының форумына қатысушылар. Астана, 8 ақпан, 2025 жыл.

Қозғалыс жетекшісі айтқандай, президент Тоқаев "Жаңа адамдар" қозғалысының мүшелерімен осыдан екі жарым жыл бұрын, 2022 жылғы қарашада да кездескен. Сол кезде қозғалыстың жаңадан ашылған кампусына барып, бір топ жаспен сөйлескен және оларды қолдайтынын айтқан.

ҚОЗҒАЛЫС ҚАЛАЙ ТАНЫЛДЫ?

15 мыңға жуық мүшесі бар деген "Жаңа адамдар" қозғалысы түрлі іс-шаралар өткізіп жүр. Әдетте Қазақстанда азаматтық белсенділер әлдебір шара өткізуге биліктен рұқсат ала алмай әуре-сарсаңға түссе, бұл қозғалыстың үлкенді-кішілі іс-шарасына жергілікті әкімдіктер кедергі жасамайды. Осы кезге дейін қозғалыс өткізген шаралардың дені – "124", "Жоқ!", "Тұмар", "ВандализмOff", AntiTrash, "Халық қаһары", "Баланы ұрма!" деп аталатын әлеуметтік жобалар.

2023 жылғы 17 мамырда бір топ жас кемеге мініп, "Краш, туған күніңізбен!" деп плакат ұстап, Қазақстан президентін 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтаған. Көп өтпей Ақорда маңында бұл акцияны "Жаңа адамдар" қозғалысы өткізгені белгілі болды.

Былтыр 15 наурызда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Тоқаев: "Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек" деп мәлімдеген еді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Жаңа адамдар" жастар қозғалысының форумында. Астана, 8 ақпан, 2025 жыл. Ақорданың ресми телеграм-арнасындағы фото (t.me/aqorda_resmi)
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Жаңа адамдар" жастар қозғалысының форумында. Астана, 8 ақпан, 2025 жыл. Ақорданың ресми телеграм-арнасындағы фото (t.me/aqorda_resmi)

Президент аузынан шыққан елтаңбаны өзгерту ұсынысын содан бірер ай бұрын "Жаңа адамдар" қозғалысы көтерген. Олар "сауалнама өткіздік, азаматтардың 70 пайызы елтаңбаны тани алмады" деп мәлімдеме жасаған. Бұл ұсынысты қоғамда қолдағандар аз болды да, кейін күн тәртібінен алынып тасталды.

Ұйымның "124" деген науқаны. Ұйым мүшелері жасөспірімдермен әлеуметтік желіде танысып, жүздескісі келген азаматтарды анықтайды. Олар 10-12 жасар баланың профилін құрып, арнайы чатта хат алмасып, орын белгілейді. Бірақ кездесуге келген адамды жеткіншек емес, бір топ белсенді күтіп алады. Кей жағдайда оқиға орнына полиция келіп, ұйым өкілдері "ұстап берген" адамды алып кетеді.

Сондай-ақ "Жаңа адамдардың" балаларға темекі не насыбай сатқан дүкендерді әшкерелейтін "СтопTox" акциясы және жасөспірімдерге арақ-шарап саудалағандарды, мерзімі өткен, бүлінген азық-түлік пен тауар сатқан дүкендерді анықтайтын шаралары да бар.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) "Жаңа адамдар" жастар қозғалысының форумында. Астана, 8 ақпан, 2025 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) "Жаңа адамдар" жастар қозғалысының форумында. Астана, 8 ақпан, 2025 жыл.

Бұдан бөлек ұйымның тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа, харассментке қарсы, қоғамдық орындардағы заңсыздықты әшкерелейтін жобалары тұрақты жұмыс істейді. Елдегі оқыс оқиғалардан да тыс қалмайды. Су тасқыны, орман өрті сынды төтенше жағдай кезінде жергілікті биліктің жанынан табылады.

Қозғалыс белсенділері Астанадағы көп қабатты үйлердің маңын қоқыс алаңына айналдыруға септесті деген Есіл аудандық әкімдігіне деген акция арнаған. Олар әр жерде шашылып жатқан қалдықтан әкім орынбасарының портретін салып, арт-инсталяция жасаған.

Бұдан бөлек ұйым азаматтық, әлеуметтік мәселелерге байланысты ондаған шара, форум өткізген. Солардың ең ірісі – "Қазақстан – бар ғұмырым" деген конвент-форум. "Жаңа адамдар" өткізген бұл шараға 7 мың адам қатысып, гала-концертте танымал әншілер өнер көрсеткен.

ҰЙЫМНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ КІМ?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа Қазақстан" идеясымен атауы үндес "Жаңа адамдар" жастар қозғалысы 2022 жылғы 22 желтоқсанда ресми тіркелген. Бірақ тіркелмей тұрып президент Тоқаевтың "батасын" алған. Президенттің ұйым белсенділерімен алғашқы кездесуі содан бір ай бұрын өткен.

"Egov" порталындағы құжатқа сүйенсек, қозғалыстың 10 құрылтайшысы бар. Барлығы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы осы ұйымның белсендісі ретінде танылған. Ұйымның негізін қалаушылардың бірі әрі жетекшісі – Әсел Бәденова.

"Жаңа адамдар" қозғалысының жетекшісі Әсел Бәденова форумда сөйлеп тұр. Астана, 8 ақпан 2025 жыл.
"Жаңа адамдар" қозғалысының жетекшісі Әсел Бәденова форумда сөйлеп тұр. Астана, 8 ақпан 2025 жыл.

Әсел Бәденова 2020-2022 жылдары Шығыс Қазақстан облысына энергия тарататын "Біріккен энергосервистік компания" деген кәсіпорында баспасөз хатшысы болған. Бір қызығы бұл компания 2017 жылдың аяғында мемлекеттен жеке меншікке сатылған. Ал оны сатып алған компанияның түпкі иесі "Kazakhstan Tungsten & Molybdenum Company" деген серіктестік.

Президенттің ұлы Тимур Қасым-Жомартұлы Тоқаев "Kazakhstan Tungsten & Molybdenum Company" құрылтайшыларының бірі болған. Ал президенттің жиені Мұхамед Ізбастин – директорлар кеңесінің мүшесі, сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің бауыры, кәсіпкер Шалқар Нұртілеу – директорлар кеңесінің төрағасы еді. Азаттық тілшісі Әсел Бәденовадан осы аталған тұлғаларға "Жаңа адамдар" қозғалысының қандай да бір жақындығы бар ма деп сұрау үшін ұйымның кеңсесіне барды, қоңырау да шалды, бірақ сөйлесу мүмкін болмады.

"Жаңа адамдар" қозғалысының 19 қалада өкілдігі бар. Бас корпусы Астана төріндегі "ЭКСПО" кешенінде орналасқан. Журналистер мен блогерлер ғимараттың жабдықталуы қымбат екеніне жиі назар аударады. Сонымен бірге әртүрлі іс-шаралар ұйымдастыруға да аз шығынданбайды деп жазады. Дегенмен шығысы мол қоғамдық бірлестіктің қаржы көзі құпия. Мемлекеттік сатып алу порталында олардың тендер алғаны көрінбейді, сонымен бірге кірістер комитетінің сайтында қандай да бір салық төлегені туралы ақпарат жоқ. 2024 жылы блогер Арман Абдолламен сұхбат құрған Әсел Бәденова ұйымның қаржы көзі туралы былай деген:

"Қаржы көзі туралы баспа бетінде шыққан сұхбаттарымда бірнеше рет айтқанмын. Әу баста бас қосып, қозғалыс құрғанда идеямызды қағазға түсіріп, 8 беттік құжат әзірлеген едік. Қозғалысымыздың басты құжатын өзіміз манифест деп атағанбыз. Жақында сайтқа да шығарамыз. Сонымен әлгі манифесімізді көп саясаткерге, одан бөлек бизнесмендерге де тараттық. Ақыры Астананың жас бизнесмендері хабарласып, біздің интелектуал стартап, идеямызды қолдайтынын айтты".

ӘСЕМ ЖӘПІШЕВА: БҰЛ – БИЛІКТІҢ ЖОБАСЫ

"Жаңа адамдар" секілді қатарына жастарды тартып, елдегі түрлі мәселені қозғаған, билікті саяси реформаларды іске асыруға үндеген "Оян, Қазақстан" қозғалысының белсендісі, журналист Әсем Жәпішевамен жаңа ұйымның қызметі жайлы шағын сұхбат құрдық. Жәпішева бұл ұйымның артында мемлекет тұрғанын айтады.

– "Жаңа адамдар" форумын көрдіңіз бе?

"Оян, Қазақстан" қозғалысының белсендісі, журналист Әсем Жәпішева. Алматы, 2020 жылғы 31 мамыр.
"Оян, Қазақстан" қозғалысының белсендісі, журналист Әсем Жәпішева. Алматы, 2020 жылғы 31 мамыр.

– Иә, көрдім. Тоқаевтың сөйлеген сөзін, барлығын онлайн қарап отырдық. Журналист ретінде, зерттеуші ретінде жиынның қалай өтетіні маған да қызық болды.

– Қалай өтті?

– Әдеттегідей өтті. Назарбаевтың кезіндегі "Жас Отанның" және өзге де жастар ұйымдарының шараларына ұқсатып өткізді. Мәди Ахметов қатысқан жиындар секілді. Сол себепті бізді ешқалай таңғалдыра алмады.

– Өз тәжірибеңізден айтыңызшы, мыңдаған адамның басын қосып, қозғалыс құру және осындай іс-шара ұйымдастыру қаншалық қиын немесе оңай?

– Әкімшілік ресурстарды, мемлекет бюджетін пайдалана отырып мұндай жиын өткізу, әрине, оңайырақ. "Оян, Қазақстанның" немесе Қазақстандағы басқа тәуелсіз ұйымдардың ондай ресурстары жоқ. Өзіңіз айтып отырсыз, 15 мың адам қатысқан, әр өңірде офистері бар. Адамдардың барлығын ұшақпен, пойызбен алып келген. Соған қарағанда бұл шараның бюджеті, әкімшілік ресурстары үлкен болған.

– Бұл қозғалыстың артында кім тұруы мүмкін? Шынымен де мемлекет тұруы мүмкін бе? Қалай ойлайсыз?

– Оған ешқандай күмән жоқ. Бұл – 100 пайыз мемлекеттік ұйым. Мұны тек шараның ұйымдастырылуына байланысты ғана айтып отырған жоқпын. Астанада отырған кеңсесі "ЭКСПО-ның" ішінде. Ал "ЭКСПО" кімдікі? Мемлекеттікі. Бұл ұйымға басшы қылып қойған қыз да бұрын мемлекеттік салада жұмыс істеген. Тоқаевтың, мемлекеттік [кеңесші] Ерлан Кариннің қолдауы тағы бар.

– Қозғалыстың жетекшісі "Артымызда жеке кәсіпкерлер тұр" дейді. Сенесіз бе?

– Сенгенде, бұл да қазіргі мемлекет саясатының тетігі ғой. Кәсіпкерлер қаржыландырады деген күннің өзінде ол кәсіпкерлерге қаржыландыру туралы бұйрықты кім береді? Сол жағын да ойлану керек. Кәсіпкерлер өздігінен барып, кез келген ұйымды қаржыландыра алмайды. Сөйтетін болса, ол кәсіпкерді ертеңіне-ақ жауып тастайды.

– Ақорданың баспасөз қызметі таратқан фото-суреттерде сол форумда кілең жастар жиналған. Олардың бәрі жадырап, күліп, көңілді отырғаны көрініп тұр. Шын мәнінде талапты, білімді жастар өз еріктерімен қосылған, болашағынан зор үміт күттіретін қозғалыс деп ойламайсыз ба?

– Солай болса, жақсы болар еді. Бірақ біз мұндай шараларға қатысқан талай студентпен сөйлескенбіз, өзімізді де студент кезімізде талай рет шақырған. Ондай шараға студенттерді қалай жинайтынын білеміз. Студенттерге сондай шараларға барып, күлімсіреп отыруды бұйырады. Ол жерге олардың сүйікті әртістерін де шақырады. "Жаңа адамдар" ұйымының ішінде бірде-бір студенттің өздігінен шығып: "Иә, мен осы ұйымды қолдаймын, бұл ұйымның мақсаты осындай" деп айтқанын көрмедік. Студенттердің қазіргі саяси белсенділігі өте төмен. Мыңдаған адам жүрген шараға өздігінен қатысты дегенге сенбеймін.

– Президент: "Осы жерге жиналған білімпаз, отаншыл жастар мәслихаттың немесе парламенттің құрамына кіретініне, тіпті үкіметте жұмыс істейтініне кәміл сенемін" деді. Осы сәтте Ресейде 2020 жылы пайда болған "Новые люди" деген партия еске түседі. Олардың құрамында да студент жастар көп болды. Олар кейін партияға айналған соң, Ресей мемлекеттік думасына өтті. Жаңылмасам қазір думада 13 адамы бар. Тіпті 2024 жылы президент сайлауына да кандидат қатыстырды. Қазақстандық осы "Жаңа адамдар" қозғалысы кейін партияға айналып, Ресейдің "Новые люди" партиясының жолымен жүруі мүмкін бе?

– Ол дәл сол үшін құрылған. Жастарды тартып жатырмыз дегенді көрсету үшін құрылған ұйым. Бұлар Қаңтардан (2022 жылы көп адам қаза тапқан оқиға - ред.) кейін екі ұйым құрды ғой: "Дала қырандары" және "Жаңа адамдар". Екеуі бірлесіп немесе басқаша жолмен партия құрып, парламентке, үкіметке кіретініне күмәнім жоқ.

– Сіз бұл сөзді сеніммен айтып отырсыз. Қандай да дәлеліңіз, инсайд ақпаратыңыз бар ма?

– Инсайд ақпарат бар, бірақ инсайдтардан да бөлек мұны саяси технологиядан да көруге болады. Жаңа өзіңіз айтып отырсыз, 15 мың адам қатысқан шара, Тоқаев олардың парламентке, үкіметке баратынына сенімді. Саясатта біраз жыл жүргеннен кейін ,мұның қалай жұмыс істейтінін түсіне бастайсың ғой.

– "Оян, Қазақстан" қозғалысы алдағы саяси науқандар жақындаған тұста белсенділікті күшейтіп, парламенттен орын алуға жоспар құрып отырған жоқ па?

– Бар болған күннің өзінде қазіргі Қазақстанда ондай жоспарды жүзеге асыру мүмкін емес. Партия құрамын деген азамат келесі күні-ақ түрмеге отырғызылады. Оны Жанболат Мамайдың, "Алға партиясының", Марат Жыланбаев сияқты азаматтардың кейстерінен көруге болады. Қазақстанда қазір тәуелсіз партия құрамын, парламентке сайлауға түсемін деген азаматтардың барлығы қамауда отыр.

Екінші мәселе, "Оян, Қазақстан" қозғалысының құрылуының ең басты себебі – саяси реформаларды талап ету. Біз мұны билікті қолымызға алып, парламентке отыру үшін құрған жоқпыз. Қазақстанда түбегейлі саяси реформалар өтіп, тек қана біздің қозғалыстың емес, барлық қазақстандықтардың саясатқа тікелей араласуына жол ашуын талап ету үшін құрылған ұйым.

Менің ойымша, қазіргі кезде сайлауға түсудің өзі, партия құрамын деп айтудың өзі – сол авторитар биліктің құрған ережелерімен ойнау. Ол енді – ұтылыс стратегиясы. Қазір бәріміз бірігіп, оның орнына саяси реформаларды талап етуіміз керек. Сол арқылы ғана біз нағыз тәуелсіз парламентке қол жеткізе аламыз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG